Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясында Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен эстрадалық-симфониялық оркестрінің “Гармония” атты концерті өтті. Кеште халық әндері, қазақ композиторларының шығармаларымен бірге әлемдік опералар мен мюзиклдерден үзінділер орындалды. Сахнаның шымылдығы халық аспаптар оркестрінің орындауындағы Шарль Гуноның “Фауст” операсының үзіндісімен ашылса, “Назқоңыр” халық әнін шырқаған филармония солисі Ғалымжан Нұрпейісов керемет көңіл-күй толқынын жалғап әкетті.
– Мұнда келген көрермен қауым дәстүрлі ән, халық әні, әлемдік классика туындыларынан ләззат алады. Халықты қуанышқа бөлеу – өнер иесінің міндеті. Жұмыс аптасынан шаршаған елге рухани демалыс сыйлау біздің әдетімізге айналған десек те болады. Дегенмен, әр концертте сахнаға шыққан сайын толқуымыз бен жауапкершілігіміз азайған емес, – дейді дәстүрлі әнші Жанат Айтбаев.
Шынар МҰСТАПИНА.