Өнер – адамға берілген Алланың ең үлкен сыйы. Өңірімізде ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – Шари Сабақұлы.
Ел егемендігін алған тұста халықтың тұрмыс жағдайын айтпағанда, тұралап қалған салаларды көтеру жеңіл болмады. Қай салада болмасын кәсіби мамандардың тапшылығы айқын сезілді. Бүгінде, жағдай түзеліп, білікті мамандардың қатары қалыңдай түсті. Сондықтан қазіргі уақытты бұрынғы кезбен салыстыруға келмейді. Өнердің өрісін кеңейтіп, өнерпаздардың шығармашылығын шыңдау үшін бүгінде барлық мүмкіндік бар. Азат елдің абыройын көтеру үшін ата-бабасының кіндік қаны тамған жерге оралған Шари Сабақұлы ауданымыздың мәдениет саласына соны леп әкелді десек, қателесе қоймаспыз.
1969 жылы Қытайда дүниеге келген ол Шыңжаң өнер академиясында білім алған. Ата-анасы алты ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген. Әкесі Сабақ Жабашұлы өз заманында күміс көмей, жез таңдай әнші болған. Ал үлкен ағасы Шәріпхан күйші-домбырашы, тағы бір ағасы Сейітхан әнші ретінде көптің ыстық ықыласына бөленген. Осындай өнерпаз әулеттен шыққан Шари Сабақұлының басқа саланы таңдауы мүмкін емес еді. Бірақ бауырларына қарағанда тек оның ғана өнерде жолы болған сыңайлы. Еңбек әліппесін Қытайда бастаған ол Шиямин қаласындағы ән-би үйірмесінің әншісі ретінде шығармашылығын шыңдап, көрермендердің көзайымына айналды. Одан кейін Алтай ән-би үйірмесінде, Үрімжі қаласындағы “Дарбаза” ұлттық театрында жұмыс істеді.
Өнердегі жетістіктері туралы да ауыз толтырып айтуға болады. Қытайда өткен көптеген байқаулардың жүлдегері. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында өнер көрсетіп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының марапатын иеленген.
2011 жылы атамекенге оралған соң да, өзінің шын жүйрік екенін дәлелдеумен келеді. Туған жермен сағына қауышып, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Ғафиз Есімовтің сыныбында дәріс алды. Талай бәйгеде топ жарып, сында сүрінген кезі болған жоқ. Атырау қаласында өткен Ілия Жақанов атындағы халықаралық байқауда үздік орындаушы атанды. Одан әрі ән Меккесі – Көкшетаудағы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында жұмыс істеп, кейін Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға ат басын бұрды.
Бүгінде ол – аудандық Мәдениет үйінің әншісі. Осы орайда мемлекет тарапынан Қазақстанға көшіп келген қандастарымызға барынша қолдау көрсетілетінін айтқан жөн. Ол үкіметтің қолдауымен баспанаға қол жеткізді. Ауданға келген аз уақыттың ішінде облыстық фестивальдер мен байқауларда, өнер додаларында бірталай жетістіктерге жетті. Астана қаласында өткен “Қасиетті қазақ елі” атты халықаралық өнер фестивалінде өңір намысын қорғады.
Өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленген Шари Сабақұлы – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Дәстүрлі әнші, жыршы, термеші ғана емес, оның сазгерлігі де бір төбе. Тамаша туындыларды дүниеге әкеліп, тыңдаушылардың таңдайын қақтырған өнерпаз Сарыарқаның төсін ән мен жырға бөлеп жүр.
Жақында оның “Тәуелсіз Қазақстан” атты ән кеші өтіп, аудан тұрғындарының жүрегін жырға, көңілін нұрға бөледі. Үкілі Ыбырайдың “Гәккуін” әуелете шырқаған өнерпаздың әуезді үні тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Сағыныш ОРАЗБЕКОВА, журналист.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.