Бүгінгі таңда облыстық ішкі істер департаментіндегі есепте 8 соғыс ардагері тұр. Тәуелсіздік күні қарсаңында олар құрмет пен қошеметке бөленді.
99 жастағы тыл еңбеккері Джура Кобелев Өзбекстанның тумасы екен. 17 жасында Қызыл Армия қатарына шақырылып, майдан даласына аттанады. Бірқатар қанды ұрыстарға қатысып, ауыр жарақат алады. Одан кейін денсаулығына байланысты соғыс кезінде Петропавл қаласының ішкі істер органдарына қызметке қабылданып, зейнет жасына дейін полиция қызметкері болып аянбай, еңбек етті.
Өңірдің бас полицейі Берік Біләлов Мырзахановтар әулетінің отағасы Шаяхметтің де үйіне ат басын бұрып, еліміздің ең ұлық мерекесімен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.
Бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен Шаяхмет Мырзаханов Ұлы Жеңісті Чехословакияда қарсы алған екен. Соғыстан кейін, бейбіт уақытта ішкі істер органдарында қызмет атқарды. Құрметті зейнет демалысына полиция подполковнигі шенінде шығып, есімі – Қазақ КСР ІІМ-нің Құрмет кітабына жазылған.
Ішкі істер органдарының ақсақалдары өздерін ұмытпай әрдайым құрмет көрсететін ізбасарларына ризашылықтарын білдірді.