«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘРІПТЕСТЕРІНЕ ҮЛГІ

Азаматтар мен заңды тұлғалар, мемлекет пен жеке адамдар арасындағы дауды сот шешетіні белгілі. Бұл орайда соттағы басты тұлға – судьяларға артылатын жауапкершілік жүгі ауыр. Өңіріміз сот жүйесін таңдаған жолында әділ сөзін айтып, абыройлы еңбек етіп жүрген судьялардан кенде емес. Солардың бірі – облыстық соттың судьясы Рабиға Қоқанова.

Биік белестерден көрініп жүрген тәжірибелі маман 1978 жылы Свердловск заң институтын тамамдаған. Еңбек жолын Мамлют ауданы прокурорының көмекшісі қызметінен бастаған ол бүгінгі атқарып отырған қызметіне дейін көтерілген. Рабиға Нұржанқызының жұмысқа деген ынтасы, жауапкершілік пен адалдық қасиеттері оның мансаптық дәрежесінің өрлей беруіне жол ашқаны сөзсіз. “Қазақстан Конституциясына 10 жыл”, “Қазақстан Конституциясына 20 жыл” мерекелік медальдарымен марапатталуы, “2010 жылғы облыстың үздік судьясы” атағын иеленуі Рабиға Нұржанқызының өз ісіне адал, мамандығын сүйетінін, ең бастысы, әділ сот орнатуда жауапкершілігі мол тұлға екендігін көрсетеді. Әріптестері де беткеұстар судьяның еңбегін елеуді бір сәтке де естен шығарған емес. 2012 жылы оған Қазақстан Республикасы Судьялар одағының “Үш би” құрмет белгісі табысталды.

– Судья – халық қызметшісі, заң қорғаны, әлеуметтік теңдіктің кепілі. Біз, судьялар қауымы осыны бір сәт те естен шығармауымыз керек. Судьяның әділ төрелігі ғана емес, оның адамгершілік бітім-болмысы да жұрт көңілінен шығуы тиіс, – дейді Рабиға Қоқанова.

Судья деген құрметті атаққа лайық жан ақ пен қараны айыра алатын, әділдікті көре білетін, шыншыл адам болуы тиіс деген кәсіби ұстанымынан бір айнып көрмеген Рабиға Нұржанқызы сынды судьяларға халықтың сенімі арта бермек.

Расында да, судьялар үшін ел сенімінен артық ештеңе жоқ. Қазақтың жері мен елін сыртқы жаудан, іштегі даудан қорғап, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын және елдің тұтастығын сақтап қалуда өлшеусіз үлес қосқан билеріміз бен батырларымыз қаншама?! Бүгінгі судьялар солардың сара жолын жалғап келеді. Елдің мұңын, бидің жүгін көтеріп, қазы болу бүгінгі күні үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әділдіктің ақ туын биік ұстау, халықтың үдесінен шыға білу – олар үшін үлкен парыз.

Дәурен ҚАЙРАТҰЛЫ,

облыстық кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp