Өңірге жұмыс сапарымен келген Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құтқару және іздеу шараларына арналған алғашқы әмбебап кешеннің ашылуына қатысты. Жаңа нысан Пестрое көлінің жағасында Тепличное ауылының маңында орналасқан. Жаңа кешенде құтқарушылардың апаттық жағдай кезінде жедел әрекет етуіне барлық мүмкіндік жасалған. Кешен заманауи жабдықтармен және техникамен жабдықталған.
«Су тасқыны кезінде жедел- құтқару жасағы адамдарды құтқару бойынша маңызды міндетті атқарады. Енді төтенше оқиғаларға дайындық деңгейі айтарлықтай өсіп, әрекет ету уақыты қысқарады және көмек көрсету сапасы жақсарады», – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов осыған дейін құтқару бөлімшесінің өз ғимараты, базасы болмағанын, ал жаңа нысанда мамандарға барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
Министр құтқарушыларға жаңа кешеннің кілтін табыс етті. Сондай-ақ іс-шара барысында ведомствоның бірқатар қызметкерінің, апаттар медицинасы орталығының әскери қызметшілері мен дәрігерлерінің еңбегі елеусіз қалмады. Олар грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталды. 2024 жылы ғана өңір құтқарушылары 2 мыңға жуық шақыртуға шығып, 127 азаматтың өмірін сақтап қалған.
Облыс әкімі мен министр жаңа нысанның ішін аралап, кешен аумағына қарағай көшеттерін отырғызды. Модульдік типтегі ғимараттың аумағында кезекші ауысым бөлмесі, спорт зал, техника мен жүзу құралдарына арналған гараждар, жөндеу блогы және оқу сыныбы орналасқан.
Жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен ведомствоның жедел тобы облыстық әкімдікте іске қосылған «Ахуалдық орталық» қанатқақты жобасының мүмкіндіктерімен де танысты. Қазір бұл жүйеге су басу қаупі басым 7 аудан және Петропавл қаласы қосылған.
«Ахуалдық орталық» соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықталған. Бұл жерден су басу қаупі жоғары аудандардағы жағдайды дрон арқылы бақылауға мүмкіндік бар.
«Су басқан үйлер, зардап шеккендер мен эвакуацияланған адамдар, жолдардың жағдайлары жайлы ақпарат бірден осы жерге түсіп отырады», – дейді облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев. Ақпараттар үш сағат сайын автоматты түрде 8 дронның бейнебақылау есептері арқылы жаңарып отырады.
«Су тасқынының алдын алу жұмыстарын бір күнге де тоқтатқан жоқпыз. Новоникольское, Заречный, Соколовка елді мекендеріндегі барлық айналма каналдар дайын. Бөгеттер жаңа жылға дейін тұрғызылды. Қазіргі күні оларға полипропилен жабындыларын төсеу, қала маңындағы бөгетті бетон плиталармен нығайту жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 6 млрд. 800 млн. теңге, «Демеу» қоры арқылы тағы 1 млрд. 600 млн. теңге қаржы бөлінген болатын, ол толығымен игерілді», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының мамандары сырттан келетін су көлемі ұлғаймаса, Сергеев су қоймасындағы биылғы су мөлшері өткен жылғыдан төмен болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.
Сондай-ақ министр облыс орталығындағы Ущев көшесі мен Прибрежное ауылындағы бөгеттерді нығайту барысын, Новоникольское ауылындағы өрт сөндіру бекетінің жай-күйін көрді. Новоникольское елді мекенінде ерікті құтқарушылардан жасақталған өрт сөндіру бекеті «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің базасында орналасқан.
«Бізде жеті елді мекен бар. Төтенше жағдай орын алса, кезекші бірден аудандық өрт сөндіру бөліміне хабарлап, өздері дереу оқиға орнына шығады. Ауылдардың барлығында жол бар. Өрт сөндіру көліктері онда еш кедергісіз жетеді», – деді «Зенченко» ЖШС-ның директоры Иван Зенченко.
Бекетте тәулік бойына кезекшілік атқарылады. Нысан бір өрт сөндіру көлігі және төтенше жағдайлардың алдын алуға қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмыс тобы Аққайың ауданында орналасқан №9 өрт сөндіру бөлімінде де болды. Қазіргі күні бұл жерде 26 адам еңбек етуде. 5 арнайы техника бар. Алайда қолданыстағы екі ғимарат та ескірген. Бірі 1966 жылы салынса, екіншісі 1984 жылы қолданысқа берілген. Аудан әкімі Жанар Құсайын министрлік өкілдерін өрт сөндіру бөліміне жаңа ғимарат салу жайындағы сызбамен таныстырды. Блокты-модульден тұрғызылатын нысанның құны 1 млрд. 600 млн. теңгеден асады. Онда гараж, жұмыс кабинеттері мен жатын бөлмелерден бөлек жаттығу залы, футбол алаңы бар. Нысанның материалдық- техникалық базасымен танысқан Шыңғыс Әрінов жаңа жобаны қаржыландыру мәселесі шешілетіндігін айтты.
* * *
Демалыс күндері облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тасқынға дайындық жұмыстарын тексерді. Өңір басшысы ең алдымен Қызылжар ауданындағы Тепличное ауылына барып, мұндағы нығайтылып жатқан бөгеттің сапасын тексерді. Елді мекендегі қорғаныс үйіндісінің ұзындығы – 5 шақырым, биіктігі 4 метрді құрайды. Ғауез Торсанұлы жергілікті әкімдік өкілдеріне су тасқынының алдын алу жұмыстарына жүрдім- бардым қарауға болмайтынын жеткізді.
«Бөгеттерді нығайту жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Осы арқылы жүздеген отбасыны апаттан аман алып қаламыз. Елді мекеннің су астында қалу- қалмауы қорғаныс үйіндісіне байланысты. Былтырғы тасқын бәрімізге сабақ болды деп ойлаймын. Маңызды істі дұрыс атқармағандар жауапқа тартылатын болады», – деді өңір басшысы.
Тепличное ауылындағы бөгетті нығайту жұмыстарымен жергілікті және қарағандылық әскерилер айналысып жатыр. Маңызды істі атқаруға 8 тегеурінді техника жұмылдырылған. Бұл елді мекенде өткен жылы 400-ге жуық үй су астында қалған. Егер қорғаныс үйіндісі сапалы жасалса, былтырғы жағдай қайталанбайтыны сөзсіз.
«Әскерилер қиын-қыстау кезеңде халықтан көмегін аяған емес. Олардың атқарып жатқан істері ерлікпен пара-пар. Сарбаздар күннің суығына қарамастан аянбай еңбек етіп жатыр. Сондықтан әскерилерді керекті заттардың барлығымен қамтамасыз етіңіздер», – деген облыс әкімі сарбаздармен сөйлесіп, хал-жағдайларын сұрады. Қызылжар ауданының әкімі Сақтаған Сәдуақасов әскерилер жатын жайлы орынмен және 3 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілгенін жеткізді.
Ал Петропавлдағы Ойқала шағынауданындағы Ущев көшесіндегі бөгеттің биіктігі 10 метрге жуықтайды. Мұндағы бөгетке бетон плиталары төселген. Былтыр бұл шағынаудан толығымен су астында қалғанын ескерсек, жауапты істің сапалы атқарылғаны аса маңызды. Облыс әкімі Былғары зауыты кентіндегі салынып жатқан бөгеттің құрылысымен де танысты. Мұндағы бөгетке де бетон плиталар төселген. Қазіргі таңда оларды нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Маңызды жұмыс ақпанның 25-і күні басталды. Жауапты серіктестік жұмысшылары мерекеге қарамастан еңбек етіп жатыр. Себебі қауырт кезең алдында әр минут, әр секунд қымбат. Маңызды нысанның құрылысы айдың соңына дейін аяқталады. Ғауез Торсанұлы бөгеттерді тексеру барысында мердігерлерге жұмысты уақытылы аяқтауды тапсырып, тұрғындардың амандығы мен қауіпсіздігін сақтау – басты міндет екенін айтты.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».