Қорғаныс істері жөніндегі департаментте әскерге шақырылушыларды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Шараға жастардың туған-туыстары, департаменттің қызметкерлері және Қарулы Күштер ардагерлері қатысты.
Жиында сөз алған қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Еркінбек Байболов болашақ жас сарбаздарды құттықтап, солтүстікқазақстандық өрендердің әскери борыштарын абыройлы атқаратындықтарына сенім білдірді. Сондай-ақ, жастар арасында отансүйгіштікті тәрбиелеудің маңыздылығын тілге тиек еткен ол күзгі әскерге шақыру науқанында Қарулы Күштер қатарына облыстан 600-ден астам жастың аттанатынан құлағдар етті.
Содан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов пен Ауған соғысының ардагері Петр Цвингер әскерге аттанғалы тұрған бозбалаларға ақ тілектерін арнап, олардың ата-аналарына, қорғаныс істері жөніндегі департамент басшылығына ризашылықтарын білдірді. Ал жас сарбаздардың атынан сөз алған Нұрбек Әйтеков өз кезегінде әскери қызметті абыроймен өтеу үшін бар күш-жігерлерін салуға уәде берді.
Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Мақсат Мұқановтың айтуынша, бұл жолы әскер қатарына іріктелген 50 сарбаз Жамбыл облысының Гвардейск қалашығындағы №30212 әскери бөлімге аттанбақ. Арнайы оқу орталығында үш айлық дайындық курсынан өткен соң олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне жөнелтіледі. Басшының сөзіне қарағанда, әскери қызметке жаңадан қабылданғандарды жөнелту жоспарына сәйкес жыл соңына дейін өңірімізден әскер қатарына алынатын жастардың саны 1200-ге жетпек. Әскерге шақырылушылар әскери міндеттерін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, Ұлттық ұланда, ҰҚК-нің шекара қызметінде, республика аумағындағы төтенше жағдайлар бойынша әскери бөлімдерде қызметтерін өтейтін болады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.