1973 жылы пайдалануға берілген Петропавл халықаралық әуежайы алаңына “Ту-154”, “Ил-76”, “Ту-134”, “Ил-18”, “Як-40” сияқты ұшақтар, тіпті салмағы 190 тоннаға дейінгі әуе лайнерлерінің қонуға мүмкіндігі бар. Алайда бүгінде Алматы мен Астанадан келетін екі рейсті ғана қабылдаумен шектеліп отыр. 2019 жылдың күзінде жоспарланған Ресейдің Омбы, Түмен, Мәскеу қалалары және Мысыр мен БАӘ курорттарына қатынайтын рейстер сөз жүзінде ғана орындалыпты. Сол кездегі “Петропавл халықаралық әуежайы” акционерлік қоғамының президенті Виктор Шевелев жолаушылар залы, ұшып-қону алаңдары, жылу жүйесі, тексеру құрылғылары қалпына келтіріледі деп қанша сендіргенімен, жөндеу жұмыстары шала-шарпы атқарылған. Осыдан кейін республикалық авиация әкімшілігі әуежайдың жарамдылық сертификатын тоқтату туралы шешім қабылдайды. Көлік прокурорлары әуежайда 19 рет тексеру жүргізіп, екі жүздей кемшілік тапқан. Атап айтқанда, техникалық ережелер өрескел бұзылған, ұшақтардың ұшып-қону алаңы стандарттарға сәйкес келмеген, өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Негізгі акционер “Altyn Estate” серіктестігі олқылықтарды түземек түгіл саусағын да қимылдатпапты. Соның салдарынан 150-ге жуық жұмысшының жалақыларының бірнеше айдан бері төленбегені белгілі болып, заң орындарының араласуымен ғана 18,8 млн. теңге берешек өндіріліп алынған. Аталмыш істі қараған мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот әуежайды бір жылға жабу жөнінде шешім шығарған еді.
Кәсіпорынның басына үйірілген қара бұлт сейілудің орнына қоюлана түсіп, оның ақыры банкроттыққа ұрындырды. Күніне небәрі бір рет қана ұшақ қабылдайтын нысанды күтіп-ұстау тиімсіз болғандықтан, ешқандай инвестор қызығушылық танытпаған. Бірнеше рет сатылымға қойылып, ешкім аукционға қатыспағандықтан, тендер кейінге қалдырылған. Әуежайды облыс әкімдігі амалсыздан өз балансына алды. Былтыр наурыз айынан бері өткізілген үш конкурста сатып алушы табылмағандықтан, 5,6 млрд. теңгеге бағаланған мемлекеттік мүлік сату ережесі бойынша екі есеге арзандатылған. Қазіргі иесі “Қызылжар халықаралық әуежай” ЖШС болып табылады.
Әуежайдың жағдайы әлі де мүшкіл. Қашан оңаларын серіктестік директоры Уәлихан Жылыспаев та тап басып айта алмады. Ол жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
“Әуежай сатып алу шартымен бес жылға сенімгерлік басқаруға беріліп отыр, яғни осы уақытқа дейін мемлекеттің иелігінде қала береді. Қазір бізге қойылып отырған басты талаптар – авиатасымалдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаржылық жағынан тұрақтандыру, нысанға тиісті күтім жасау. Бұл мақсаттар үшін 2,8 млрд. теңге бөлінді. Алайда бұл қаражат жеткіліксіз, қосымша 1,2 млрд. теңге қажет. Күрмеуі қиын мәселе – жанар-жағармай материалдары кешенін жаңғырту. Атқаратын шаруа шаш-етектен. Бәрінің шешімі қаржыға келіп тірелуде”, – деді Уәлихан Әуезханұлы.
Қазіргі таңда әуежай штаттық режімде жұмыс істегенімен, ұшақтар Петропавл – Астана және Петропавл – Алматы бағыттарына ғана қатынайды. Түркістан, Шымкент, Ресей бағытында ұшыру белгіленгенмен, оның қашан жүзеге асары белгісіз. Санкцияларға байланысты Түмен, Санкт-Петербург қалаларына ұшу келісімі кейінге қалдырылған.
Мұнда бүгінде 135-ке жуық адам жұмыс істеуде. Олардың қатарында 14 жыл бойы зейнетақы қорына аударған жарналары қайда кеткенін біле алмай жүргендер бар.
Серіктестік басшысының айтуынша, бүгінгі таңда халықаралық рейстерді қабылдау және оларды авиаотынмен толықтыру жұмыстарына сертификат алу шаралары қолға алынған. Конкурстарға қатысу мақсатымен 850 млн. теңге жарна төленген. Ең күрделісі, әуежайдың ұшақтарға жергілікті жерде жанармай құю мүмкіндігі жоқ. Өйткені жанармай сақтайтын орын мен арнайы зертхананы қайта жаңарту қажет. Сұйық отын құятын станция ретке келтірілмей, ұшақтардың санын көбейту мүмкін емес. Екіншіден, білікті, тәжірибелі кадрлар жетіспейді. Әсіресе ұшақты ұшырып, қондыра алатын аэродром қызметкерлері тапшы. Үшіншіден, әуежайда сигнал жабдығы орнатылмағандықтан, ұшақтарды тек күндіз ғана қабылдай алады.
Қазақтілді мамандар да қасқалдақтың қанындай таптырмайтындықтан, хабарландырулар тек орыс тілінде ғана айтылады. Уәлихан Әуезханұлы он екіде бір нұсқасы жоқ анықтама жүйесі қалпына келтірілгеннен кейін хабарландырулардың екі тілде жүргізілетініне сендірді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.