Биыл Серік екеуміздің жүрек жарастырғанымызға – 30 жыл. Бүгінде тоқсанның төріне көтеріліп отырған Қамаш анаммен сол күннен бері бір шаңырақ астында түтін түтетіп келеміз. Қазақ әйеліне тән қарапайымдылық, кішіпейілділік пен биязылықты тұла бойына тоғыстырған ол кісіні мен ел анасына теңер едім. Үйелменді- сүйелменді Қайыркен, Әйгерім, Айзере деген ұл-қызымызды тілдері былдырлай шыққаннан бауырына басып, мәпелеп өсірді.
Қазыналы қариямыздың қызығы мен қиындығы қатар өрбіген өмір белестері жайлы сырлары «Өткен күндер елесі», «Өмір деген – кездесу мен қоштасу» деген естелік кітапшаларында байыппен баяндалған. Қос жинақты және жастайынан оқуға құмар «Soltüstık Qazaqstan» газетінің тігінділерін жеке архивінен ойда-жоқта кезіктірмегенде қарапайым тілмен жазылған көркем дүниелерінен бейхабар болар ма едім? Жүрек түкпірінде тербетілген сағыныш сезімдері ақ қағаз бетіне жыр шумақтар болып төгіліп, адам жанын ажарландырады.
Бірде емен-жарқын әңгіме үстінде: «Туысқандарыңыз Қайырбай атамызды менсінбей, амалсыздан жездесі екеуі сізді қазақтың салтымен алып қашқаны рас па?» – деп сұрап қалдым. Анамыз бірауық үнсіз отырды да, «айтпасыма қоймадың-ау» дегендей маған бұрыла қарады. Шешіле сөйлеп, өткен күндерді көз алдыма елестетті. «1953 жылы арман қуып Алматыға бардым. Қыздар педагогикалық институтының студенті атанып, жүзіміз қуаныштан бал-бұл жайнап жүргенде бойшаң, сымбатты Қайырбаймен кездейсоқ таныстым. Зооветте оқиды екен. Тағдырдың ауыр тауқыметін аз тартпағанын кейін білдім. 5 жасында әкесі Отан қорғауға аттанып, содан қайтып оралмаған. 30 жасында шешесі жесір, апасы мен қарындасы үшеуі панасыз қалған. Бірақ жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен бекзаттық пен мәдениеттілік сезіліп тұратын. 1958 жылы туған жерімдегі Қарашілік мектебінде ұстаздық қызметте жүргенмін. Бірде жанына жездесі – өңірге белгілі журналист Есілбай Қазбековті ертіп, үйге келіп тұр. Мінезі тік, бірбеткей әкем Сыздық: «Мәпелеп өсірген жалғызымды Сібірге жібере алмаймын», – деп бірден кесіп айтқан соң «алып қашуға» келісуге тура келді. «Жақсының ашуы жібек орамал кепкенше» демекші, кейін әкеміз райынан қайтып, ақ батасын берді», – деген анамыз сол кездегі шешімінің дұрыстығын қуаттағандай маған жымия қарады.
Анамыздың туған әкесі Асқап қызын еншісі бөлінбеген, бір баланың зарын әбден тартқан інісі Сыздық пен келіні Ұмсынайдың атына жаздыртқанын кейін білдім. Содан үш жасынан бастап мұғалімдер отбасында өскен ол саналы ғұмырының 40 жылын білім беру саласына арнады. Көп жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Соның бір белгісіндей «Қазақстанның халық ағарту ісінің үздігі» атағы ерекше ыстық.
Енді мына жағдайды кездейсоқтық па әлде сәйкестік дейміз бе, қайсысына жатқызарымды білмеймін. Оған газет оқырмандары өздері баға бере жатар. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, басынан құс ұшырмай, үлкен өмірге жолдама берген Сыздық ақсақал мен Ұмсынай әжей бір шаңырақ астында жалғызсырап қалғанда енем ендігі қолқанаттарыңыз бен шаңырақ иелеріңіз осы деп екінші ұлы Қайратты бір жасында өз қолымен апарып берген. Анамыздың мәрттік мінезінің тағы бір айшықты белгісі өңірлік «Мерейлі отбасы» байқауының ақтық мәресі кезінде жарқырай көрінді.
«Келін – қайын ененің топырағынан» деп текке айтылмаған. Біз тез тіл табысып кеттік. Ақыл-кеңесін бұлжытпай орындап, өмірлік тәжірибесінен көп үйрендім. Қай жағынан болсын өзіме тартқансың деген сүйінішін жасырмайтын. Менің әке-шешем бұл отбасымен көрші тұрған, тонның іші бауындай араласқан. Менің кіндігімді Қамаштай ізетті, ибалы болсын деген ырыммен кестірген. Келінім емес, қызымсың дейтіні сондықтан. Өзі де енесімен бір шаңырақ астында 32 жыл сыйласып өткен.
Анамыз бүгінде тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек іспеттес. Марқұм атамыз екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды, бәрі жоғары білімді. Жамбыл, Қайрат, Серік әкелері аманат етіп кеткен «Жанғали» ЖШС-ның өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр. Қыздары Сапия қалада, Сәуле Сургутта тұрады. Бар тілеуі – олардан тараған 16 немере мен 25 шөберенің амандығы.
«Бақытын еңбектен және отбасыдан тапқан атаң туралы айтсам, әңгіме ұзақ. Ширек ғасырдан астам қызығымыз да, шыжығымыз да ортақ болды, бір шәй дескен жоқпыз. Адал еңбегінің арқасында «Құрмет белгісі» орденімен екі рет марапатталды. Бір кеңшарды 20 жыл үзбей басқарғаны үшін өндірістегі негізгі қорлардың он пайызына тегін ие болған өңірдегі төрт директордың бірі. Тірі болғанда ол да 90-ның сеңгіріне көтеріліп, бірге тойлап отыратын едік. Әр шаңырақтың тұтқасы, панасы боларлық ұрпақ өсіргенімізге шүкіршілік етемін», – дейді бүгінгі әулеттің ұйытқысы, ақылшысы ерекше тебіреніспен.
Әлия СӘДУАҚАСОВА.