«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘҢГІМЕ АРҚАУЫ — ДІНИ АХУАЛ

 

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Қызылжар” орталық мешітінің және аудандардың имамдарымен кездесіп, оларды Тұңғыш Президент күнімен және Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтады. Өңір басшысы бұл басқосудың халықтар достығына, ұлтаралық, дінаралық татулықтың нығая түсуіне ықпалы зор боларына сенім білдірді.

– Тәуелсіздік жылдары біздің облысымызда 30-дан астам Алла үйі – мешіттер бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Азаттықтың ширек ғасырлық мерекесі қарсаңында олардың қатары тағы екі имандылық ордасымен толықты. Аудандарда әлі де төрт мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Ал облыс орталығының 20-шы шағынауданында заманауи үлгідегі Алла үйінің салынуы өңіріміздегі мұсылман жамағаты үшін қуанышты оқиға, – деді Ерік Хамзаұлы.

Облыс әкімі бүгінгі күні қоғамға үлкен қауіп төндіріп отырған жат ағымдардың алдын алуда имамдарға зор жауапкершілік жүктелетінін атап көрсетті. Өңіріміздегі діни ахуал тұрақты болғанымен, бұл бағыттағы жұмыстарды әлсіретпеу қажеттігін тапсырды. Кездесуде Ерік Сұлтанов ауыл шаруашылығы саласын дамыту, жолдарды жөндеу бағыттарында жергілікті биліктің атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндады.

– Биыл өңір диқандары күзгі орақ науқанын табысты аяқтады. Қамбаға 5 миллион 768 мың тонна астық құйылды. Сонымен қатар, жақында бірнеше жылдан бері жұмысы тоқтап тұрған “Биохим” зауытының қайта іске қосылатынын айтып өткім келеді. Біздің облысымызда автомобиль жолдарын жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 300-ден астам ауылдардың жолдарына жөндеу жүргізілуде, – деді Ерік Хамзаұлы.

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Дүйсенбай облыс әкіміне дін саласына жанашырлық танытып, имамдармен кездесуге уақыт тапқаны үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар бүгінгі күні өңіріміздегі дін мамандарының білімін жетілдіріп отыруға ерекше көңіл бөлінетінін айтты. “Жыл басынан бері республикалық, облыстық деңгейде бірнеше семинар-конференция өткіздік. Мұндай шаралар көпэтносты Солтүстік Қазақстан өңіріндегі халықтар достығын нығайтып, тұрғындар арасында өзара түсіністікті, татулықты сақтауға ықпал етері сөзсіз, – деді Кенжетай Байкемелұлы. – Облыс имамдары ақпараттық-насихат шараларына да белсенді қатысады. Жат ағымның арбауына түсіп, аяғын шалыс басқан жазасын өтеушілер үшін аптасына бір мәрте арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде”.

Кездесуде сөз алған аудан имамдары ауылдық жерлердегі мешіттерді жылыту, оның жанынан асханалар салу, тағы басқа мәселелерді көтерді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp