«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘҢГІМЕ АРҚАУЫ – ЕКІ АУДАННЫҢ ДАМУЫ

Кеше бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың ХХVІ сессиясы өтті. Онда Солтүстік Қазақстан облысы аумағын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасының Айыртау және Шал ақын аудандарындағы орындалу барысы, 2013 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы бойынша есепті бекіту туралы, “Солтүстік Қазақстан облысының аудан орталықтары құрылысының бас жоспарлары туралы” облыстық мәслихаттың 2014 жылғы шешіміне өзгерістер енгізу туралы, 2014-2018 жылдарға арналған аудан орталықтары мен тірек ауылдық елді мекендерді дамытудың кешенді жоспарлары және ауылдық округтер орталықтарын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы және тағы басқа бірқатар мәселелер қаралды.

Сессия жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, аудандық мәслихаттардың хатшылары және облыстық ведомстволар мен ұйымдардың басшылары қатысты.

Күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе бойынша Айыртау ауданының әкімі Ағзам Тастеміров пен Шал ақын ауданының әкімі Марат Омаров баяндамалар жасады. Аудан басшылары өздеріндегі әлеуметтік-экономикалық оң өзгерістерге тоқталып, оны іске асыру мониторингінің қорытындысы бойынша жоспарлы индикаторлардың орындалу барысын сөз етті. Мысалы, Айыртау ауданындағы өнеркәсіптің жалпы облыс өнеркәсібіндегі үлесі 2,2 пайызды құрайды. 2013 жылы аудан кәсіпорындары қолданыстағы бағамен 3322,9 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімін шығарды, бұл 2012 жылғы деңгейден 11,0 пайызға жоғары. Баяндамашы аудан экономикасының барлық саласындағы жетістіктерді тілге тиек етіп, әлі де болса шешімін күтіп тұрған түйінді мәселелерді ашық айтты. Айталық, Айыртау ауданында дене шынықтыру-сауықтыру орталығы қажеттілігі сезіледі. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар 646 шақырым жолдың көпшілік бөлігіне жөндеу жүргізбей болмайды, әсіресе, Саумалкөл – Қаратал, Саумалкөл – Светлое бағытындағы жолдар дереу жөндеуді қажет етеді. Сол сияқты, ауызсу мәселесінің де толық шешілмей отырғаны айтылды. Ал, табиғат жағдайы өте қолайлы бола тұра, туризмді дамытудың ауданда әлі баяу екендігі ойлантады.

Өткен жылдан бастап Шал ақын ауданының да экономикасы жандана бастағаны байқалады. Аудан әкімінің баяндамасында айтылғандай, өнеркәсіп өнімінің көлемі ұлғая түсуде. Мысалы, ол 2012 жылғы 2670,8 млн. теңгеден 2013 жылы 3198,6 млн. теңгеге жетті. Соңғы үш жылдың ішінде 52 кәсіпкерлік нысаны ашылып, 104 жаңа жұмыс орны құрылған. Қазір шағын және орташа кәсіпкерлік саласында 1017 субъекті белсенді қызмет атқарады. Ауданда “2011 – 2015 жылдарға арналған ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” бағдарламасын жүзеге асыру барысында кейінгі үш жылда 2586 бас құнарлы ірі қара сатып алынды.

Десе де, ауданда әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің кемшін түсіп жатқан тұстары да аз емес. Айталық, 2010 жылмен салыстырғанда орташа айлық еңбекақы мөлшері 31,3 пайызға өскенімен, ол бүгінде небары 61285 теңгені құрап отыр. Ауданда жыл сайын тұрғындар саны азайып келеді, бұрын 13 мыңнан аса тұрғыны болған дардай қала аты бар Сергеевканың өзінде қазір небары 7 мыңға жетер-жетпес тұрғын қалды. Теріс көші-қон сальдосының қалыптасуы себепті түгелге жуық ауыл мектептерінде оқушыларымыз аз. Соңғы үш жылда Бағанаты, Құртай және Тельман ауылдарының бастауыш мектептері жабылып қалды.

Аудан әкімдерінің осы баяндамалары бойынша сөз алып, талқылауға қатысқан депутаттардың ішінде, әсіресе, Шал ақын ауданы тұрғындарының аманатын арқалаған Кәрібай Мұсырманның айтқаны көпшіліктің көкейінен шықты. Ол ауданда оң ілгерілеу бар болғанымен, әлі де шешімін күткен өзекті мәселелер аз емес екендігіне тоқталды. Әсіресе, Сергеевканың қала мәртебесіне сай еместігіне ерекше назар аударды.

Сессияда сонымен бірге облыстық бюджеттің атқарылуы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов есеп берді, ал оған тексеріс жүргізген облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Дулат Едресов хабарлама жасады. Сондай-ақ, облыстық бюджетке енгізілген өзгерістер туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Хасенова айтып берді. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Валерий Затай аудан орталықтарының бас жоспарлары туралы хабарлама жасады. Ал, аудан орталықтары мен тірек ауылдық елді мекендерді дамытудың кешенді жоспарлары жайында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серікбай Тұралинов баяндады.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp