«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өзара келісіммен шешілді

Әлемдік тәжірибеде экономиканың серпінді дамуына шағын және орта бизнестің сүбелі үлес қосатыны әлдеқашан дәлелденген. Сондықтан да кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай туғызу экономикалық ілгерілеудің кепілі болып табылады. Біздің елімізде де кәсіпкерлікті қолдауға басымдық берілуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге өзінің жыл сайынғы Жолдауларында айрықша маңыз беріп, құзырлы орындарға кәсіпкерліктің тынысын тарылтатын кедергілерді жоюды ұдайы тапсырып келеді.

Алайда, әлі де кәсіпкерліктің кең қанат жайып кетуіне кедергі болатын жайттар кездесіп қалады. Кәсіпкерлер палатасы филиалдары директорларының есеп беру кездесулерінде осындай бірнеше факті келтірілді. Жуырда облыстық кәсіпкерлер палатасының Уәлиханов ауданындағы филиалына сыртқы жарнаманы орналастыру мәселесімен “Диана Фарм Плюс” ЖШС-нің директоры Мәулен Есенбаев келген.

Мемлекеттік органдар өкілдерінің дәріханаға жүргізген тексерісі кезінде заң бұзушылық анықталған. Олардың сөзінше, жарнаманы сыртқа орнату үшін жергілікті атқарушы органның рұқсаты қажет екен, сондай-ақ, оған берілген рұқсат мерзімі ұзартылмаған. Кәсіпкерлікті қолдау орталығының кеңесшілері кәсіпкерге көмек қолын созды. Еліміздің Үкіметі бекіткен елді мекендерде сыртқы жарнама нысандарын орналастыру ережелерімен таныса келе, маңдайшадағы жазудың сызбасы әзірленді.

– Қажеті құжаттар пакеті Халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеліп, “Уәлиханов аудандық мәдениет және тілдерді дамыту” мемлекеттік мекемесінің келісімі алынды. Заңға сәйкес, жеке кәсіпкерлік субъектілері жылдық мерзім ішінде қажетті құжаттарды қайта ұсына отырып, жарнаманы орналастыруға берілген рұқсат мерзімін ұзартулары тиіс. Бұл, өз кезегінде, жеке кәсіпкерлікті дамытуға айтарлықтай кедергі келтіреді, – дейді аудандық филиалдың директоры Батырхан Ахметов.

Сонымен қоса, мамандар кәсіпкерге салынатын айыппұлдардың алдын алу үшін сыртқы жарнама орналастыруда тиянақты болуға кеңес берді. Палата филиалы мамандарының көмегінің арқасында тараптар өзара келісімге келді.

Кәсіпкерлер палатасының Есіл ауданындағы филиалына “Жігер-Есіл” шағын несие ұйымы” ЖШС-нің басшысы Любовь Лошаковская ортақ қарыз шартының міндеттемелерін орындамаған аудан тұрғындарынан қарызды өндіру бойынша көмектесуді сұрады.

Кәсіпкерлер палатасы филиалы жауапты тараптардан, яғни аудан тұрғындарынан “Жігер-Есіл” шағын несие ұйымы” ЖШС-нің пайдасына 10 961 629 теңге көлеміндегі қаржылай соманы өндіру туралы талап-арыз дайындап, сотқа жіберді.

Сотта қос тараптың ортақ келісімге келуіне байланысты филиал мамандары бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтініш әзірледі. Сөйтіп, жауапты жақ қарыздарын бөліп төлеуге міндеттелді. Бүгінгі таңда жауапты тарап өкілдері қарыздарын өтеуде.

Серіктестіктің басшысы Любовь Лошаковская кәсіпкерлікті қолдау орталығының кеңесшілеріне талап-арыз дайындауға, келісімді бекіту туралы өтініш жазуға көмек көрсеткендері үшін алғысын білдірді.

Динара БЕКТҰРОВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp