Ел спортында легионерлердің қаптап жүргені ешкімге де таңсық емес. Бұрындары мұндай үрдіс тек командалық спорт түрлерінде кездессе, соңғы кездері жекелей сындарда да Қазақстанның паспортын алып, ұлттық құрамада, облыстық командаларда жүргендер бар. Бұл бір жағынан бәсекелестік туғызғандай көрінгенімен, өз ұл-қыздарымыздың үлкен спорттағы жолын кесіп, бағын байлайтынын жоққа шығаруға болмайды. Кейбіреулері амалсыздан басқа елдерге, өзге өңірлерге кетуге мәжбүр.
Шет мемлекеттерден спортшы шақыру – әлемде бар үрдіс. Алайда соның кесірінен жергілікті жердегі болашағынан зор үміт күттіретін спортшылардан әп-сәтте айырылып қалу – үлкен әбестік. Қажетті назар аударылмағандықтан және қолдау көрсетілмегендіктен, амалсыздан “өзге жерде сұлтан болып” жүргендер көп. Бұны соңғы кезде ел біріншіліктеріне басқа өңірлердің атынан қатысып, ұлттық құрама сапында әлемдік додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген Қызылжардың тумаларына қарап аңғарамыз.
Қазақстанның көк туын көкте желбіретіп, әнұранды халықаралық жарыстарда әуелеткен былғары қолғап шебері Дариға Шәкімова Петропавл қаласының тумасы екенін біреу білсе, біреу білмес. Камиль Сафин, Жанат Жақиянов, Евгений Павлов сияқты Дариға Шәкімованың да аты өңіріміздің атақты боксшыларының қатарында жазылуы тиіс еді. Өкінішке қарай, олай болмады.
Дариға Шәкімова 2011 жылға дейін өңірімізде өнер көрсеткен болатын. Азия біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы, Рио-де-Жанейро қаласындағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанғаны белгілі. Әлі де бағындырар шыңы алда. Халықаралық турнирлерде ел намысын қорғауда. Алайда сол додалардың бәріне Алматының атынан қатысуға мәжбүр.
– Менің балалық шағым Петропавлда өтті. Бұл қалада мен алғаш рет кикбоксинг, кейін бокс үйірмесіне бардым. Бапкерлердің көмегімен республикалық жарыстарда топ жара бастадым. Солтүстік Қазақстан облысында жүріп, Ұлттық құрамаға шақырту алып, 2010 жылы Азия чемпионатының жеңімпазы атандым. Алдымен Астанадағы бапкерлер шақырып, елордаға қоныс аудардым. Себебі олар жаттығу үшін барлық жағдайды жасады. Ал теріскейде мүлдем басқаша түсінік қалыптасқан. Егер жергілікті спорт басқармасы ақша бөлсе, жарысқа барасың. Ал егер оларда қаражат жоқ болса, амалсыздан үйде қаласың. Болашақта чемпион болғысы келген адамға бұл керек пе? – деген Дариға Шәкімова спорттағы жетістіктерімен қатар білімін жетілдіру үшін кейін Алматыға көшкенін айтады. Миллионнан астам тұрғыны бар қалада бәсекелестік елордадан да жоғары екені белгілі. Десе де боксшы қыз ондағы қарсыластарын жеңіп, 75 килограмм салмақта Ұлттық құраманың нөмірі бірінші боксшысы атанады. Қазір жасы 34-те, алайда әзірге елімізде оған тең келер қарсылас жоқ.
– Көптеген спортшылар паспортын ауыстырып, өзге елдің намысын қорғауда. Футзалда бразилиялықтар, жеңіл атлетикада африкалықтар, теннисте ресейліктер көп. Олардың барлығы ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Ал біз өзге елдің емес, өзге өңірдің атынан қатысып жатырмыз ғой. Себебі әр облыста спорттың деңгейі әртүрлі, қолдау да өзгеше. Теріскейде велоспорт пен қысқы спорт түрлері жақсы дамыса, Семей мен Алматыда бокс жоғары деңгейде. Сондықтан спортшылар мұндай қадамдарға баруға мәжбүр, – дейді Дариға Шәкімова.
Қысы алты айға созылатын солтүстік қысқы спортқа қолайлы өңір, дегенмен мұнда да проблемалар жетерлік. Әлемдік талаптарға сай шаңғы базасының болмауы көңілге қаяу түсіреді. Мысалы, атақты параатлеттеріміз Ербол Хамитов пен Александр Герлиц барлық жаттығуларын Бурабайдағы кешенде өткізеді.
Қаңтар айында АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласындағы дүниежүзілік Универсиадада жеңіске жеткен Бекентай Тұрлыбековтің басқа өңірдің намысын қорғап жүруіне де – осы жайт себеп. Айыртау ауданының тумасы 15 жасынан жарыстарға Ақмола облысының атынан қатысуда.
– 8-сыныпқа дейін Солтүстік Қазақстан облысының аумағындағы жарыстарға қатыстым. Бірақ бұл сындарда жоғары жетістіктерге қол жеткіздім деп айта алмаймын. Ақмола облысына қарасты Балкашино елді мекеніндегі спорт интернатына оқуға түскеннен кейін жақсы нәтижелер пайда болды. Қазіргі күні Көкшетаудағы Абай Мырзахметов атындағы университетте оқимын. Барлық сайыстарға Ақмола облысы мен Көкшетау қаласының атынан қатысамын, – дейді Бекентай Тұрлыбеков.
Жақында өткен республикалық спартакиадада облыс құрамасының атынан қатысқан балуандардың арасынан жалғыз Ислам Евлоев алтын жүлде иеленген болатын. Жергілікті спорт және дене шынықтыру басқармасы тарапынан қолдау таба алмай сыртқа кеткен Ризабек Айтмұқан біздің облыстың атынан қатысқанда чемпиондар саны екеу болар еді. Себебі ол Алматы қаласының намысын қорғап, өз салмағында жеңімпаз атанды. Уәлиханов ауданының тумасы бұған дейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бесінші нәтиже көрсетсе, өткен жылы Азия біріншілігінің чемпионы атанды. Балуанның не себепті өзге өңір атынан жарыстарға қатысып жүргенін оның жеке бапкері әрі әкесі Қанат Жолдасбай айтып берді.
– Ұлым мектепте оқып жүргенде облыстық жарыстарға жиі қатысып тұрды. Бірақ республикалық және халықаралық додаларға келгенде жергілікті спорт басқармасы қолдамады. Басшылық қаражаттың жоқтығын айтты. “Өзіңіз табыңыз” дейді. Спортшының жолына, қонақүйіне, жүріп-тұруына, тамақтануына қыруар ақша қажет. Менде мұндай қомақты қаржы жоқ. Әлі күнге дейін есімде, Ризабек әлем біріншілігіне облыс атынан қатысуы тиіс еді. Бірақ басқарма тағы үнсіз қалды. Бір күні Алматыдан жігіттер хабарласып, қаржы бөлетіндерін айтып, өздеріне шақырды. Баламды алып, Алматыға жол тарттым. Бірден интернатқа қабылдап, дүниежүзілік жарысқа қатыстырды. Әрине, бұл мүмкіндікті пайдаландық, – дейді Қанат Жолдасбай.
Ризабек үмітті ақтап, әлем чемпионатында алғашқы бестікке кірді, артынша Азияның үздігі атанып үлгерді. Алайда Солтүстік Қазақстан облысының емес, Алматы қаласының балуаны ретінде жеңіс тұғырына көтерілді.
– Жергілікті басқармадан қолдау болмайтынын біліп, екінші ұлымды да Алматыдағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-колледж интернатына бердім. Әлішер Жолдасбай ағасының жолын қуып, әлем және Азия біріншіліктеріне қатысты. Халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанып үлгерді. Уәлиханов ауданының тағы бір тумасы Айша Уәлихан да әйелдер күресінен өзге өңірдің намысын қорғап жүр. Қазір жасы 26-да. Ол – Шымкенттің белді балуандарының бірі. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, – дейді Қанат Жолдасбай. Оның айтуынша, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшылығы жергілікті өрендерді қолдауға немқұрайдылықпен қарайды. Салдарынан мықты спортшылар өзге өңірлерге кетуге мәжбүр. Бұл тізімге Айыртау ауданында туса да жарыстарға Қарағандының атынан қатысып, Олимпиаданың қола жүлдегері атанған Эльмира Сыздықованы да қосуға болады.
Облыста спорт саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлердің ойынша, мәселенің төркіні бапкерлерде де болуы мүмкін.
– Біздің кезімізде әр бапкер шәкірті жарыстарға туған өңірінің атынан қатысуы үшін бар амалды жасайтын. Тіпті өз қаражаты есебінен жарыстарға қатыстыратын. Қазір мұндай жоқ. Барлығы жеңіл жолды іздейді. Жаттықтырушылардың араларында шәкірттеріне сенбейтіндер де бар. Сол себепті спортшылардың кейбірі мұндағы бапкерлерін тастап, өзге аймақтарға аттануы мүмкін, – дейді спорт ардагері Смағұл Аманов.
Еркін күрестен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, қазақ күресінен облыстан шыққан тұңғыш спорт шебері Бауыржан Құлжановтың айтуынша, спортшылардың дені өзге өңірлердің атынан қатысуды қалыпты жағдай көреді. Алайда бүгіндері бұл теріс үрдісті жою үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді.
– Қазір облыста “Қызылжар арландары” спорт клубы жұмыс істейді. Ол күрес түрлерін тегіс қамтиды. Қазір, керісінше, өңірімізге өзге өңірлерден жақсы спортшыларды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұхит Тұрсынов біздің облыс атынан қатысып жатыр. Нұрқожа Қайпанов та көшіп келді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек. Сондай-ақ клубта кикбоксинг пен боксқа да көп көңіл бөлінеді. Бұрындары мұндай жағдай жасалған жоқ. Қазір жақсарып келеді, – дейді Бауыржан Ниязұлы.
Біз жоғарыда аттарын атаған спортшылардың теріскейдің тумасы екендері әлемдік додаларда жеңіске жеткеннен кейін ғана белгілі болып жатыр. Ал аудандық, облыстық, елішілік жарыстарда өзге өңірдің намысын қорғап жүргендері қаншама? Қазір қолдау көрсетпей, кейін жеңіс тұғырына көтерілген кезде “біздің жерлесіміз, Қызылжардың тумасы еді” деп мақтанғанымыз қаншалықты орынды болмақ? Мұны жергілікті спорт басқармасының өкілдері назарға алып, тиісті жұмыстар жүргізсе, жақсы болар еді. Тағы бір ескеретін жайт, туған жерге “сыймай” кетіп жатқандардың дені өзіміздің қаракөздеріміз.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.