Біздің ата-бабаларымыздың елі – жеті атадан тұратын Есенгелді – Ақсу ауылы (Шал ақын ауданы). Сол жеті атаның бірі Жоныс тұқымынан менің ұлы атам Жайық пен Құсайын туған. Құсайыннан – Зейнеп, Сағди, Сақтаған өрбіген. Кезінде аталарымыз Тораңғыл (Новопокровка) көлінің теріскейінде, төрт шақырымдай қашықтықтағы Тілеген қыстауы аталып кеткен жерге қоныстаныпты.
Қазан төңкерісінен кейін тек қана қолындағы малымен күнін көріп отырған жұрт көп қиындықтарға кезігеді. Тораңғылдағы халықтың негізі орыстар болған, олар картоп, көкөніс және егіншілікпен, сауда-саттықпен айналысқан.
Тұқымымыздағы балалардың пысығы да, жеңілі де Сағди ағатайымыз болса керек. Өзі соңынан 2-3 баланы ертіп алып, Тораңғылдың жайма базарына баратын көрінеді, ондағы жағдайды көріп, білгеннен кейін келесі базарға балтаның, балғаның, айыр-күректердің саптарын апарып ұнға, тұзға, қантқа және тағы басқа азық-түлік тауарларына айырбастап әкелетін болыпты. Сөйте-сөйте кейінірек ақша да алып жүріпті. Әрине, балалардың әкеліп жүргендері қаншалықты мол дүние дейсің? Сонда да отбасының бір қажетіне жарап тұрыпты. Күнкөріс үшін ағатайым ауқатты бір үйдің босағасында жалшы да болыпты. Қашанғы шыдасын, әрі сол кезде Сағди ағатайыма бір ой келеді: 18 жасқа толған азаматтарды әскерге алатын көрінеді дегенді естіп, әскер қатарына кетпекші болады. Жасы толғанымен салмағы жетпей (қарны тойып тамақ ішпегеннен болар) кейін қайтарып жібереді.
Әйтеуір, қайта-қайта сұранып жүріп, не керек, әскер қатарына алынады. Бақандай бес жыл, яғни 1926 жылдан 1931 жылға дейін Украинада атты әскер кавалериясында жауынгерлік міндетін атқарып келеді. Әскерден келісімен Көкшетаудың Айыртау ауданында ОГПУ-де қызмет істейді. 1934 жылы Дәуқара ауылынан Зейнеп деген көркем қызға үйленеді, ағатайым өзі де көркем жігіт болған. Екеуі бір ұл, бір қыз дүниеге әкеліп, енді ғана отбасының қызығына бөленерміз деген шақтарында соғыс басталды деген суық хабар жетеді.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары әскерге жарамды барлық ер-азаматтар ел қорғауға шақырылды. Алғашқылардың бірі болып, Сағди ағатайымыз да ел үшін, туған жер үшін неміс фашистерімен соғысуға аттанды.
Сұрапыл шайқастардың бірінде інісі Сақтағанды ауыр жарақаттанып жатқан жерінде кездестіреді. Інісінің өзіне қарағанда денесі ірірек болатын және де былқ-сылқ етіп жатқан кісінің салмағы да ауыр болып көрінетін шығар, әйтеуір әупірімдеп жүріп емдеу бөлімшесіне зорға жеткізеді. Сөйтіп, күндердің күнінде әскер қатарына жарамсыз болып табылған інісін елге шығарып салады.
Алғашында Волхов майданы, кейін Ленинград майданында 314-ші атқыштар дивизиясының 1074-ші атқыштар полкінің сапында жүріп, сондай шайқастардың бірінде ауылдасы Баян Қанапинді де көреді, олардың бағыты басқа жақ болғандықтан, жай ғана амандасып, қоштасып қалуға мүмкіндігі болады.
Ленинград құрсауын бұзуда жанкешті ұрыстарға қатысқан Сағди ағатайым соғысты 1945 жылы Кенигсберг қаласын азат етіп аяқтайды. Ұлы Жеңіске жеткені туралы хабарды сол қалада естиді.
“Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі” демекші, басынан талай қиындықты өткізген, аштыққа шыдап, жалаңаштыққа төзген, соғыс зардаптарын кешкен, үш рет жараланып, оның екеуінде ауыр жарақат алған Сағди ағатайымыз сағы сынбай 1945 жылы елге оралып, бейбіт өмірін жалғастырады. Оның ерлігі кеудесінде жарқыраған “ІІ дәрежелі Отан соғысы” ордені, “Ерлігі үшін”, “Жауынгерлік ерлігі үшін”, “Ленинградты қорғағаны үшін”, “Кенигсбергті азат еткені үшін”, “Германияны жеңгені үшін” және тағы басқа медальдарынан көрініп тұрушы еді.
Ағатайымыз көп жылдар бойы орман шаруашылығында, “Ступин”, “Новопокровка”, кейінде “ВЛКСМ-ның 50 жылдығы” атанған кеңшарларында мал шаруашылығы саласында еңбек етті.
Зейнеп апатайым екеуі төрт ұл, екі қызын мәпелеп өсірді. Қызы Мағжан милиция майоры атағына дейін жетсе, ұлы Манап 1998 жылы милиция подполковнигі шенінде зейнеткерлік демалысқа шықты. Бүгіндері Манаптың ұлдары да ата жолын қуып, әр салада қызмет атқарып жүр. Сағди ағатайымның үлкен немересі Ербұлан – Ішкі істер министрлігінде полковник, одан кейінгі Арман – Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел басқару орталығының басшысы, подполковник, ал Рустамы Шал ақын ауданында учаскелік инспектор болса, кенже немересі Тимур Қарулы күштер құрамында қызмет етеді, аға лейтенант.
Үстіміздегі жылдың мамырында Ұлы Жеңіске 70 жыл толады. Осы үлкен мерейтойға жеткен ардагерлердің саны некен-саяқ. Ақсу ауылынан 70-ке жуық азамат соғысқа аттанған, солардың 37-сі соғыс даласында қалса, елге аман-есен оралған 30 соғыс ардагерінің бүгінгі күні бәрі де бақилық болған.
Соғысқа қатысқан әр азаматтың ерлігі ел есінде қалуға тиіс. Ерлікке тағзым етейік.
Әшім ЖЫЛҚАЙДАРОВ,
зейнеткер.