Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 5 қазанда Астана қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Мәңгілік Ел – болашағы біртұтас ел» республикалық патриоттар форумы болып өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 2 мыңнан астам делегат қатысты. Олардың арасында Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, үздік кәсіпкерлер, дәрігерлер, ұстаздар, мәдениет пен өнер қызметкерлері, жұмысшылар, спортшылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды. Солтүстікқазақстандықтардың делегациясын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов бастап барды.
«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел, тегі, қайдан алсын кемеңгерді?!»
Ақиық ақын Ілияс Жансүгіровтің осынау өсиетті өлең сөзін өмір шындығына айналдыруға ұмтылып, «бірін-бірі батыр десіп», өсер елдің баласына жарасар жайсаң мінез таныта бастағандаймыз. Оған кейінгі сегіз жылдан бері өткізіліп келе жатқан патриоттар форумы айғақ. Еліміздің әртүрлі қалаларында ұйымдастырылып келген бұл маңызды шара биыл елордамызда болды. Ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына арналды.
Форум салтанатпен ашылған соң Президент Әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев Елбасының жиынға қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқып бердi.
«Мәңгiлiк Ел» Қазақстан патриоттары форумына қатысушыларға сәлем жолдаймын! Бүгiнгi форум ерекше. Ол Конституциямыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойлары жылында өтіп отыр. Бұл халқымыздың бiрлiгi мен келiсiмiнiң бiрегей дәстүрiн, туған жерiмiз – Ұлы Дала елiне деген ерекше сүйiспеншiлiктi паш етеді. Форум қазақстандықтарды «Мәңгiлiк Ел» идеясының айналасына ұйыстыруға және қоғамның тұрақтылығы мен бiрлiгiн нығайтуға қызмет ететiнiне сенемiн. Форумға қатысушыларға және барша қазақстандықтарға зор денсаулық, жаңа табыстар тiлеймiн!» – делiнген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауында.
Жиынды жүргізген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов: «Кең-байтақ елімiздiң барлық өңiрiнен Қазақстанның патриоттары бүгiн Астана төрінде бас қосып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Мәңгiлiк Ел» жалпыұлттық идеясын ұсынған болатын. Екi жылдың iшiнде Елбасының бастамасы Қазақстанның барлық өңірінде қызу талқыланды, халықтың жан-жақты қолдауына ие болды», – дедi.
Содан кейін мінберге көтерілген белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов:
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің ең жоғары, ең мәртебелі төрі мен мінбері – Біріккен Ұлттар Ұйымының 70-ші мерейтойлық сессиясында қазақ тілінде сөйлеген сөзімен ұлт абыройын асқақтатты. Қазақ тілі тұңғыш рет осындай дүниежүзілік дәрежеге көтерілді. Бұл – мемлекеттік тәуелсіздігіміздің жемісі, Елбасының жеңісі. Мыңжылдық тарихымызда біздің бабаларымыз талай қиындық көріп, жанкештілікпен тәуелсіздікті аңсады, күресті, соның жолында құрбан болды. Еркін ел болу бақытын, тәуелсіздікті, ұлттың, халықтың ынтымағын жасампаздық игілігіне жарату – біздің патриоттық борышымыз.
Қазақ мемлекеттілігінің терең тарихына талдау жасап, тәуелсіз Қазақстан халқын бір мақсатқа жұмылдыратын жалпыұлттық идея – Ұлы Дала кеңістігіндегі «Мәңгілік Ел» Стратегиясының 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы – ұлтымыздың жарқын болашағы. Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан оны ұлттық идея ретінде халыққа насихаттау, тек өз мемлекетіміз ғана емес, басқа да алыс-жақын елдерге жеткізу мақсатында арнайы «Мәңгілік Ел» бағдарламасын немесе «Мәңгілік Ел» телеарнасын құру туралы ұсыныс жасағым келеді», – деді.
Әйгілі жазушы Шерхан Мұртазаның: «Бір кем дүние…» дегеніндей, Қуаныш Сұлтанов Елбасының БҰҰ мінберінен алғаш рет қазақ тілінде сөйлегенін айтып, ерекше мақтаныш еткеніне қарамастан, нақ осы форумда кейіндеу сөз алған кейбір есімдері елге белгілі, болашағынан үміт күттіретін, ұлты қазақ азаматтардың бір ауыз қазақша сөйлемегендігі қынжылтып тастады бізді. Есесіне, мінберге шыққан басқа этностардың өкілдері бір-екі ауыз болса да, мемлекеттік тілде сөз айтқанына разы болып қалдық…
Ал қазақтан шыққан үшінші ғарышкер – полковник Айдын Айымбетов форум төрінде отырғанын көріп сүйіндік. Келесі кезекте мінберге көтерілген батырымыз: «Бұл – менің жұмысым, инженерге тән қызмет қана. Әрине, күшке түсетін ауыртпалықтарға шыдау, үлкен еңбек талап етіледі, бірақ тиісті жаттығудан өткен кез келген қарапайым адам жасай алатын іс. Мен өз елім үшін өмірімді қиюға, барша өмірімді өз елімнің дамуы мен көркеюіне жұмсауға даярмын.
Бiздiң жерiмiзден – Байқоңыр ғарыш айлағынан адам баласы ең алғаш ғарышқа ұшты. Қазақстанды бүгінде бүкiл әлем таниды. Бүгiнде Қазақстан көп табыстарға қол жеткiздi. Біз мемлекетімізді одан әрі дамыта беру үшін әрқайсымыз өз iсiмiздің үздiгі болуымыз керек. Нағыз патриоттық iс, мiне, осы. Мен жастарды елiмiздiң патриоты болуға, өзiнiң нақты iстерiмен Отанымыздың көркеюiне үлес қосуға шақырамын. Қазақстанның байрағы ғарышқа әлi талай ұшатынына, жеңiстi сәттерде желбiрейтiнiне, бүкiл әлемге танымал боларына сенiмдiмiн. Қазақ елi мәңгiлiк жасасын!» – деді ғарышкер тебірене. Ол өзінің Мәскеудегі Ғарышкерлерді даярлау орталығында оңалту шараларынан өткеннен кейін Қазақстанға оралып, «Қазғарыш» компаниясында өз қызметін жалғастыратынын мәлімдеді.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл: «Қалай болғанда да бүгінгі патриоттық форумның орны ерекше. Әсіресе, өмірдің ащысы мен тұщысының дәмін татқан ауған ардагерлері үшін біздің бүгінгі тыныштығымыз, тұрақтылығымыз, береке-бірлігіміз – зор бақыт. Елбасымыз өзінің бір сөзінде былай деген еді: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, бойыңда азаматтық намысың болса, қазақтың жалғыз ұлттық мемлекетінің өсіп-өркендеуі жолында теріңді төгіп қызмет ет! Елдің де, жердің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!».
Біз, Ауған соғысының ардагерлері, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қастер тұтамыз. Ауған соғысына қатысқан жауынгерлер – соғысты өз көзімен көргендер. Сондықтан Қазақстанның ұлы жетістігі – ел бірлігін ерекше бағалаймыз. Біз Елбасына бейбіт өміріміз үшін, аяулы аналарымыз бен бал-бөбектеріміздің күміс күлкісі мен тыныш ұйқысы үшін шексіз ризамыз!
Бүгінде интернационалист-жауынгерлер – батылдық пен ерліктің нышаны! Жастарды патриотизм рухында, жоғары адамгершілікке, Отанды қорғауға тәрбиелеу – біздің тікелей міндетіміз. Мен отандастарымды ортақ үйіміздегі бейбітшілікті сақтауға шақырамын! «Мәңгілік Ел» құндылықтарын жоғары рухани-адамгершілік бағдар ретінде ұстануға үндеймін. Біздің жетістіктеріміз бен жеңістеріміз әрқайсымыздың бар күш-жігерімізбен аянбай еңбек етуімізге байланысты!» – дей келіп, өзінің жас ұрпаққа айтар сөзін өлеңмен өрнектеді:
«Әй, келер ұрпақ!
Бал арасы бал береді, шағатынын ұмытпа.
Ит соңыңнан ереді, қабатынын ұмытпа.
Асау ат та көнеді, тебетінін ұмытпа.
Өмір бір-ақ келеді, сөнетінін ұмытпа.
Ұмытпа қалқам, ұмытпа.
Көп дүниені таптым деп, дүние соңында құнықпа.
Көп дүниені таптым деп, досыңның көңілін суытпа.
Мың жасаған Ұлықпан да салмаған жанын құлыпқа.
Тәуелсіз елге тірек бол, белді бекем буып та.
Білімнің қайнар көзі бол кіршіксіз таза тұнық та.
Түңілсең де түкірме, өзің ішкен құдыққа.
Байлық басып тұрса да, басыңды тықпа былыққа.
Тексіздің түбі бетсіздік, ұқсағанмен ұлыққа.
Жайқалып өсер бәйтерек, күтімі болса шыбық та.
Ұлтыңның арын ұлықта, құлқынның қамын құрықта.
Сылтау іздеп сыныққа, шұбарлап тілді шұбыртпа.
Жарқырап жанған Шығыста
Абайдың тілін ұмытсақ, жата ма адамшылыққа?!
Ар-ұят асыл қазынаң, салт-дәстүр, әдет-ғұрып та.
Барша ұлттардың өкілі байырғы қазақ елінде
Айналсын туған-туысқа!»
«Милосердие» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин:
«Жақында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзіне берілген, Қытай Халық Республикасының «Жібек жолы» сыйлығынан түскен қомақты қаражатты біздің қорға аударған болатын. Сол қаржыға бүгінгі уақытта 29 баланың өмірін сақтап қалуға қажетті оталар жасалып, сонша бүлдіршін жарық дүниенің қызығын ұзақ көруге мүмкіндік алып отыр.
Ал 2010 жылы Елбасымен болған «Көктем шуағы» кездесуі барысында біз жүрек ақауымен туған балалар мәселесін көтерген едік. Содан соң елімізде қажетті ауруханалар салынып, осындай аурумен дүниеге келген сәбилерге тиісті оталар жасалды. Сөйтіп, мыңдаған бала дерттерінен құлан-таза айығып кетті.
Біздің қорымыз ұйымдастырған «Балаларға өмір сыйла!» шарасы аясында 10 жыл ішінде 1300-ден астам бала ажалдан арашаланды. Сондай-ақ, Қазақстанда жетімдер үйлерін азайтуға бағытталған «Жетім балаларсыз Қазақстан» жобасының арқасында 500-ден астам бала өздерінің жаңа отбасыларын тапты. Осылайша біздің бейкүнә бүлдіршіндеріміздің өмірлерін өзгерткен тамаша адамдардың барлығы қандай бақыт екенін білсеңіздер ғой?!» – деді толқи сөйлеп.
Салтанатты шараға қатысушылар айрықша қошемет білдірген азаматтардың бірі – атақты бағдарламашы Асхат Мырзабаев. Қатерлі ісік ауруларымен күресу мақсатындағы зерттеулерге 2 миллион АҚШ долларын бөлген, бүгінде Англияда қызмет ететін атыраулық жігіт:
«Университеттің үшінші курсында мен АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында тағылымдамадан өттім. Сонда мен керемет жігіттермен танысып, олар маған өз жобамды жасауға көмектесті. Кейін оны “Microsoft” компаниясы сатып алды.
Менің жасым қазір 25-те. АҚШ-та қызмет еткен кезімде мен жұмыстан тәжірибе алып қана қоймай, бір маңызды нәрсені ұқтым: жаһандық тұрғыдағы нәрсені жасау үшін жаһандық ауқымда ойлау керек екен. Өмірдің мәні неде? Жерде қандай із қалдыра аламын? Адамзатқа не бере аламын? Өзіме-өзім қойған осындай үлкен сауалдардың жауабын таптым – мен ғылымның дамуын қолдағым келеді. Сол үшін де қатерлі ісік пен онкологияны зерттеуге өз гонорарым ретінде алған 2 миллион долларды бөлу туралы шешімге келген болатынмын», – деді ол форум мінберінен. Әрине, оның ғаламторда дарынды қазақстандық жастарды дүниежүзіндегі ірі компанияларға жұмысқа орналастыруға бағытталған арнаулы жоба ашқанын да айтқанын біреу құптап, біреу құптамауы мүмкін. Өзінің айтуынша, оған қазір 25 мың қазақстандық жас маман тіркеліпті…
Міне, сондықтан да болар, бүгінгі заманның Атымтай жомарты – Асхат Мырзабаевтың есімі аталмыш форум аясында өткізілген «Қазақстан патриоттары» байқауы жеңімпаздары қатарында естілген жоқ. Ал 7 аталым бойынша ұйымдастырылған байқауда ғарышкер Айдын Айымбетов («Менің елім» аталымы бойынша), Социалистік Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова («Руханият шыңы»), атақты боксшы Геннадий Головкиннің анасы Елизавета Головкина («Ана жүрегі»), «Динар-Электромаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) іс басқарушысы Сергей Вишняк («Ел бірлігі»), «Казлегпром – Алматы» ЖШС бас директоры Айбек Бектұрғанов («Нұрлы жол»), «Темірлан» ЖШС директоры Ерлан Әлин («Ерен еңбегі үшін») және суға батып бара жатқан екі сыныптасын құтқарған мектеп оқушысы Никита Тюкин («Ерлік») «Қазақстан патриоттары» атанып, сый-құрметке бөленді. Форумды ұйымдастырушылар олардың есімдері Қазақстан патриоттарының алтын тізіміне енгізілетіндігін жеткізді.
Форум соңында Ералы Тоғжанов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институттық реформасын жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында іске асырылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы басталатындығын жария етті. Бұл жоба бойынша патриоттық тәрбие басымдықтарын, болашағы біртұтас халқымыздың зияткерлік, мәдени және рухани құндылықтарын одан әрі дамытуға бағытталатын акциялар мен әлеуметтік шаралар өткізілмекші.
Патриоттар форумы, оған қатысушылар қосыла, ерекше сезіммен асқақтата шырқаған «Атамекен» әнімен аяқталды:
«…Асқар тауын аспаныммен астасқан,
Қазағымның мәртебесі деп білем!»
Иә, қазағымыздың мәртебесі Алатаудай асқақтаған заманда өмір сүріп отырған біз, бүгінгі ұрпақ, Аллаға тәубе деуге және басымызға қонған бағымызды ұшырып алмай, барында бағалай білуге тиіспіз.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Солтүстік Қазақстан».
Петропавл – Астана – Петропавл.