Заңсыз алкоголь өнімдері сатылымын анықтау және оның жолын кесу – тәртіп сақшылары жұмысының басты бағыттарының бірі. Олар жыл басынан бері 186 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Алкоголь өнімдерін түнгі уақытта өткізетін сауда нүктелерінің иелері ғана емес, сондай-ақ, 21 жасқа толмаған жеткіншектерге алкоголь сататын сатушылар да полицейлердің назарында. Тек соңғы айдың өзінде осындай – 12, ал жыл басынан бері 126 факті тіркелген.
Облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Оразалиннің айтуынша, жүргізілген кезекті рейд барысында Петропавл қаласының Мир көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде өз пәтерінде ішімдік сатумен айналысқан 48 жастағы тұрғын анықталды. Мұндай дайын өнімді сатып алушылардың көптігі де мәлім болды. Мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен пысықай қала тұрғынының тауарларын тәркілеумен қатар, 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жаза қолданылмақ. Осындай заңсыз сауда нүктелерінің саны Петропавлда 40-тан асады.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық ішкі істер департаментінің
баспасөз хатшысы.