«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ӨЛЕҢГЕ ТОҚТАМАЙДЫ ШАЛ ДЕГЕНІҢ…”

Бұқар, Тәтіқара, Үмбетей, Ақтамберді сынды жыраулардың соңын іле-шала туған Шал Құлекеұлы (1748-1819) – ғибратнама, насихат маңызындағы төкпе жырлар үрдісіне соны түр мен мазмұн дарытқан жаңашыл ақын. Алайда, ол жаңа бағытқа жол салғанымен, XVIII ғасырдың соңы XIX ғасырдың басында ұлттық поэзияда осы екі тоғысты жалғастырып тұрған көпір сынды. Сондықтан оның жырларын әдебиетшілеріміз зерделей зерттеп, лайықты бағасын берді.

Бұл ретте бір айта кететініміз, Шал ақынның шығармалары көпке дейін жеке жинақ болып қолға тимеді. Тіпті, шыға қалған күннің өзінде жырлары бір ізге түсірілмеді, барынша толық қамтылмады. Ал ондай кітапты шығару, әр жерде басылған өлеңдерін, оның шығармалары жайында жазылған, айтылған пікірлерді, зерттеулерді дәйектеп, бір ізге түсіру оңай шаруа емес.

Осыдан да болар, жазушы Жарасбай Сүлейменов толыққанды мазмұнды етіп “Шал ақын” жинағын құрастырып, баспадан шығарғаны құптарлық. Алдымен, Шал Құлекеұлының өлеңдерінің кітаптың беташары ретінде ұсынылғаны, ал соңында бұл өлеңдерді кімдердің қандай адамдардан жазып алғаны жайында толық баяндалатын түсініктемелері қоса жарияланғаны құрастырушы еңбегінің ұтымдылығы деу керек.

Түсініктемелерге көз салсаңыз, Шал ақын өлеңдерін жазып алғандар – әдебиетіміздегі, ғылымымыздағы белгілі тұлғалар. Атап айтқанда, ғалымдар Айқын Нұрқатов, Рымғали Нұрғалиев, Әйтім Әбдірахманов, Жұмат Тілепов, жазушылар Ғалым Малдыбаев, Мұхтар Мағауин. Әсіресе, Мұхтар Мағауин Шал шығармаларын қазақ қауымына таныстыруда баға жеткісіз еңбек сіңірген. Ол “Қобыз сарыны” зерттеуінде Шал шығармаларына арнайы әрі мол орын берген.

“Шал ақын” кітабында Жарасбай Сүлейменов зерделі зерттеулерді сүзгіден өткізе білген, кейбір ел аузынан жинаушылардың жүрдім-бардым айтқандары мен жазғандарын назардан тыс қалдырғаны абзал болған.

Кітаптың алғысөзін жазған академик Аманжол Қошановтың бұл міндетті атқаруы орынды. Өйткені, оның әкесі Қошан Жантілеуов – өңірімізге әйгілі шежіреші, Шал шығармаларының білгірі. Сол сияқты, кәріқұлақ Ғаббас Елеусізовтің де Шал ғұмырнамасы мен шығармаларына жетік екені аян.

Осылардың деректеріне сүйеніп және әдеби-зерттеушілік танымдарына орай ғалымдар Мұхтар Мағауин, Герольд Бельгер, Рахманқұл Бердібай, Кәкімбек Салықов, Рәбиға Сыздық, Нағима Сағындықова, Әнуар Дербісалин, Шәкір Ыбыраев, Өмірзақ Айтбайұлы, Ханғали Сүйіншәлин, Өтеген Күмісбаев ғылыми тұрғыдан негізделген пайымдарымен Шал шығармаларының құндылығын танытып, қазақ әдебиетіндегі маңызы зор қабілетіне бойлатады. Ал құрастырушының “Аютас” эссесі Шал шығармаларын зерттегендердің еңбектерімен жастай танысқандығының, есейе келе оның өлеңдерін сақтап келген ғұламалар Сейтен Сауытбековтен, Қошан Жантілеуовтен естіп-білгендерінің баяны болып табылады.

Жасыратын несі бар, кейбір реттерде ел аузынан жинаушылардың айтқандарын елеп-екшемей, бұл дәйектерге ғылыми тұрғыдан тиянақты әрі байыпты зерттеу мақсатымен баға бермей, жаңсақ пікірлерге сүйенген деректерді алға тартқандар да кездесіп қалады емес пе? Осындай шикі, бір қайнауы ішінде сөздердің кітаптарға еніп кететініне қынжылатынымызды айтсақ, қолымыздағы жинақтың осындай олқылықтардан ада екендігіне риза болдық.

“Шал ақын” жинағы мектеп оқушыларына, студенттерге, әдебиеттанушыларға ризығы мол еңбек деу орынды.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp