
Олардың ізін жалғаған есімі облысымызға жақсы таныс ақын, Қазақстанның құрметті журналисі, “Мәдениет қайраткері” төсбелгісінің иегері Болат Қожахметовтің алар орны ерекше. Жетпістің белесіне көтерілген Болат Қожахметовтің мерейтойына арналып С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында өткен шығармашылық кешке облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, әдебиетшілер, қоғамдық ұйымдардың мүшелері мен өнерсүйер жастар қатысты. Жиынның өтуіне облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың мамандары мен ақынның елу жылға жуық уақыт бойы табан аудармай қызмет атқарған қарашаңырағы – “Солтүстік Қазақстан” газеті редакциясының ұжымы ұйытқы болғанын айта кету ләзім.
Кешті ашып, жүргізіп отырған, той иесінің өмірі мен шығармашылығы жайлы ой өрген “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсеноваға берді.
– Сіздің шығармаларыңыздың жас ұрпақты тәрбиелеуде орны айрықша. Алла берген талантыңыз бен кәсіби шеберлігіңіз есіміңізді облыс жұртшылығына кеңінен танымал етті, – дей келе Анархан Қалиқызы мерейтой иесіне ұзақ жылғы адал еңбегі және журналистика саласын дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін өңір басшысы Ерік Сұлтановтың Құрмет грамотасын табыс етті.
Облысымыздың құрметті азаматы, еңбек ардагері Құдайберген Қалиев жетпіс жылдық торқалы тойына шығармашылық зор табыспен жетіп отырған мерейтой иесінің ақындығын, қаламгерлік қасиетін, адамгершілігін әңгімеге арқау етті.
Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесімен тұспа-тұс келіп отырған ақынның мерейтойының шығармашылық кеш деңгейінде аталып өтілуін қаламгерін құрметтеген Қызылжар жұртшылығының ыстық ықыласының көрінісі екендігін тілге тиек еткен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов: “Сіздің ақындық шеберлігіңіз маған сонау алпысыншы жылдары Николаевка орта мектебінің қабырғасында бірге оқыған кезімізден бері жақсы таныс. Сол алыста қалған балалық шақтан басталған өлең өзенінің арнасы уақыт өте келе шалқар дариядай кеңейіп, бүгінгі күні талантыңызға тәнті болған қалың оқырмандарыңызға ізгілік пен қуаттың нәрін беріп отыр”, – деді.
Содан кейін сахна төріне көтеріліп, мерейтой иесіне жылы лебіздерін, ақжарма тілектерін жолдаған ақынның туған жері – Есіл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Мұқашевтің, Алматы ауылдық округінің әкімі Мереке Қыдыбековтің, ауылдасы Марат Малаевтың ыстық лебіздері салтанаттың сәні мен мағынасын одан сайын арттыра түсті. Шығармашылық кеш барысында М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық-педагогикалық колледжі студенттерінің ақынның нақышына келтіріп оқыған өлеңдері, облыстық филармония мен С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының өнерпаздары шырқаған әсем әндер мен мың бұралған билер осынау мерейтой иесіне арналған қошеметтерді қуаттай түсті.
Бұл жиын “Өсірген өзі ақынын, Өгейсітпестен мойындар. Өлеңдеріме қол соғыңдар, Өрнегімдегі қайыңдар!”, – деп жырлаған ақын Болат Қожахметовтің шығармашылығына берілген зор баға іспеттес.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.