“Бар өмірім өлеңмен өтсе менің,
Туған елді жырлауға жетсе демім…” – деп екі жол өлеңінің ішіне бар арман-мақсатын сыйғыза білген жерлес ақын ағамыз Жарасбай Нұрқановтың қарымды қаламынан шыққан сырға, сағынышқа толы өлең жолдары бүгінде өз оқырманын тауып, талайлардың жүрек төрінен орын алды. Өмірін өлеңмен ғана өрнектеп қоймай, арнау, толғау, поэма, дастан, баспасөз туралы жырлар, әзіл-сықақ, шымшымалар жазған Жарасбай Нұрқанов сөзден сурет салған ақын еді. Оның “Көкжиек”, “Қара көздер”, “Нұрлы терезе”, “Алтын десте”, “Арманым менің”, “Терең баулау”, “Буынсыз бала”, “Қызылжар” және тағы да басқа жыр-жинақтары оқырман қауымға жақсы таныс. Әр шығармасын өзіндік көркем бояуымен, әсем теңеулерімен, шебер ұйқасымен ерекшелендіре білген ақын ағамыздың өткен өмірі, ақындық жолы жайында оның жан жары – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ радиосының үздік қызметкері, асыл ана, аяулы әже Қазина Нұрқановадан сұхбат алудың сәті түскен еді.
– Қазина Сәдуақасқызы, ақын ағамен қалай таныстыңыз алдымен сол жайында әңгімелеп берсеңіз?
– Біз екеуміз де Шал ақын ауданындағы Көктерек деген ауылда туып-өстік. Мені әкем орыс тілін үйренсін деп өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған елді мекенде тұратын ағамның қолына берген. Содан орыс сыныбында оқыдым. Мектепті аяқтаған соң ауылға оралдым. Арманым дәрігер болу еді. Сондықтан құжаттарымды жинап, медициналық институтқа пошта арқылы жібердім. Арада 1 ай өткенде құжаттарымның бір жақ шетіне “қабылдау мерзімінен кешігіп қалдыңыз” деген сілтеме жазып, қайтарып жіберіпті. Осылайша менің арманым жүзеге аспай қалды. Сөйтіп, ауылда жастармен бірге жұмысқа араласып жүрген кезім. Жарасбай да сол кезде университетті бітіріп, ауылдағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп жүрген жас маман. Сұңғақ бойлы жігітті сыртынан көріп, ұнатып жүрдім. Бірақ қыз бала болғандықтан, сезімімді сыртқа шығаруға қаймықтым. Әрі жасы да менен үлкен. Сөйтіп, іштей тынып жүрген кезде көрші ауылдан бір қарт адам келіп, баласына құда түсіп, жеңгелерімнің келісімін алыпты. Мұндай тосын жаңалықты естігенде алдымдағы пеште жанып жатқан отқа қарап отырып, жылағаннан басқа амал таппадым. Құда түсіп, мені алып кететін күнді белгілеп қойған. Жүрекке әмір жүре ме, не болса да өз қалауымсыз тұрмысқа шығудың алдын алу жағын ойластырдым. Ақыры не керек, “тәуекел” деп, өзім бірінші қадам жасап, Жарасбайға жүрек түбінде жатқан сырымды ақтардым. Бірге болуға бел будық. Жүрегімнің қалауымен өзім ұнатқан адамға осылайша тұрмысқа шыққам. Қазір ойлап отырсам, осының барлығы жастық шақтан қалған ұмытылмас естелік сияқты.
– Бұл кез келген бойжеткеннің қолынан келе бермес батыл қадам болған екен. Сол кезде неше жаста болдыңыз?
– 17 жастамын. Жан-жақтан құда түсе бастаған соң өз бақытым үшін осылай күресуге тура келді. Сезімім мені алдамапты Жарасбаймен 50 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып, отбасылық өмірдің қызығын да, шыжығын да бастан өткердік. Шаңырағымыз шаттыққа толып, өмірге Жомарт, Жәнібек есімді екі ұлымыз келді. Олар бүгінде ержетті. Үйленіп, ұрпақ өрбіп, Жанар, Жансұлтан, Нұрзада есімді немере көріп отырған әжемін. Келіндерім Айгүл мен Гүлнәр мені аналарындай сыйлап, алдымнан қия баспайды. Түсіне білген адам үшін осының өзі бір бақыт емес пе?!
– Жарасбай Әнесұлының ақындық жолға қалай келгені жайында айтып берсеңіз.
– Отбасылық өмірге қол ұстасып бірге қадам басқан күннен бастап менің қолдаушым, қамқоршым бола білген Жәкеңнің бойына ақындық ана сүтімен дарыған десем, артық айтқан болмас. Себебі, анасы Күлсім өзі тұрған елді мекенге әнші-жыршы, ақындығымен танымал болған. Қазақ әйеліне тән қарапайым мінезімен ерекшелене білген анасы 1939 жылы бірінші шақырылған сайлауда ауылдық советке қазақ әйелдері ішінен тұңғыш депутат болып сайланған. Оның депутаттық мандаты әлі күнге дейін сақталған. Тағдырдың жазуы болар, Жәкең анасынан 4-5 жасында жетім қалып, ата-әжесінің қолында тәрбиеленген. Бала жүрегінен шыққан ең алғашқы өлеңдерін өзі оқып жүрген мектептің қабырға газетіне жариялаған. Мектептегі әдебиет пәнінің мұғалімі Жылгелді Мұқанов сияқты өнегелі азаматтар алдынан дәріс алып, “болмасаң да ұқсап бақ” дегендей, өзінен үлкен ағаларына еліктеген. Ол оқушы кезінің өзінде де қазақ, орыс, шетел әдебиеттеріне ерекше ден қойып, қолына түскен кітаптарды асқан қызығушылықпен оқитын болған. Алғыр, әр нәрсеге жауап-кершілікпен қарай білетін Жәкең – мектепті алтын медальмен бітірген озат оқушы. Табиғат берген дарынды ұштау үшін мектепті аяқтаған соң Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін қалап, рухани қазынасын байыта түсуді мақсат еткен.
– Қандай тақырыпта қалам тербеді?
– Жәкең – қазақ үшін өмір сүрген, туған халқын, елін, жерін жан жүрегімен сүйіп өткен азамат. Ол қазақ тілінің нағыз жанашыры болды. Патриоттық тақырыпта жазған жырлары өте көп. Сонымен қатар, арнау, толғау жазды, балаларға деген базарлығы да аз емес. Табиғатқа сүйсінбейтін ақын бола ма? Осы жағынан алғанда да Жәкең – туып-өскен жерінің табиғатының сұлулығын өлеңмен көмкеріп, әнмен ажарландыра түскен адамдардың бірі.
“Тағы да өтіп кетіп тамаша жаз,
Тағы да кері қайтып қараша қаз.
Даусы талып жетіп барады өтіп,
Көзіңді бұлдыратып қарасаң аз.
Барады бұлттар да ауып бәсең, баяу,
Тіркесіп бір-біріне тақау, таяу.
Сергімей себелеген ақ жауыннан,
Кең дала керіледі ұйқылы-ояу…” немесе
“Көз жасы көлдей қалың бұлт ауып,
Оралып қайта келердей дәл бір.
Ерте ме, кеш пе, өтеді жауып,
Өткінші жаңбыр, болжаусыз тағдыр”, – деген өлең жолдарын “Күзгі күн”, “Өткінші жаңбыр” туындыларынан жиі оқып, “көшкен бұлттан, жауған жауын тамшысынан іздеген қимастық сезімін түсінгім келеді…
– Сізге арнап жазған өлеңдері де бар шығар?
– Отбасына, балаларына, оның ішінде маған да жазған өлең шумақтары аз емес. 1997 жылы “Қымбатты Қазина!” деген өлең жазды. Оның ішінде менің ата-анам, балаларым жайында көркемсөзбен көмкерілген әдемі жолдар бар. Әсіресе,
“Жаралған жан екенсің
асыл тектен,
Өзіңе жақсы ақынды
ғашық еткен.
Махаббат мәселесін
бірден шешіп,
Күйеуге он жетіңде қашып кеткен”, – деген ойыншыны аралас шумағын ерекше ұнатамын. Өйткені, бұл өлең менің өмірімнің айнасы сияқты. Оқыған сайын жастық шағыма ораламын.
– Жарасбай ағаның мінезі қандай еді?
– Ол өте ұстамды, сабырлы адам болатын. Жиі жаза бермейтін. Аз жазса да, мәнді жазатын. Әдемілікті көре, сезіне білетін. Қолынан келіп тұрса, біреуден көмегін аямайтын. Жүрегі мейірімге толы, ақжарқын адам болды. Ұлдарына қазақы тәрбие беріп, қыз балаға қарындас деп қарап, ананы сыйлап-құрметтеуді айтып, ақылмен жүрекке жол таба білетін асқар таудай әке, қамқоршы отағасы болды.
– Қандай еңбегін ерекше атап өтер едіңіз?
– Поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Жәкеңнің өлеңдерінің барлығы оқырмандары үшін баға жетпес қазына деп ойлаймын. Себебі, олар – ақынның жүрегінен, ой-толғанысынан шыққан туындылар. Ал ерекше тоқталып өтетін шығармашылық еңбегі – “Ерте солған гүлдер” атты азалы жыры. Жарасбай 37 жылдағы тарихи кезеңді тұла бойынан өткізіп, жүрегімен сезініп, жан ұшырған сәбилер мен қан жылаған аналардың жазықсыз жапа шеккендерін көркем тілмен бейнелей білді. Тарихта өзіндік орын алған қасіретке толы дүрбелеңде құрбан болған Алаш азаматтарының рухына арналған құнды дүниенің құдіреті өлеңде орынды қолданған сөздердің мән-мағынасында.
“Өңкей асыл, боздақ, болды-ау күні қараң,
Олар көрген азап – өлімнен де жаман.
Елін сүйген ердің жау атанған кезін,
Ей, қазағым менің, жан-тәніңмен сезін.
Қарауытып орман, қалың тоғай, түнер,
Орнымыздан біздер тұрайықшы түгел.
Тағзым етіп тұрмын, қыбыр етпей үнсіз,
Егілмейтін іштей кім бар екен мұңсыз?” – деген жолдардан ақынның жан айқайын естуге болады. Орны бөлек туындысын сазгер Ерсайын Нарымбаев 2000 жылы “Жас Алаш” газетінен көріп, қатты тебіреніп, ән жазған екен. Содан кейін әнге бейнебаян түсірілді. Бірақ оның тұсаукесеріне қатыса алмай кетті…
– Неліктен?
– Жәкең ол кезде отадан кейін әлі оңала алмай жүрген. Денсаулығының сыр бере бастағанына қарамай, белгіленген кездесуге дайындалып, ерекше тебіреніске бөленді. Алайда, тыңдармандарымен кездесуге арада 3 сағат қалғанда Жарасбай өмірден озды. Осылайша 2011 жылы Астана маңындағы Алжирдің мұражайында бейнебаянның тұсаукесеріне жиналған дүйім жұрт ақынмен қауыша алмай кетті. Ажалға қарсы тұрар кім бар дейсіз? Қиналсам да, ол сыннан да өттім. Жәкеңнің: “Мен жоқта басыңды биік ұста, сары уайымға берілме. Кімнің жары екеніңді ұмытпа”, – деген сөздері жабырқаған жаныма жігер берді. Асылымның осы сөздері мені әлі күнге алға жетелеп, жүрегімді жылылыққа бөлеуде. Қазір мен Астанада болсам да, жол түсіп Қызылжарға келсем де, зиялы қауым өкілдерімен, студенттермен, оқушылармен кездесіп жүремін. Бұл – Жәкеңнің ісін қолымнан келгенше жалғастыруға ұмтылысымның бір көрінісі.
– Ақынның тіл жанашыры ретінде өзінің өткір өлеңдері үшін бір кездерде қудалауға ұшыраған уақыты да болыпты, сол жайында әңгімелеп берсеңіз.
– 1975 жылы “Қазақ әдебиеті” газетіне “Балам еркін білмейді бабам тілін” деген өлеңі шықты. Содан Жарасбайды қудалау басталды. Көп жылдар бойы жазғандары республикалық басылымдарда жарияланбады. Орталық Комитетке түсініктеме беруге тура келді. Басына түскен сол қиын күндердің өзінде де Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің бүкіл шығармаларын оқып, зерттеді. Тіпті, Мағжанның өлеңдерін де бөтен көзден жасырып оқыған. Бұл оның өлең құдіреті арқылы өзінің рухани байлығын молайта түсуге деген құлшынысы деп ойлаймын.
– Ақын ағамыз өмірден өтсе де, артында өшпес мұра – өлеңдерін қалдырды. Сіздің жұбайыңыздың еңбегін еш етпей жинап, осы бағытта үлкен жұмыс істеп жүргеніңіз белгілі. Жырсүйер қауымға айтар қандай жаңалығыңыз бар?
– Қазір 450 беттен тұратын “Замана үні” атты кітап дайындап жатқан жайым бар. Онда Жарасбайдың көптеген жылдар бойы жазған еңбектері жинақталған. Оны жүйелеп, басып шығарып, оқырмандарға жеткізуді өзімнің парызым санаймын.
Сұхбаттасқан
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.