Қызылжар төрінде айтыс ақыны, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Жарқын Жұпарханның «Қызылжарым – қызырбағым» атты шығармашылық кеші өтті. Рухани шараға елімізге белгілі өнер майталмандары, ақын, әншілер, кеш иесінің өнердегі үзеңгілес жолдастары қатысты. Жырға құмар жұрт Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ғимаратын лық толтырып, ақынды құрмет-қошеметке бөледі.
«О, Қызылжар, киелім,
Мен өзіңді өле-өлгенше сүйемін.
Шал ақынның шабыт беріп жырлары,
Өлең-жырдың мен де ағыттым тиегін», – деп сөз бастады ақын.
Кейін еліміздің түкпір-түкпірінен, қала берді Алтайдың арғы бетінен торқалы тойдың шашбауын көтеріп келген өнерпаздар рухани кештің сәнін кіргізіп, көрерменге естен кетпес әсер сыйлады. Жарқын Жұпарханның ізін басып, өлең әлемінің табалдырығын аттаған тұңғышы Сұлтан Жарқынұлы әкесінің кешіне жыр арнап, ұстазы Асхат Ғалеевпен бірге күй тартты.
Аллажар Қайбар, Нұрсұлтан Төлеубай және жергілікті әншілер Біржан Есжан мен Еркебұлан Қарыпов тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, Алтай мен Арқаның әндерін қатар шырқады. Жергілікті театрдың жас актерлері ақынның өлеңдерін оқып, көпшілікті тәнті етті.
Бұл кеште көптің күткені айтыс болды. Алатау мен Арқадан ат терлетіп келген Еркебұлан Қайназар, Рүстем Қайыртай, Серік Қуанған, Ерлан Дәулет, Мұхаммед Қоңқаев, Жұмабек Рахимов пен Қабдолла Бейісхан кеш иесі Жарқын Жұпарханның өнердегі жолын жырға қосып, абыройын асырды.
Қызылжар жұрты кештің басты тартуы – ақынның «Шабыттың шаңқай түсінде» атты кітабын ерекше ықыласпен қабылдады. Аталған жинаққа ақынның таңдамалы өлеңдері мен айтыстары енген. Жаңа кітаптың таспасын белгілі қаламгер, Түркі дүниесі жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұңғышбай Жаманқұлов, ел ағалары – Құдайберген Қалиев пен Ескендір Елеусізов, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов кесіп, жылы лебіздерін білдірді. Ұлықбек Есдәулет ел алдында қызылжарлық ақынға Түркі дүниесі жазушылар одағының мүшелік куәлігін табыстады.
– Мен бүгінгі кешке ерекше сезіммен келіп отырмын. Ертеңіміз үшін алаңдап, ұрпағымыз үшін уайымдап жүргенде халықты жырға бөлеп, ұлтының санасына ой тастаған осындай азаматтарды көріп, көңіл қуанады. Қазақтықтың қаймағын бұзбай отырған қызылжарлық ағайынға да амандық тілеймін, – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Шығармашылық кешке алыс-жақыннан келген елге белгілі азаматтар да игі тілектері мен құттықтауларын жеткізді. Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Жарқынбек Амантайұлы, айтыс ақындары Құдайберлі Мырзабек, Серік Қалиев, Серікзат Дүйсенғазы, «Amanat» партиясының өкілі Еркебұлан Жаулыбаев, ақын Қуаныш Оспан, Моңғолиядан келген кәсіпкер Ғалымбек Мұратұлы ақжарма тілектерін арнап, сый-сияпат көрсетті.
Қызылжарға арналған жыр жолдарымен басталған мазмұнды кеш ақынның сөзіне жазылған «Қызылжар ұраны» әнімен аяқталды. Әсем ән мен сырлы өлеңге, өрелі айтысқа куә болған жұртшылық ақынмен бірге қуанып, бірге шаттанды.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».