«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРІМНІҢ ӨЗЕГІ

 

Жалғызаяқ сүрлеуден – даңғыл жолға


 
… Бір аспанның астында, бір қалада тұрмыс кешсек те, біз – ардагер қаламгер­лер – қым-қуыт тіршіліктің құрсауынан шы­ға ал­маймыз, басымыз үнемі қосыла бер­мейді. Жыл – он екі айда – бір төс түйісті­ретін күніміз бар. Ол – Қарттар күні. Таң ат­қаны, күн батқаны қас пен көздің арасында өтетін уақыт өзіне табиғат жүктеп қойған зор міндетін осы күнге сақтап, иығына түс­кен салмақтан осы сәтте арылады: газеттің жаса­мысы мен жасы табысып, редак­цияда бас қосамыз. 

Биылғы басқосу да ас ішіп, аяқ босату емес, кеңесті көлденең тартты. Көкейдегі ойды қозғап, өт­кен мен болашақтың көпірін са­луға жөн сілтеп жіберді. Көбіне қарттар көкейдегіні көлгірсітпей ақтарды. Топырақ­тан тысқары біздер өмір­ден озған аға-апа­ларды, қыршын­нан қанаты қиылған қи­мас тұстас­тарымызды еске алдық. Газет бас­­шысы Жарасбай Сүлейменов “Бұ­лақ көрсе, көзін аша білетін” қабі­летін тағы бір мәрте айғақтап, әңгі­менің арқауын тауып, арнасын ке­ңіте берді. Бұл жайында “Sol­tústіk Qazaqstan”-ның биылғы 8 қазан­дағы санында толыққанды баян­дал­ғандықтан, әңгіме мәнін қайта­лап айту жөнге келмейді.

Одан түйген салмақты ой – ша­ңырақ көтергеніне келесі жылы бір ғасыр толатын қарашаңыра­ғымыз – “Soltústіk Qazaqstan”-ның жан­ашыр­ларының қатарын мо­лай­ту. Сол басқосудың өзегі осы еді.
Айтқанымыз – айна-қатесіз ақи­қат. Бір кез­дері таралымы 10 мың­нан асып кеткен газет биыл, дәл ғасыр тойының төбесі көрі­ніп тұр­ған сәтте оқырмандарының тең жар­тысынан көз жазып қалған. Қынжыласың!
Газет олқы емес. Айызың қана­тын ізде­ніс­тер көз алдыңда. “Көш жүре түзеледі” деген рас. Жастар саяси, әлеуметтік-мә­дени, рухани жүкті арқалай алады. Мемле­кет мүддесіне жетік, туған тілдің туын жықпауға әбден бейім. Ізденеді, талпына­ды, талаптанады. Тығы­рыққа тіреле қалса, көп көйлекті тоздырған біз сияқты ағала­ры­нан ақыл-кеңес сұрайды. Мұнысы ұнайды.
Ал ендеше неліктен оқырман оң қабағын таныта қоймайды қазір? Ықыласы неге оянбайды?
Көңілге келген ойды көлегейле­мейін… Бүгін “Жаңа қазақ” идеалы – “мәртебесі” пайда болған кез. Мен Америка ашып отырған жоқ­пын. Бұл ойды өзімнің әңгіме өткіз­ген әріптестерім түгел қозғады (“SQ”, 8-ші қазан 2019ж). Жиырма бірінші ғасыр ұлттық рухты, қадым жылдардан бойға дарыған ой нұ­рын жойып, өшіріп барады. Жаңа қазақ – өзге, өгей ұлт емес, түріміз, тегіміз ортақ қандас бауырымыз. Осын­дайда кемеңгер Абайға жүгі­немін.
“Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны билемек”, – депті да­нышпан 1902 жылы жазған “То­тықұс түсті көбелек” деген өлеңін­де. Неткен көрегендік! Ақын­ның осы жалғыз өлеңі ғана ағылшын, баш­құрт, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, та­тар, тәжік, түркімен, ұйғыр тілдеріне ауда­ры­лыпты. Біздің “Жаңа қазағымыз” заманға иленген жаман екен ғой. Туған тілден, ата салт-дәстүрден ада, ойы – байлық, мүддесі – мүлік, мақ­са­ты – мансап жаңа қазақ кө­бейіп, ұлттың келешегі қабырғасына ба­та­тын қара нардай қазақ азайып кеткені жү­ректі паршалайды. Осы ойыма сұңғыла ақын Қадыр Мыр­за-Әлінің Абайға арнап: “Күпі киген кемеңгер өзің ғана, макинтошты миғұла жетіп жатыр” деген өлеңі жа­ңа қазақ жайындағы ойымды ше­гелей түседі. Өйтке­ні, жаңа қа­зақ­қа рухани қазына – қазақ ақын-жазушылары, ұлттық баспасөз, ту­ған тіл мансұқ емес. Ол – рухани жұтаң, жан-дүниесі жетім пенде.
Мен өзіміздің өңіріміздің туған тіл­дегі айнасы “Soltústіk Qazaq­stan”-мен 1961 жыл­дан, он жасым­нан таныспын. Сол жылы мені ағам­ның досы, әдебиетші ұстаз, Шал ақын ауданындағы Балуан ауы­лының ту­масы марқұм Нұржан Ис­қақов “Ленин туы­ның” табалды­рығынан аттатып еді. “Құла­ғың ес­тігенді көзің көрді” деп Біржан сал айт­қандай, үйде ағам жаздырып алып, анама өзім мен әпкем Ғай­ни-Жамал оқып беретін газеттің шаңырағын алғаш мәрте таныған едім.
Балалық іңкәрлік ересен қуат екен ғой. Өзім әр сөзін оқып жүрген газеттің қызмет­кер­лері маған ер­те­гінің адамдарындай әсер қал­дыр­ды. Бұл жайында кейін газетте мақалам шықты. Қайталап жат­пайын. Сол әсер өміріме қазығын қақты. 1961 жылдан бері салған­да, 58 жыл “Soltústіk Qazaqs­tan”-нан ірге бөлмей келемін.
Сол алғашқы кездесу жалғыз­аяқ сүрлеу еді. Елу бес жылдай уақыт бойы газетте өлеңдерім, әң­гімелерім, көсемсөздерім, ма­қа­ла­ла­рым жарияланып келеді. Соның қырық төрт жылында ағыстың ар­насын үз­бей қызмет еттім. Жұмы­сым жеміссіз емес. Облыс басшы­ларының Құрмет грамотала­рын ұзын-ырғасы оннан асырып иеле­ніп­пін. Өзге де марапаттар жетіп, артылады. Даң­ғыл жол осы емес пе!
 
“Әкем тірі, ағам ірі болды ғой!”
 

… Осы эссені жазу үстінде өткен күнде­рім, балғын, балауса шақта­рым ойыма орала кетті. Алматы­да, Қазақ мемлекеттік универси­те­тінде білім ала жүріп, ат­тарынан ат үркетін көптеген оқытушылар­дың тұл­ға­ларына құмарта, тағзым ете тәнті бол­дым. Әсіресе, Зей­нол­ла Қабдолов, Тұр­сын­бек Кәкі­шев, Рымғали Нұрғали, Темір­ға­ли Нұртазин тұңғиық мұхит дерлік бі­лім­дар еді. Нина Политаева, Нина Соголович, Клавдия Мошкина, Александра Мадзигон… Бірінен-бірі өтетін тарландар. Маған дәріс оқы­маса да, Мәлік Ғабдуллин жайын­дағы әңгімелер бесікке бөлегендей әсер ететін.
Сөздің қысқа түйіні – мен фи­лология ғы­лы­мына талпындым. Оған жол да ашылды. Тұрсынбек пен Зейнолла ағаларым мені Әдебиет және өнер инсти­ту­тына жіберді. Бір мәрте дәрісін тыңдап, ғажайып ғұлама-лығы таңғалдырған академик Әлкей Ха­қанұлы Марғұланды қайта көріп, қасынан табыл­дым. Бұл әлі мүлде жас, екінші курста оқитын кезім, 1970 жылы болатын…
Алайда, тағдыр басқа жолды алдыма тартты. Академияда ұзақ қызмет атқаруға мұрша болмады. Қы­зылжарда анам жиі сырқаттана берді. Амалсыз кейін оралуға тура келді…
Студенттік жылдарда ҚазМУ-дің бас корпусының жанында об­лыстық газеттер ілінетін панора­ма­лы алаң болды. Сонда өзгелер­мен қатар “Ленин туы” да үнемі орын алатын. Оқимын,  журналис­тер­дің аты-тегін біліп алғанмын. Өзге облыстардың ұл-қыздары да қатарласа қалып газеттерін шо­лып шығады. Әркім өз өңірінің га­зе­тін мақтайды. Мен де мақтай­мын әрі мақта­намын. Өйткені, өлеңдерім жарияланып тұрады. Газет тірлігіне қызығамын. Менен бі­рер көйлекті бұрын тоздырған аға­ларым Жарасбай Сүлейменов, Шашубай Малды­баев құлын-тай­ды емес, дөнен-құнанды ерттеп мінген екен.
Қызылжарға жиналғанымды ес­ті­генде Тұрсынбек ағай кейіп қалды.
– Академия көптің арманы ғой. Қолдары жетпей жүргендер жетіп жатыр, райыңнан қайт, – деді оның досы әрі осы мен тамам­даған филология факультетін 1950 жы­лы бітірген немере ағам Сафуан Шәймерде­новтің үйінде. Зейнолла Қабдолов бар дастарқан ба­сында.
– Оқасы жоқ! Барсын! Шешесі Дина сырқат екені анық. Үлкен ұлы жайсыз деуші еді. Қолына алсын оны. Екі баламен марқұм ағата­йымнан жесір қалып еді. Зейнол­ла, сен Тұрсынбекше кейіме бұған. Аман болса, жол табады. Алматы қайта есік ашады Зей­ноллаға!
Әрі-сәрі күйімді Сафуан ағам оңалтып жіберді.
Кеттім сонымен. Ат басын тіре­генім – “Ленин туы”. Жаңа орын, жа­ңа қызмет. Есімдерін сырттай ғана білемін көбінің. Анық танитыным Жарасбай мен Шашубай ағала­рым ғана. Амандық Әбжановты, Ба­қыт Мұстафинді бірер мәрте көр­генмін. Мәлік Мұқановпен, Ме­реке Тұралинмен, Болат Қожах­метовпен көз таныспын.
Қызметке алындым. Үйім ре­дак­ция­ға жақын. Ерте келіп, кеш кетемін. Редакция­ның ең жасы мен екенмін. Ағалардың бір де бірі үлкенсіп, саусақ шошайтқан емес.
Ол кезде журналисті бір бөлім­ге басы­байлы тұсап қоймайды. Әр бөлімге жіберіп, ауыстырып отыру қалыптасқан екен. Уәкең – марқұм Уәп Рақымжанов мені бауырына тартты. Кейін өзі айтқандай, ең­бек­қорлы­ғым ұнапты. Содан соң әуелгі ауыл шаруа­шы­лығы бөлімі­нен өнеркәсіпке, құрылысқа, ақы­ры секретариатқа ауыстырды.
Осы соңғы бөлімде жауапты хат­шының – Бақыт Мұстафиннің қарамағына келдім. Орынбасары­ның бірі – мен, екіншісі – марқұм Қайырбек Баймұқанов.
Қайрекең – макетке, газетті бе­зендіруге әбден төселген. Одан Амандық Жантеміров те олқы емес. Қайран қаламын. Қызыға­мын! Сол үшін демалыс күндері үйге ма­кеттерді ала кетіп, ойша материалдарды, суреттерді орна­лас­тырып, безендіруді ал­дыма бұлжымас мақсат етіп алдым.
Әуелгіде бұл істі игеріп кету оңай бол­май, қиналған кездерім есімде. Газет  кешігеді. Кезек­шілер де, мен де, Қайырбек те таң­ды таңға қосамыз. Кейде бір күнгі газет басылып бітпей тұрып, жаңа санын шығара алмай, келесі күн­нің талтүсінде та­мамдаймыз. Өйт­кені, баспахана дәрменсіз, әсіресе қазақ әріптері жетіспейді, линотип машиналары әбден тозған. Өкініш­ке қарай, облыстық партия коми­те­тінің басшылығы бұған мән бере қоймайды…
… Уәп Әшімұлы кабинет ара­ламайтын. Оның бөлмесіне бей­сауат бас сұқпаймыз. Макетті қа­ра­ғанда, беттелген кезде ғана керек адамын шақыртып алатын. Нөмірге тікелей жауапты күндер болмаса, үнемі жауапты хатшы Бақыт Мұстафинмен ақыл­дасып, мәселені шешіп отыратын.
Газетте әңгіме, өлеңдер жиі жа­риялана бер­мейді. Сондықтан орын табыла қой­майды. Бірде 1976 жылғы 4-ші ақпан күнгі нө­мірге макет сызып жатқанымда Ба­қыт ағай:
– Зейнолла, Мәлік сенің бір әңгі­меңді мақтап отыр, соны берші, – дегені.
Ол кезде газет үлкен формат­пен шыға­ды. Бәкең “Дәуір дидары” деген бір беттік әңгімемді өзі ор­наластырып кеп жіберді. Қуана­мын, әрине! Екінші жағынан жүрек­сінемін де.
Біз, әдеби қызметкерлер, лез­демеге қа­тыспаймыз. Сондықтан баспаханада жүр­генмін. Бір кезде ішкі байланыс телефоны арқылы Уәкең шақыртыпты. Жүрегім су ете қалды. “Ұрсады-ау!” деп келемін. Екі өкпем­ді қолыма алып, кабинетке кіріп келсем, ағаларым Рәшид Бәдірленов, Мұхамедқа­ли Нұрғожин, Абай Қазиев, Уәра Нұр­сейі­тов,Бақыт Мұстафин, Сұлтан Темірханов… қысқасы, сайдың тасындай, бәрі отыр.
Әлгі жерде марқұм Уәра ағай (бірді-екілі ғана көрген едім) ал келіп мақтасын әңгімемді.
Уәкең де жылы жүзбен ризалық таныт­ты. Міне, ағалардың алақа­ны қандай ғани­бет! Ал Уәра ағай орыс-қазақ тілдерінің тізгінін еркін тартқан тарлан еді ғой. Аға­лардың бәрі мені алақанына салды десем, асыра айтқаным емес.
Басылымның Әбілқайыр До­сов­тан бас­тап, Кәрібай Мұсыр­ман­ды қосқанда, он алты басшы­сы­ның ішінде Уәп Рақымжа­нов­пен, Бақыт Мұстафинмен, Жарас­бай Сүлейменовпен бірге қызмет атқардым. Олар­дан бұрынырақ газет редакторы бол­ған марқұм Өміржан Оспановпен өте сый­лас едім. Бәрі де ғибратты, жан-жү­ректері таза, көңіл көкжиектері кең адамдар.
Уәкең ақындығымды, жазушы­лы­ғымды, орыс тіліне жетік бол­ған­дықтан аударма­шы­лығымды аңдап, аңғарғаны ғой деп ойлай­мын, секретариаттан хабар, содан соң мәдениет бөліміне меңгеруші етіп тағайындады.
Жоғарыда жазғанымдай, қы­рық төрт жыл ғұмырымда әріптес­терімнен, әсіресе, ағаларымнан көп игілік көрдім. Мәдениет бөлімін басқара жүріп, ақындық қабілетім­ді шыңдадым. Айтыскер ретінде танылып, 1991 жылы облысы­мыз­да өткен республи­ка­лық сөзсайы­сын­да топ жардым. Сол жылы Көк­шетауда өңірдің бас ақыны ретін­де Абылай ханның 280 жылды­ғында облыс намысын қорғадым.
2001 жылы Қазақстан Жазушы­лар одағына мүшелікке қабыл­дады. “Жер­ұйық”, “Мизамшуақ” жыр жинақтарын, “Нұр­лы шуақ” естелік кітабын, “Мәңгілік мұңлық” пьесасын жаздым.
Бұлар мақтаныш емес, газеттің қол бо­сат­пайтын шаруасымен қат-қабат жүзеге асырылған елеулі еңбегім.
2003 жылдың мамыр айында редактор­лық қызметке келген Жа­расбай Сүлей­менов мені жа­уапты хатшы етіп тағайын­дады. Ал 2007 жылы редактордың орын­басары етіп бекітті.
… 1986 жылғы наурыз айында өмір­ден озған анам “Құлыным, еш­қашан мансап қума! Қызметке та­ласушы болма. Абырой­сыз қала­сың. Жаныңда жақсы достарың бар. Соларға сүйен! Ағаларды ар­дақта!” – деп отырушы еді. Марқұм редакцияның тең жарты азаматта­рын жақсы білді, өзі де сыйлады. Әсіресе, Бақыт ағайды, Жарас­бай мен Шашубайды, Мәлік пен Ме­рекені, Қайырбекті аузынан таста­майтын.
…Ертеде Айдабол шешен жасы тоқ­санға келген Қожаберген жы­раудың бата­сын алу ниетімен абызға келіп амандасып, ізет етсе керек. Сонда жырау:
– Мен танымайтын қай бала­сың, шыра­ғым? – депті. – Сөзің мә­нерлі, өзің өнерлі екенсің. Алайда, атыңа қанық емеспін!
Сонда Айдабол шешен:
– Әкем тірі, ағам ірі болды ғой! – деп қарт жырауды сүйсіндірген екен.
Біреу достықпен, біреу өштікпен айтады ғой: мені алға салып, “Сенің қызметің бұдан да жоғары болса, біліміңе сай өрің де, төрің де биіктеуі керек!” дегендей, қолтығыма су бүріккендер кездесті.
Алайда, қай істе де алып-ұшпа әрекет абыройды зая кетіреді ғой. Сондықтан қызмет қуып, қызылтанау болмауға тырыс­тым. Бірі – тірі, бірі – ірі ағаларымның алдына түспей, ешкіммен жаға жыртыспай, адал қызмет атқаруға талпындым. Ағат кеткен тұстарым болған шығар. Бірақ айтсам, ақиқатқа жүгіндім…
Осыдан опық жеп, бармақ шайнамаға­ным анық. Абыройлы қызмет – адамның асыл сипаты екен.
Сөз түйіні – “Soltústіk Qazaqstan”-ның мәртебесі. Бір ғасыр ғұмырында ол бола­шақ үшін үнін естіртті, жүректерге жол тап­ты. Бұл жол ұзара түссе, көкжиегі көзге көрінбестей кең-байтақ болса…
Өзім қатарлы ардагерлерге өмір қайта тыныс бере қоймас. Жас, өскелең ұрпақ ұлт рухын түсірмей, туған тілді, ата салт-дәстүрді өгейсітпесе екен.
Осы екеуінің мызғымас тірегі – қазақы сөз. Оның қайнары – ұлттық баспасөз. Біздің өңірімізде бұл аса абыройлы парызды “Soltústіk Qazaqstan” бір ғасыр атқарып келді.
Оның кіндігін кескен Алаш ардақтылары­ның арманы орындалған-ды. Жаңа ғасыр­да газеттің арқауын үзіп алсақ, ағалар алдында айыптымыз, ағайын. Осы сөзге ұйыған адам “Soltústіk Qazaqstan”-ға төрі­нен орын тауып беретініне кәміл сенемін әрі зәредей де күмәнім болмас!
 

 

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp