«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРІНІҢ ӨЗЕГІ

…Қарлығаштың ұясындай құтты мекен… Облысымыздағы еңселі орта оқу ордасы… Солтүстік өңірдің қазақ қауымының қалаулы білім қонысы.

Аталған лебіздер арналып отырған, сонау өткен ғасырдың 1935-ші жылы шаңырақ көтерген осы қазақ мектеп-интернатының, қазіргі Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған мектепинтернаттың түлектерінің ең шау тартқаны бүгінде ғұмырдың бір ғасырлық деңгейіне жетіп қалғаны анық. Көзі тірісі де, өмірден озғаны да бар, бұл қисапсыз қол іспетті. Мектеп мерейтойының бірінде жүздеген оқушыларының басы қосылғанын көріп, кәрілеріне иіліп сәлем бердік, кішілердің ілтипатына бөлендік. Жасамысы да, жастауы да жетерлік осы нөпірде көзіме мектеп түлегі Бекет Мұстафин де шалынған.

Оны жұрттан бөлежара атап отырғанымның себебі де жоқ емес. 1960 жылға дейін Қызылжардағы жалғыз қазақ орта оқу орны мәртебесін иеленіп келген осы Михаил Калинин атындағы №5 мектептің жанынан сол жылы интернат ашылып, оның игілігін ауыл балалары көрді. Осы мектепинтернатқа Қызылжардағы қазақ тұрғындары да балаларын оқуға берді. Сол қатарда мен де бармын. Бірде 2сыныпта оқитын мені бастауыш сыныптарда сабақ беретін Ерғали Досбаев деген мұғалім: “Сен тақпақты жақсы оқиды екенсің. Жаттау қабілетің де жақсы”, – дегендей мақтап алып, қазіргі “ҚазақстанПетропавл” телерадио компаниясы” орналасқан ғимаратқа алып келді. Ондағы ойы – осы 1960 жылы жаңа ғана шаңырақ көтерген телеарнада Е. Досбаев қазақ тілінде қойылым көрсетпек екен. Мен сол шағын спектакльдің “актері” екенмін. Екінші “актер” – алтыжеті жасар Бекет. Түсіруші оператор – Серік Майлин. Міне, сол шағын ғана қойылымда мен – аға, Бекет іні болып ойнадық.

Ерғали ағайдың Бекетті таңдайтыны – оның әжесі Маймуна апай – интернаттың аспазы. Әжесімен үнемі еріп жүретін Бекетті мұғалім ұнатып қалыпты.

Содан бері елу бес жыл артта қалды. Бекет Мұстафин осы мектепинтернатта білім алды. 1972 жылы оқуды тамамдаған соң көше кезіп кетпей, қаладағы шағын литражды двигательдер зауытының конвейерінде двигательдер құрастырумен айналысты.

Зеректігі, алғырлығы айқын аңғарылатынын ұстаздары бағамдап, бағалап жүреді екен. Оған жоғары білім алуға ақылкеңес берген де сол алтын ұяның бағбандары екенін кейін Бекет ініміздің аузынан талай мәрте естіген едім.

Сол ақылмен ол келесі жылы Целиноградтың педагогика институтына түсті. Қала баласы болса да, ауыл мектебіне барып қызмет істеуден бас тартпады. Онысы да жөн екенін өзі кейін ұқты. Өйткені, қазіргі Мамлют ауданындағы Бостандық мектебінде екі жыл болса да, қабілетін тезге салып көрді. Ұмтылған адамға бұл да жақсы сабақ екен, ол екі жылдан соң өзі оқыған мектепинтернатқа тәрбиеші және физика пәнінің мұғалімі болып орналасты.

Осы тұста бір айта кетерім, Мұстафиндер әулеті осы мектепинтернатқа айтарлықтай еңбек сіңірді десем, артық емес. Өйткені, әжесі Маймуна – 25 жыл аспаз, атасы Мәлік – 7 жыл шаруашылық меңгерушісі, шешесі Зура – 12 жыл түнгі тәрбиеші, ал Бекеттің өзі 23 жыл мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. Бәрін қоса есептегенде, аттай 67 жыл екен!

Мен сол жылдары, жасым кішірек болса да, есімде біраз оқиғалар сақталып қалыпты. Өйткені, Бекеттің атасы Мәлік те, Маймуна да менің шешеммен жақсы және жиі араласты. Оның себебі, Мәкең 19 жыл бойы “халық жауы” деген жаламен азап шеккен екен. Мұндай азаптың ”дәмін” менің шешем де тартты ғой.

Бекет Салықұлы 20032010 жылдары Мамлюткадағы облыстық санаторийлікмектепинтернатты басқарып, оның бұрынғы директоры “КСРО Халық мұғалімі” Григорий Максимович Кубраковтың лайықты ізбасары бола білді.

Өзінің таңдауы да, оң жамбасына келетіні де физика мамандығы болған соң Бекет Салықұлы осы бағытқа ойыса берді. Оған өзі алғашқы сәттерден, жасаңдау кездерінен үлгі тұтқан Жақсылық Ғалеев сияқты ұстазы да әсер етті. Одан соң дарынды балаларға мамандандырылған мектепинтернаттың бүгінгі басшысы Күлжан Түкенованың ықылас білдіруі де қозғау салып, ол осы алтын ұясына қайта оралды.

Кейде осы ұстаздық істің күнделікті қайталанып жататын тірлігі сырт көзге біртекті сынды көрінетіні рас. Алайда, ұстаздардың қайқайсысымен тілдессең де, олар осы өмірді өздерінше асқақ леппен айтатынын, осылайша пайымдайтынын аңғарасың. Әсіресе, үздік шәкірттер жетістігі ұстаз жанына нұр құяды. Мұндай озат оқушылар Бекет Салықұлының да жанын ұйытады. Атап айтқанда, оның Ниязбек Нұғыманов, Асқарбек Әбілқайыр, Дәулет Жанатаев, Асылбек Жұмағали және басқа да бірнеше шәкірттері – физикадан облыстық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, жүлдегерлері болды. Әсіресе, 2013 жылы Асқарбек Әбілқайырдың компьютерлі физикадан Мәскеуде өткен Халықаралық олимпиадада бірінші орын алуы – оқушының да, ұстаздың да ең биік мерейі.

Ол ұстаздық ететін гимназияинтернат оқушыларының Ұлттық бірыңғай тестілеуде бесінші пән ретінде физиканы таңдауына Бекет Салықұлының еңбегі мен біліктілігі ықпал жасағаны анық деуге болады. Соған орай түлектері 20132014 оқу жылында осы пән бойынша өңірімізде үшінші көрсеткішке ие болса, биылғы қорытындылары да жаман емес.

… Оның Түмен облысының Қазан ауданындағы Елсау ауылында тууының сырын кейін аңғардым. “Қараша – хан тұсында, тұрымтай – би тұсында” демекші, атасы “халық жауы” атанып, “қоңыраулы” болғандықтан, Бекет Салықұлының әкесі де атақонысы Қазақстаннан шет шығып кетіп, бассауғалағанын қалайша түсінбеске? Бірақ туған еліне, атажұртқа келгеніне туыстары шүкіршілік етті. Содан бері елу жылдан асты. Осы шаңырақтың бір тумасы Бекет Салықұлы да өз елінің перзенті болып отыр. “Ат айналып, қазығын тапты” деген осы да.

– Мен өзімді бақыттымын дей аламын. Таңдаған жолым, адастырмас бағдарым бар. Өмірімнің өзегі, арманымның арқауы – ұстаздық. Осы жолмен тынбай жүру – парызым, – дейді Бекет Салықұлы.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp