Шалақындық Айнагүл Шоткинамен танысқаныма алты жыл болды. Кезінде аудандық газеттің тілшісі ретінде облыстық басылымға мақалаларын жиі жіберіп тұрды. Кейін жақынырақ таныстық. Журналистке тән қасиетпен терең ойлап, көркем сөйлеуге тырысатын Айнагүл Қабдылманқызын жаңа қырларынан тани түстік. Ауданның жағдайын бес саусағындай білетін ол бізді қалам тартуға тұрарлық бірнеше нысанға апарды. Сол жолы әріптесіміздің көмегімен керек ақпараттарымызды алып, олжалы қайттық.
Бүгінде зейнет жасына жеткен Айнагүл Қабдылманқызы туралы жылы пікір білдіру әріптестік міндетім деп ойлаймын. Оның журналист ретінде қалам тартқан тақырыптары таныс болғанымен, өмір белестерінен хабарсыз екенмін. Сондықтан кездесудің қисынын келтіріп, әңгіме құрдық. “Зымырап жатқан уақытты бөгеп, көңілімдегі кейбір ойларды жүзеге асыра алмағандығым болмаса, өткен күндерге өкпем жоқ”, – деген жанның санасында әңгімеге арқау болатын дүйім дүниелер жатқандығын аңғару қиын емес еді. Бір адамның өмірін бір мақалаға сиғызу мүмкін емес. Сондықтан оның әке жолын қуып, мұғалімдік мамандықты таңдағанын және өнерсүйгіштігін ғана айтып өткенді жөн көрдім.
Айнагүлдің әкесі Қабдылман Долдин – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі. Ол Шал ақын ауданы бойынша осындай дәрежеге жеткен төрт ұстаздың бірі. Әкесі 1958-1982 жылдар аралығында Жамбыл ауданындағы Қарағаш ауылында мектеп директоры болыпты. Сол ауылда Айнагүл ұстаздыққа алғашқы қадамын жасапты. Әлбетте, ұлағатты ұстаздың қызы өзінің осы мамандықты таңдауына әкесінің зор ықпалы болғанын айтады. Қабдылманның бес қызы да әке жолын қуған. Екеуі – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің, тағы екеуі – бастауыш сыныптың, біреуі тарих пәнінің маманы. Бүгінде Долдиндер ұстаздар әулеті ретінде мадақталып жүр. Олардың ұстаздық еңбек өтілі 190 жылды құрайды екен. Айнагүл жеті жылдай журналистика саласында бағын сынап, кейін мектепке қайта оралды.
Айнагүл Қабдылманқызы – сөз өнеріне, театр әлеміне ынтызар жан. Ауыл қызының қалаға жолы түссе, ондағы мәдениет, өнер ордаларын жағалап кетуі жас күнінен қалыптасқан әдеті екендігін айтады.
– Қарағанды қаласында училищеде оқып жүргенде бір бөлмеде тұратын қыздарды театрға, ақын-жазушылармен, әртістермен кездесуге барайық деп қолқалайтынмын. Ұсынысыма құлақ аспай жатса, ертеңгі күні оқуларыңды бітіріп, ауылға барғанда өнер ордаларында демалған күндерді сағынасыңдар деп әйтеуір көндіретінмін, – дейді.
Жаңажол орта мектебінде ұстаздық еткен жылдары ауылға ақын Ерік Асқаров келеді. Кездесу өтетін орын – ауыл мектебі. Айнагүл сол жолы ақынмен жүздесіп, кітабына қолтаңба жаздырып алады. Кейін Петропавлда оқып жүргенде айтысқа барып, онда төрелік етіп отырған Ерік Мұхамед-хафизұлымен тағы кездеседі. Ақын көрермендер сыйлаған үш тал раушан гүлін қолына ұстатыпты.
– Айтыстан шыққан соң қасымдағы қыздарға үйге жаяу барайықшы деп жалынамын. Олар: “Гүліңді жұрттың барлығына көрсеткің келеді ғой”, – деп әзілдейді. Шынында да, мен үшін биік тұлғалы адаммен кездесу, жүздесу, бір-екі сөз болса да сөйлесу – үлкен бақыт. Қалаға келіп, бір мәдени шара көріп кетсем, көңілім марқайып қалады, – деп ағынан жарылды.
Оның өнерге деген ерекше сүйіспеншілігінің тағы бір көрінісі – қырық жыл бойы тамашалаған әр қойылымның, концерттің, айтыстың билетін, я болмаса бағдарламалық буклетін бүгінге дейін сақтағаны. Бір бума. Оның өткен ғасырдың сексенінші жылдары Ескендір Хасанғалиевтің, Роза Бағланованың концерттеріне барғанын ескі қобдишасында сақталған театрдың билеттері растайды.
Ал Ерік Асқаровтың, Марфуға Айтқожинаның, Ақұштап Бақтыгерееваның, Кәкімбек Салықовтың арнайы қолтаңбасы бар кітаптар – Айнагүл Қабдылманқызы үшін баға жетпес құнды дүниелер.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.