«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНДІРІСТЕ ӨСІМ ЖОҒАРЫ

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы кезекті баспасөз мәслихатын “Индустриялды Қазақстан” тақырыбына арнап, тәуелсіздік жылдарындағы өңірдің индустриялық-инновациялық даму көрсеткіштері жайлы сөз болады.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов тәуелсіздік жылдарында елдің, өңірдің экономикалық-әлеуметтік даму үдерісінің қарқынын айқындайтын деректерді алға тартты. Егемендік алған алғашқы жылы өндіріс көлемі 7 миллион теңгені құраса, бүгінде ол көрсеткіш 167 миллиард теңгеге жеткен. 2 мыңнан аса жаңа өнім түрлері пайда болған. Әріге бармай-ақ, биылғы жылдың көрсеткішіне тоқталсақ, өнеркәсіптік өндіріс он айда 148,5 миллиард теңгенің өнімін шығарып, 0,3 пайыз өсім байқатқан. Өңдеу өнеркәсібімен айналысатын 463 кәсіпорын 6341 адамды жұмыспен қамтып отыр. Инновацияны басшылыққа алған кәсіпорындардың білікті мамандары мен жаңарған техникаларының арқасында бәсекеге қабілеттілік артқан.

Облыстағы машина жасау саласында да үлкен серпін байқалады. Өнеркәсіп өнімділігінің 20 пайызы осы саланың еншісінде. Үстіміздегі жылдың он айында машина жасау саласы 21 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Биылғы алған тапсырыс көлемі 35,8 миллиард теңге екендігін айтсақ, бұл өткен жылмен салыстырғанда, 51,5 пайызға жоғары. Өңірлік тауар өндірушілер еліміздің батыс облыстарындағы мұнайшылармен жақсы қарым-қатынас орнатып, оларға қажетті құрылғылар мен қосалқы бөлшектерді жасап беруге әлеуеті зор екендігін дәлелдеп отыр.

2010 жылдан бері индустрияландыру бағдарламасы бойынша 54 жобаны жүзеге асырған облыс кәсіпорындары 41 миллиард теңгені ұтымды пайдаланып, 2 мың жұмыс орнын ашқан. Осы жобалар негізінде 36 жаңа кәсіпорын бой көтерді. Бағдарлама бойынша сүт және ұн өнімдерін өндіруге, кен өндірісіне, ауыл шаруашылығы техникаларын шығаруға басымдық берілді. Алдағы жылдарға белгіленген жоспарлар да ауқымды. 2017 жылы Тайынша ауданында майлы дақылдар өңдейтін зауыт құрылысына қомақты қаржы бағытталмақ. Бұл Қытай инвесторының көмегімен жүзеге аспақ. Сондай-ақ, 8 жобаға 13,5 миллиард теңге жұмсалып, 540 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Индустрияландыру картасының 2018 жылғы жоспарында Айыртау ауданындағы кен-металлургия кешенінің жобасы бар. 2010 жылдан бері картаға енгізілген кәсіпорындар нарыққа 117,8 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Үстіміздегі жылдың 10 айында өңдеу өнеркәсібі 19,8 миллиард теңгенің өнімін шығарды, алдыңғы жылдарға қарағанда өсім байқалады. Шикізат емес тауарларды шетелдерге шығару үдерісі де жақсы қарқын алған. Биылғы жылдың тоғыз айында 41,9 миллион АҚШ долларының өнімі сыртқа сатылыпты.

Инвестиция тарту бағыты бойынша да үлкен жұмыс атқарылған. Облыс кәсіпорындарына 127,4 миллиард теңгенің инвестициясы құйылған. Облыс әкімдігі өңірдің инвестициялық ахуалына сараптама жасап, түрлі шаралар ұйымдастыруда. Инвестиция тарту қарқыны бойынша біздің өңір республикада көш басында. 2015 жылы шетелдіктердің құйған қаржысы 2,7 миллиард теңгені құраса, бұл көрсеткіш алдыңғы төрт жылдың қосындысынан асып түскен. Инвестиция тарту бағытын жандандыра түсу үшін үстіміздегі жылдың 5 қазанында облыс орталығында “Қызылжар инвест – 2016” форумы өтті. Онда 207 миллиард теңге көлемінде 22 келісімшарт жасалып, алдағы уақытта олардан үлкен нәтиже күтілуде.

Басқарма басшысы тау-кен өнеркәсібін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа тоқталды. Облыс аумағында пайдалы қазбалары бар 286 кен орны анықталған. Өңірде минералды шикізат қоры мол.

Экономикалық дағдарыстардың ықпалынан еңсесін көтере алмай қалған кәсіпорындар да жоқ емес. Соңғы бір жарым жылдың ішінде солардың 14-і қызметін қайта жандандырған.

Журналистердің қойған сауалдарына жауап берген басқарма басшысы Тайынша ауданындағы “Тиолайн” ЖШС-ін қайта іске қосу үшін үлкен жұмыс атқарылып жатқандығын, “Bartec” кәсіпорны мен ғимарат иесінің арасындағы сот аяқталғаннан кейін ғана серіктестіктің жұмыс істеу немесе істемеуі шешілетіндігін айтты.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp