Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін республикамыздың түкпір-түкпірінде, оның ішінде облысымызда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен бірқатар ірі өндіріс ошақтары ашылып, көптеген кәсіпорындар шаруашылықтарын кеңейтті. Тұңғыш Президентіміздің ұйытқы болуымен жүзеге асырылған жобалардың бірі – “Үдемелі индустриялық инновациялық даму” бағдарламасы. Бұл жобаның игілігін көрген іргелі компаниялардың қатарында “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар.
Сонау 1994 жылы ашылған кәсіпорынның бүгіндері облыстағы танымал ірі өндіріс ошағына айналғаны баршамызға аян. Серіктестіктің бірінші басшысы Анатолий Шарапаев алғашқы кездері дистрибьютерлік қызметпен, яғни шетелден ағаш және темір бұйымдарына арналған бояулар тасып, сатумен айналысқан. Нарықтағы бәсекелестік, тұтынушылардың сұранысы табыс табуға деген қызығушылығы бар адамның жұмысын ширата түсері хақ. Араға жылдар салып, бұл азаматтың жолын балалары жалғады. Әкесінің ісін жалғастырған екі ұл да жылдан-жылға бизнесті кеңейтуге үлестерін қосты. Бүгіндері “Радуга” серіктестігін Дмитрий Шарапаев басқарып келеді.
– Біздің компанияның филиалы Қазақстанның әрбір қаласында бар. 500-ден астам тауар түрін шығарамыз. Шекілдеуіктерден бастап, тұрмысқа қолданылатын қажетті заттар мен сабын және тағамның түр-түрін өндіріп келеміз. Біздің ұжымда 1600-ге жуық адам еңбек етеді, – дейді ол.
Серіктестік дистрибьютерлік қызметті жалғастыра отырып, өңдеуші кәсіпорын ретінде қалыптасты. Сауданың 50 пайызын өз тауарлары құрайды. Кәсіпкерлер бизнесті әртараптандыру арқылы табысты арттыруға, экономикалық дағдарысты еңсеруге болатынына көз жеткізіп, кәсіпорынның ішінен жаңа өндіріс ошақтарын ашты. Мәселен, 2014 жылдан бастап полиэтилен қапшықтарын шығара бастады, осылайша нарықтағы сұраныс қанағаттандырылды. Кейін Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында қайта өңдеу цехын іске қосып, пластик бұйымдарды жасайтын шикізатты өздері өндіруге қол жеткізді.
2015 жылдың желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Үдемелі индустриялық-инновациялық даму” бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында іске қосылатын жаңа жобалар бойынша жалпыұлттық телекөпір өтті. Тұңғыш Президент ел аумағында жұмыс істеп тұрған инновациялық нысандардың жұмысымен танысып, екінші бесжылдықтың бірінші жылында жүзеге асырылатын өндіріс орындарының іске қосылуына рұқсатын берді. Бұл кезде “Радуга” серіктестігінің “Тез әзірлейтін азық-түліктер өндіру жөніндегі зауыты” іске қосылды. Жобалық құны 147,7 миллион теңгені құрады. Нәтижесінде елімізде теңдесі жоқ жаңа өнім түрлері әзірлене бастады. Жаңа өндірісте құрғақ таңғы ас пен түрлі қауыздар шығару ісі игеріліп, өнімнің 25 түрін өндіру қолға алынды.
– Біз бұл жаңа өндірісті қолға алған кезде қатты қобалжыдық. Елбасымызбен онлайн байланысқа шығып, ол кісінің ізгі тілегін естіген кезде қорқынышымыз су сепкендей басылды. Бұл сәтті естен шығару мүмкін емес, – дейді Дмитрий Шарапаев.
Бүгіндері Елбасы ашқан жаңа өндіріс цехы толық қуатында жұмыс істеп келеді. Тәтті құрғақ таңғы ас пен түрлі қауыздар шығаратын нысанда тәулігіне өнімнің 4 тоннасы әзірленеді. 2017 жылы көпсалалы зауыт облыс орталығында жылдам пісетін ботқаларды, сорпаларды, картоп езбесін дайындайтын цехты іске қосты. Ал кейін жылдам пісетін кеспе, құрғақ таңғы ас, жүгері таяқшаларын әзірлейтін екінші цех жұмысын бастады. Жоба құны – 1,1 млрд. теңге. Цехта 48 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл жолы жаңа өндіріс ошағын тұрғызуға “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы көмегін тигізді. Қазіргі уақытта компанияның өнімі “Паста – мама” брэндімен танымал.
Бүгіндері серіктестік сабын өндірісін де бір жолға қойған. Мамандар ай сайын бұл өнімнің 350 тоннасын шығарады. Биыл кәсіпорын қағаз өнімдерін әзірлейтін фабрика тұрғызуды қолға алды. Жаңа өндіріс ошағы Петропавлдың индустриалды аймағында салынып жатыр. Тың жобаның құны 2 млрд. теңгені құрайды. Тәулігіне 15 тонна жарамсыз қағазды өңдеп, 5 тоннаға дейін дайын өнім шығаруды көздеп отыр. Сондай-ақ серіктестік басшылығы алдағы уақытта заманауи жылыжай кешенін салуды да жоспарлап отыр. Онда көкөністің түр-түрі өсіріліп, тауардың 70 пайызы Қазақстан нарығында, 30 пайызы Ресейдің көршілес облыстарына саудаланбақшы.
Жуырда кәсіпорын кезекті рет өндіріс көлемін ұлғайтты. Металл-пластик зауыты екі жаңа желіні іске қосты. “Қарапайым заттар экономикасы” мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жоба қазіргі күні тұтынушыларға 120-ға жуық өнім түрін ұсынып келеді. Бір айда зауыт халық күнделікті тұтынатын 200 млн. теңгенің бұйымын шығарады. Енді өндіріске қажет пластик бөтелкелердің бұрандалатын бөлшегін де жасауға қауқары бар.
– Бұған дейін бөтелке жасаған кезде қақпағы бұрандалатын пішінді өзге кәсіпорындардан сатып алатын едік. Жаңа қондырғыны сатып алып, өзіміз бұл дайындамаларды әзірлей алатын болдық. Бұл, әрине, өнімнің өзіндік құнын арзандату үшін керек. Оған қоса, бұл желінің іске қосылуының арқасында жаңа жұмыс орындары пайда болды, – дейді серіктестіктің металл-пластик зауыты директорының орынбасары Алексей Воропаев.
Айта кету керек, серіктестік “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында 270 млн. теңгенің несиесін ресімдеді. Бұған қоса, кәсіпорын басшылығы қосымша инвестиция құйып, полимерлі люктарды жасайтын қондырғыны да сатып алды. Бұл құрылғының көмегімен жер астындағы коммуникацияларға қажет және кәріз жүйесінің люктарын шығара бастады. Айына шамамен бұл өнімнің 400-500 данасы дайындалмақ.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.