Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыс орталығындағы бірқатар ірі өндіріс орындарын аралап, олардың жағдайымен танысты.
Облыс әкімінің жергілікті өндіріс ошақтарымен танысуы “ЗИКСТО” АҚ-нан басталды. Мұнда өңір басшысын атқарылып жатқан жұмыс барысымен кәсіпорынның бас директоры міндетін атқарушы Владимир Шумаков таныстырды. Оның айтуынша, зауыт 2012 жылы 4,7 млрд. теңгенің өнімін шығарса, 2013 жылы оны 4,9 млрд. теңгеге жеткізген. Ал үстіміздегі жылдың сәуір айына дейінгі көрсеткіш әзірге 375,5 млн. теңгені құрайды. Өткен жылы онда 411 жүк вагонын жасап шығарса, биылғы жылға әлі тапсырыс түспей отыр. Бұл жайға алаңдаушылық білдірген Ерік Хамзаұлы мәселені шешуге барынша қолдау жасайтынын айтты.
Келесі кезекте өңір басшысы “Мұнаймаш” АҚ-ның өндірістік цехтарын аралап көріп, олардағы жаңа орнатылған осызаманғы қондырғылардың жұмысымен танысты. Кәсіпорын негізінен штангілік ұңғыма сорғыларын шығарады. Оның өнімдерінің әлемдік стандартқа сай және сұранысқа ие екенін білді .
Сондай-ақ, облыс басшысы “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” АҚ-да болып, ондағы жұмыс барысына қанықты. Кәсіпорын 16-1200 мм -лік полиэтилен құбырларын жасаушы еліміздегі ірі компаниялардың бірі саналады. Мұнда бұрнағы жылы 4 жаңа желі іске қосылып, полиэтилен құбырларын шығару өнімділігі жылына 26 тоннаға дейін өскен. Бүгінде зауытта әртүрлі құбырлар шығаратын 18 өндірістік желі бар.
Зауыттың бас директорының орынбасары Андрей Титов облыс басшысына қазір Қазақстан мен Ресей Федерациясының кәсіпорындарымен 1 млрд. теңгеге жуық өнім шығаруға келісімшарт жасалғанын айтты.
Одан кейін түс ауа өңір басшысы тағы бірқатар қала кәсіпорындарында болды. Соның ішінде өз өнімдерін Ресей Федерациясына экспорттай бастаған “Петропавл құбыр зауыты” ЖШС-і бар. Зауыт өзінің өнім өндіру көлемін 17 мың тоннаға дейін ұлғайтып, Еуразиялық экономикалық одақ аясында экспорт көлемін өсіру арқылы өткізу нарығын 6 миллион АҚШ долларына дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
“ПАМЖ зауыты” АҚ – қаладағы ең қуатты кәсіпорын. Өндірісте 1200 адамды еңбекпен қамтып отырған зауытта өткен жылы орташа айлық еңбекақы 96 мың теңгеден айналды. Жыл сайын шығарылатын өнім көлемі арта түсуде. Ол 2011 жылы 3 миллиард теңгені құраса, өткен жылы 5,6 миллиард теңгеге жетті. Облыс әкімі онда шығарылып жатқан өнімдермен танысып, кәсіпорын басшыларынан экономикалық одақ аумағындағы экспорттық мүмкіндіктері жайында сұрап білді.
Өңір басшысы басқа да бірқатар кәсіпорындарда болды.
Мағжан АХМАДИНА,
журналист.