«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің “Тәуелсіздік толғауы” деген еңбегінде Тәуелсіздік – сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі, Тәуелсіздік кешегі батыр бабалар өсиет еткендей, Қазақстанды қасық қаны қалғанша қорғау жөніндегі әрбір азаматтың қайсар шешімі екенін атап өткен еді.

Қазақ жұртының тәуелсіз ел болуына ұстаздардың да қосқан үлесі орасан. Ұлтжанды ұрпақ өсіру жолында елге рухани басшы болған, ана тіліміз бен мәдениетімізді сақтап қалу үшін бар күш-жігерін жұмсаған ұлағатты ұстаздар туралы жастарға жеткізу, бүгінгі аға буын өкілдерінің, яғни біздің еншімізде. Әр заманда ана тіліміздің тағдыры үшін жанын шүберекке түйіп еңбек еткен ұстаздар тағылымы ұмытылмауы керек. Себебі, олардың тәжірибесінде ұлттық нәр бар. Жаһандану үдерісінің қауіпті нышандары айқын танылып отырған бүгінгі заманда бұл аса маңызды.

Халық арасында “Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер”, – деген нақыл сөз бар. Данагөй халықтың дәл осындай тұжырым жасауы тегін болмаса керек. Ұстаз – адам баласын әліппеден бастап, дүниенің тылсым сырларын тану жолындағы қиындық асуларынан асып, жеңіс шыңына жетелейтін бірден-бір тұлға. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” деген де сөз бар. Нағыз ұстаз шәкірттерінің шынайы құндылықтарға негізделген өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына ықпал етеді.

Еліміздің азаттығы жолында өзіндік үлесі бар ұстаздардың бірі – Мағел Басыбаев. Өйткені, оның қазақ балаларына жанашырлығын көріп өстік. Осыдан он жыл бұрын оның шәкірттері құрастырып шығарған “Өнегелі өмір” атты жинақ кітапшаны парақтап отырып, Мағел ағайымыздың алғашқы сабағы туралы күнделік жазбасына көзім түсті. “Бүгін мен екінші рет сабақ бермекпін. Сабақ тақырыбы – “Алтын аймақ”. Алдын ала әдебиет пәнінің тәжірибелі оқытушысынан ақыл-кеңес алдым. Тәжірибелі ұстаздың ақылына сай дайындық жасадым. Бұдан екі күн бұрын жасаған сабақ жоспарымды бекіттірдім. Бірақ әлі де дайындық керек. Мектепте әдебиет пәнінен сабақ беретін мұғалімге зор міндет жүктеледі. Ол міндет – әдебиет сабағы, әдеби образдар арқылы оқушыларды Отанды сүюге, еңбексүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу. Әдебиетте қандай образ болса да, оның тәрбиелік мәні бар. Жағымдысынан үлгі алады, өнеге үйренеді, еліктейді. Жағымсызынан жиренеді. Міне, дәл осы сабақта екі образ арқылы өмір шындығымен байланыстырып, оқушылар санасын тәрбиелеуге тиіспіз”. Еңбек жолын енді ғана бастаған жас ұстаздың өз ісіне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтыны осыдан-ақ аңғарылады. Мағел Әлмырзаұлы өмір бойы жауапкершіліктің үдесінен көрініп өтті. Өзінің ұстаздық кәсіп, жас ұрпақ, ел алдындағы жауапкершілігін бір сәт те естен шығарған жоқ.

Мағел Басыбаев 8-сыныпта оқып жүргенде, соғыс басталып кетіп, оқу жайына қалады. Өмір ерте есейтіп, кеңшар жұмысына араласады. Буыны қатпаған жас бала қариялармен бірге соғыстың ауыртпалығын көрді. 1945 жылы Преснов ауданының Тауағаш мектебіне бастауыш сыныптың мұғалімі етіп жібергенде ол 1 мен 3; 2 мен 4-сыныптарды қосып оқытады. Өзі жас, тәжірибесі жоқ бозбалаға ұстаздық қызметтің алғашқы жылдары осылайша әжептәуір қиындық тудырған екен. Директордан сыныптарды бөлек оқытуға рұқсат алып, жарты еңбекақымен жұмыс жасағанын да өз аузынан естіген едік. Өз өмір жолы арқылы ұстаз жолының ауырлығын біздің санамызға сіңіріп отыратын.

Ұстаздық – сенің айнымас бағдар ғұмырың,

Бәйтерек бүгін шаншыған әрбір шыбығың.

Жалғаннан мынау ұстаз боп өткен жалықпай,

Биікте сенің, биікте сенің Тұғырың! – деген ақын өлеңінің осы жолдары Мағел ағайға арналғандай.

Мағел ағамыз 1953 жылы бұрынғы Преснов ауданының Ленин ауылындағы мектепке директор болып барады. Мектеп үйі ертеде ағаштан қиылып салынған ескі екен. Келер жылы жаз шыға салысымен, елдің азаматтарымен ақылдасып, жаңа мектеп ғимаратын салмақшы болады. Тәуекелге бел буып, ескі мектепті бұзып, іске кіріседі. Мұғалімдер, ел азаматтары бар, барлығы күні-түні дамылсыз еңбектеніп, ақыры 1 қыркүйек күні қарсаңында жаңа мектепті дайын қылады. Бар болғаны екі айдың ішінде жергілікті ағаштан мектеп тұрғызып, жаңа оқу жылына дайын қылу оңай жұмыс емес. Ағай ел мүддесі үшін тәуекелге бел буып, ерлік жасады. “Ұят”, “намыс” дегенді ол психологиялық категория емес, қасиетті адами болмыс деп санайтын.

Мағел Әлмырзаұлы 1963 жылы Жамбыл орта мектебіне директордың орынбасары қызметіне келеді. Қазақ сыныптарында оқушылар аз, жабылудың аз-ақ алдында тұр екен. Ол оқу жылы басталғанша өзі аралап жүріп, Ленин, Орталық, Балуан, Киров, Айымжан, Жарқын, Суаткөл, Үлгі сияқты кілең қазақ ауылдарынан оқушылар жинайды. Тіпті, интернатта тұруға орын болмаған соң 14 оқушыны өз үйіне қойып оқытқаны да көз көргендерінің жадында. Осылайша, 1965 жылы қазақ сыныптарының тұңғыш түлектерін оқытып шығарды. Кейін Жамбыл орта мектебі аудандағы ең үлкен мектепке айналды. Қазақ сыныптары қос-қостан болатын. Мағел ағай көп жыл осы мектепте директорлық қызмет атқарды. Жамбыл орта мектебі бүкіл аудандағы ең ірі ұлттық тәрбие орталығына айналды. Бұл аралас тілді мектеп еді, себебі, бұл елді мекенде қазақтан гөрі орыс ұлты басым болатын. Соның өзінде, әсіресе, коммунистік партия саясаты дүрілдеп тұрған кезде казақ тілінде білім беруді осындай деңгейге көтеру үлкен ерлікпен пара-пар еді.

Ағай өнерге де құштар болатын, оның қазақтың көркем туындыларының бірі “Қыз Жібек” туралы, қазақ театры мен әртістер туралы қызықты әңгімелерін ұйып тыңдайтынбыз.

Ол өз елінің патриоты болатын. Бір жолы: “Барған мектебіміз жақсы екен, бірақ қабырғадағы стендте “Орыс орманының құстары” деген жазу көзіме түрпідей қадалды. “Ойпырмай, Қазақстанда адасып жүрген қандай құстар? деп ойладым” деген еді. Сабақ беру үлгісі де өзгелерден ерекшетін. Әр баланың мінез-құлқына, қабілетіне, болмысына көңіл бөліп, әрқайсысына арнап өлең шығарып, қалжыңдап та отыратын.

Уақыт өте келе Мағел Әлмырзаұлы басқарған Жамбыл мектебі таза қазақтілді оқу орнына айналды. Әрине, бұл қажырлы еңбектің жемісі еді.

Оның қойын дәптерінде сақталған мына ой-толғамдары да парасаттылығына, ерекше қабілетке ие ұстаз болғанына дәлел. “Жасөспірімдерді өзін-өзі тәрбиелеуге үйрету – педагогикалық шеберліктің шыңына шығу. Ол ешқашан оңай емес екені әркімге-ақ мәлім. Оның қиян-қилы баспалдағы болмақ”… “Білімді тек емтихан үстінде сынау – іске сыңар жақты көзқарас”. “Ұстаз – өмір бағбаны, өнер бағбаны, келешек бағбаны. Ұстаз – жауқазын көңіл, жас ұрпақтың бағбаны”. Міне, Мағел Әлмырзаұлы осындай ұстаз еді.

Осы күні ана тілін, ұлттық мәдениетті дамыту үшін ешқандай жаңа технология, шетелдік тәжірибе іздеудің қажеті жоқ Өйткені, онда ұлттық нәр болмайды. Мағел Басыбаев сияқты ұлтжанды азаматтардың жүріп өткен жолынан сабақ ала білсек жетіп жатыр.

Гүлдарай ҚАЙНЕТОВА,

Назарбаев Зияткерлік мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp