Өнерге әркімнің таласы болғанымен, ол адам бойындағы қабілеттің ең биік шыңы және бәріне бірдей дари бермейді. Өнерді өміріне серік еткен домбырашы Аслан Төкен – ұлттық дәстүрдің киесін білетін, қадір-қасиетін ұғынған өнерпаз. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде домбырадан сабақ беретін ұстазбен жақында сұхбаттасудың сәті түсті.
– Аслан Асылбекұлы, адамды орта тәрбиелейді деп жатамыз. Сіздің өнер жолына келуіңізге орта ықпал етті ме, әлде отбасыңыздың әсері бар ма? Жалпы өнерге қалай келдіңіз?
– Мен Есіл ауданындағы Өрнек ауылында дүниеге келдім. Бұл – талай дарынды тербеткен қасиетті мекен. Сондықтан мен де өнерден алыс кете қойған жоқпын. Отбасыма келетін болсақ, мен ғана өнер саласын таңдадым. Қызығушылық мектеп қабырғасынан басталды. Сол кезде аудандық қор құру үшін біздің мектептің оқушыларының арасында іріктеу болды. Бағыма орай, мен байқаудан сүрінбей өттім. Бұл – өнердегі алғашқы қадамым еді. Петропавл қаласындағы өнер колледжінде білім алдым. Кейін облыстық филармонияда еңбек ете жүріп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде оқып, кәсіби маман атандым.
– Күйшілік – қазақ халқының ықылым заманнан бері жалғасын тауып келе жатқан асыл мұрасының бірі. Бүгінде ұлттық өнерге, домбыраға жастардың қызығушылығы қандай?
– Ғасырлар бойы қазақ халқының серігіне айналған домбыра өміршең, ол ешқашан маңызын жоймайды. Киелі аспаптың алатын орны – төр. Бүгінде ұлттық өнерді ұлықтап жүрген өнерпаздар көп. Ол рас, жастар оркестрдің орындауындағы шығармалардың мазмұнына терең бойлай бермейді. Бұл да уақыт өте келетін дүние. Бұл жерде жастарды кінәлауға болмайды. Тәрбие – отбасынан бастау алады. Сондықтан ата-анаға көп нәрсе байланысты. Бала көргенін істейді.
– Сахна – киелі орын дейміз. Киесі неде?
– Киесі – оған деген құрметте. Қай кезеңде болмасын сахнаға деген құрмет ерекше болған. Сахнаға үлкен дайындықпен шығу керек. Әрине, өнер адамының бойында қобалжу, қорқыныш, толқу болады. Ол – қалыпты құбылыс. Бірақ сол үрейді жеңу үшін сахнаға ішімдік ішіп шығу өнерпаздың ең үлкен қателігі деп ойлаймын. Адамның бойындағы өнер – бір пайыз дарын, 99 пайыз таза еңбекпен, дайындалумен келеді. Талмай талпынған, еңбектенген адам жетістікке жетпей қоймайды. Мен көрерменнің алдында ұятқа қалмау үшін әрқашан жанымды саламын. Халықты өзіңе қарата білу де – өнер.
– Домбыраны қанша жастан бастап үйренген дұрыс? Баласы ұлттық аспапты меңгеруді қалайтын ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Домбыра – қазақ халқының асыл қазынасы. Мұңы мен зарын, қуанышы мен шаттығын қай кезеңде болсада осы домбыра арқылы жеткізе білген ғой. Қаншама жыл өтсе де менің өзім домбыраны толық меңгердім деп айта алмаймын. Адам домбырамен үндесіп, екі жарты бір бүтін болғанда ғана нәтиже шығады.
Ал кішкентай бала домбырада ойнауды 2-3-сыныпта үйренсе дұрыс. Одан ерте бастаса, ақыл-ойы жетілмеген жеткіншек киелі аспаптың қадір-қасиетін түсінбеуі мүмкін. Домбыраны жай шертіп қана қоймай, оны түсіне білу де керек. Қазір домбырадан сабақ беретін ұстаздар да, үйірмелер де көп. Бірақ ата-аналардың дұрыс таңдау жасауы маңызды.
– Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра дегендей, жас болсаңыз да шәкірт тәрбиелеу ісінде біраз тәжірибеңіз бар. Шәкірттеріңіз сенімді ақтап жүр ме?
– Мен жоғары оқу орнында саз пәндері кафедрасында студенттерге сабақ беремін. Тәжірибе көрсеткендей, өнер көп дайындықты қажет етеді екен. Музыка ауызекі тілмен жеткізе салатындай қарапайым теория емес. Оны іштей сезіне білу керек. Сондықтан студенттерге үздіксіз үйрену, тынымсыз іздену қажет екенін айтып отырамын. Ұстаздың еңбегі шәкіртінің жетістігімен өлшенеді. Шәкірттерден күтерім зор. Олар үлкен сахнаны бағындырып, биік белестерден көрінсе деймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНБАЕВ.