Қазақ гуманитарлық заң академиясының Петропавлдағы филиалында оқып жүргенімде біршама жастар ұйымдарына жетекшілік еттім. Іргелі оқу орнының айтар ойы бар, кез келген істе белсенді, елінің ертеңіне алаңдайтын жалынды жастарының бірігуімен дүниеге келген “Ана тілі”, “Жас заңгерлердің қоғамдық бірлестігі” атты жастар ұйымдары өңір өрендерінің өміріне етене араласуыма ықпал етті. Бүгінгі күні мен тізгінін ұстаған “Азаматтық бастамалар орталығы” қоғамдық бірлестігінің де міндеті зор. Ынталы жастардың тың бастамаларына қолдау көрсетіп, олардың орындалуына жағдай туғызу біздің жұмысымыздың негізгі бағыты саналады. Бұл тұста біз өтініш айтып келген өрендерге дұрыс бағыт сілтеп, алға қойған мақсаттарының орындалуына жағдай жасауға тырысамыз. Біздің қолдауымызға көп жағдайда облыс орталығында тұратын жастар жүгінеді. Оларды толғандыратын мәселелердің дені бүгінде жұмысқа орналасу, баспаналы болу, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көру болып отыр. Заңдық тұрғыдан көмекке зәру өрендер де жиі кездесіп жатады. Біз оларды облыстық жастар бастамалары орталығына заңгерлермен кеңесуге жібереміз.
Жастар ұйымы болғандықтан, біздің жұмысымыз университетте, колледждерде білім алып жүрген жастармен тікелей байланысты. Бүгінгінің студенті сабақтан тыс уақытта немен айналысады? Бос уақытын қалай өткізеді? Жалпы, оларды не қызықтырады? Осы сауалдардың төңірегінде жауаптар іздеп, түрлі семинарларды, тренингтерді, “дөңгелек үстел” отырыстарын өткізіп отырамыз. Үстіміздегі жылы 500-ге жуық студенттің қатысуымен оннан аса игі істің атқарылуына ұйытқы болдық. Әлеуметтің өміріне әлеуметтік желілер араласқан мына заманда жоғарыдағы сұрақтарды қоюдың өзі әбестіктей көрінгенмен, жанды пікірталас, шынайы өрілген әңгіме-дүкен құрудың арқасында біздің жұмысымыз нәтижесіз емес. “ВКонтакте”, “Фейсбук”, “Твиттер”, “Инстаграм” сынды әлеуметтік желілерде құрылған топтарымыз арқылы да өңір жастарын толғандырып жүрген мәселелерді, олардың оңтайлы шешілуін қарастырудамыз. Жастарға жөні түзу, ұлттық болмыстағы тәлім-тәрбие беріп, адамгершілік қасиеттерге қалай баулуға болады деген сауалдар төңірегінде де ойланып, оларды негізгі шараларымыздың арқауына айналдырдық.
Бұл бірнеше адамды жинап, басын біріктіріп, шағын іс-шаралар өткізу арқылы жақсы жолға қойылатын проблема емес. Қазақы тәлімді отбасынан, балабақшадан бастау қажет. Ол үшін бүгінгі жастардың бойына “қазақстандық патриотизм” деген ұғымды қалыптастырып, санасына берік сіңіру керек. Облыс орталығында болып жататын түрлі жиындарда, басқосуларда еліміздің баянды болашағына балайтын жастардың тым батысшыл әдепке еріп бара жатқандығын байқаймыз. Халқымыздың әдепті салт-дәстүрлерін былай қойғанда, қарапайым тұрмыста кездесетін үлкен кісімен амандасу, кішіге ілтипат көрсету, үлкен ас – етті турау, мүшелерге бөлу сынды қарапайым қағидаларды біле бермейді. Меңгеруге құлшыныс танытпауы да алаңдатады. Егемендік пен еркіндікте өсіп келе жатқан жастарды осы бағыт бойынша жұмылдыру мақсатында алдағы уақытта бірлестік жанынан шағын ұйым құрып, жұмыс жүргізуді көздеп отырмыз.
Әсемгүл ЕСҚОЖА,
“Азаматтық бастамалар орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.