Ұлан-байтақ еліміздің солтүстік қақпасы атанған өңіріміз – қасиетті топырақ, киелі мекен. Жайқалтып егін, мыңғыртып төрт түлік мал өсіруге қолайлы облысымыз құнарлы топырағымен ғана емес, қазақ тарихы мен мәдениетіне, экономикасының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, айшықты із қалдырған ел азаматтары, намысты ұл-қыздарымен де мақтана алады. Талай алыптың да, тың бастамалардың да туған жері саналатын Солтүстік Қазақстан облысы өткен 80 жылдың ішінде талай белестен өтті. Бүгінде елдің солтүстік қалқаны болып отырған өңір қалай құрылып еді?
1936 жылғы 29 шілдеде Қазақ АКСР-де жаңа облыстарды құру жөніндегі Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің қаулысы шықты. Қаулыда Қазақ АКСР-гі кеңес, шаруашылық және қоғамдық ұйымдардың өтінішін ескере отыра Қарағанды облысын Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары қылып, екіге бөлу жөнінде шешім жарияланды. Қарағанды облысының орталығы – Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласы деп ұйғарылды.
Солтүстік Қазақстан облысының құрамына Айыртау, Арықбалық, Атбасар, Бейнетқор, Булаев, Есіл, Зеренді, Калинин, Келлеров, Қызыл Ту, Көкшетау, Красноармейский, Ленин, Макинский, Мамлют, Молотов, Полудин, Преснов, Приишим, Рузаев, Соколов, Сталин, Төңкеріс, Щучинский, Енбекшілдер аудандары енді.
Мәскеудің Қарағанды облысын екіге бөлуіне 1934 жылы құрылған аталмыш өңірдің ұлан-ғайыр аймақты алып жатқандығы себеп болған. Кеңестік бесжылдық жылдары осындай үлкен, бір-бірінен шалғайда жатқан мыңдаған километр аумақты алатын өңірлерді басқару өте күрделі еді.
Солтүстік Қазақстан облысының алғашқы басшысы ұлты якут Максим Кирович Аммосов (1897-1938) болды. Ол облыстың және тұтастай Қазақстан экономикасының дамуына үлкен үлес қосты, қазақ тілінде еркін сөйлеп, жергілікті тұрғындардың құрметіне бөленді. Голощекиннің содыр саясатына қарсы шығып, Тұрар Рысқұлов және Сәкен Сейфуллинмен достық қарым-қатынаста болды. Алайда, тоталитарлық жүйенің құрбанына айналып, 1938 жылы атылды.
Облыстың тарихын мұрағат құжаттарынан оқыған кезде көп тың мағлұматтарға қанық боламыз. Мәселен, облыс құрылған жылы қалалық жерлерде халықтың тек 25 пайызы өмір сүрген екен. Село тұрғындарының үштен екі бөлігіне жуығы колхозшылар болғанымен, 6 пайызын жекеменшік иелері құраған. 1936 жылы желтоқсан айында 2953 нәресте өмірге келсе, 1292 адам өмірден өткен, ал үйленгендері – 455, ажырасқандар саны – 37 (СҚММ 1079-қор, 16-шы тізім, 2-ші іс, 7-п.). Сондай-ақ, солтүстікқазақстандықтардың тек 39 пайызы сауатты болған.
Сол 1936 жылдардағы мәліметтерге сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысы жыл сайын мемлекетке өндірілген астықтың 30-37 пайызын және республикадағы мал басының 22 пайызын берген екен. Аталмыш жылдары облыс аумағында “Каззолото” кеніші, Петропавл ет комбинаты және ірілі-ұсақты басқа да кәсіпорындар 27 млн. рубльдің өнімін шығарған. Темір жол жүйесіне тоқталсақ, ол Омбы темір жолының екі қолданбалы бөлімшесі мен ірі темір жол торабы және депосынан (ст. Петропавл) құралған. Мұрағат құжаттарында аудандарға қатысты да мәліметтер сақталған. Мысалы, орталығы Володаровка селосы болған Айыртау ауданында 1936 жылдың 1 қаңтарында 25900 адам тұрған. Оның дені, яғни 17456-сы колхозшылар болса, 3717-сі – жекеменшік иелері, жұмысшылар мен қызметкерлер – 4727 адам. Қоғамдастырылған тұрғын үй қоры – 1366 шаршы метр. Аудан орталығындағы қызметкерлердің саны – 984 адам. Ауданда электр жарығы болмаған. Ауызсуды құдықтан алған. Көшелеріне тас төселмеген, кәріз жүйесі тартылмаған. Аудандағы 30 кереуеттік жалғыз ауруханада: бір дәрігер, екі акушер, осынша фельдшер қызмет еткен. 60 орындық екі бөбекжай болған. Бір бастауыш пен сонша орталау мектепте 909 оқушы оқыған. Моншасы болмаған, бір киноклуб және кітапханасы болды. Ғылыми кәсіпорындардан метрологиялық станция мен тұқымды сараптау зертханасы жұмыс істеп, аудан тіршілігін жариялап отырған газет пен баспахана жұмыс істеген. Бес сауда орны болса, оның біреуі өндірістік тауарларға, екеуі азық-түлікке арналған. Айына 5 рет жәрмеңке ұйымдастырылған. Осының арқасында жылдық сауда айналымы 1 004 158 рубльді құраған. Ірі кәсіпорындар – баспаханада – 7, май зауытында 10 адам жұмыс істеген. Ауданда 59 тракторы бар МТС болған. 195 нүктелі бір радиоторап, 20 ауылдық кеңестің он алтысында телефон болды. 1936 жылдың күзіне жаңадан Советтер үйінің ғимараты, 30 орындық аурухана, 320 орындық орта мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған екен (СҚММ 1079-қор, 16-шы тізім, 3-ші іс, 65-68 пп).
Баспасөз құралдары сол уақыттағы жалпыға ортақ саяси маңызды үдерістер: “сталиндік” Конституция жобасын талқылау, Испания республикашылдарын моральдық қолдау туралы материалдар жариялаған. Сондай-ақ, сол кезде жарық көрген басылымдардан халыққа білім беру, медициналық қызмет көрсету, мәдениет және өнер, ауылшаруашылық өндірісі, өнеркәсіп, құрылыс пен көлік мәселелерінің шешілуі жайлы оқуға болады. Облыста алдыңғы қатарлы өндірісшілер, стахановшылар, еңбек екпінділері қозғалысы кең өріс алған.
Мұрағат құжаттарында 30-шы жылдардағы қуғын-сүргін деректері де көп кездеседі. Мәселен, 1938 жылғы 1 маусымда басталған Солтүстік Қазақстан облыстық партия конференциясының жұмысы облыс басындағы бір топ “халық жауларының” әшкереленуіне байланысты Қазақстан КП ОК(б) “Облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына Королевтің ұсынылуын тоқтатып, обкомның бұрынғы үшінші хатшысы Патлицынның тұтқындалуына” байланысты жұмысын доғарған. Ал “Целыхтың (қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы – авт.) халық жауы екендігі туралы фактінің жоқтығына байланысты” оның мандатын алып, өзін залдан шығарып жіберу ұсынылды. Сол үшін бәрі дауыс беріп, ұсынысты қабылдаған. Бұрынғы облыстық атқару комитеті төрағасының одан кейінгі тағдыры туралы күмәнданбауға болады. Құжаттарда Солтүстік Қазақстанға тұтас халықтардың (поляктардың, кәрістердің, немістердің және т.б.) қоныс аударылуы, сондай-ақ, әртүрлі саяси себептер бойынша арнайы қоныс аударылушылар (“кулактар”, сол кездегі еліміздің басқа аудандарынан жер аударылғандар және т.б.) туралы мәліметтер бар.
Ұлы Отан соғысы жылдарында 120 мың жерлесіміз майданға аттанып, өз Отанын қорғады. Майдан даласында ерлік көрсеткендердің 55-і – Кеңес Одағының Батыры және 11-і – Даңқ орденінің толық иегері атанды. Солтүстікқазақстандықтар майданда ғана емес, тылда да қажырлы еңбек етті. Тың игеру жылдары біздің облысымызды астықты өлкеге айналдырды.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Елбасының батылдығы мен даналығының, халықтың ынтымақ-бірлігінің арқасында ғасырға пара-пар жолдан өтті. Қаншама қиындықтарды артқа тастап, аяғынан нық тұрған республиканың келешекке деген сенімі зор.
Қазақстанның қазіргі саяси, экономикалық жеңістерін әлем мойындады. Оның өз азаматтарына лайықты тұрмыс жағдайын жасауға бағытталған, қарқынды дамып келе жатқан демократиялық ел ретінде халықаралық беделі мықты.
Тәуелсіз еліміздің жалпы дамуы мен нығаюына Солтүстік Қазақстан облысы да өз үлесін қосуда. Бүгін біздің өңір ауылшаруашылық өндірісі серпінді дамыған, астықты өлке болып табылады. Заманауи технологиялардың негізінде мал, құс шаруашылығы қайта өркендеуде. Облыс өнеркәсібі өз күш-қуатын арттыра отырып, елдің жылу-энергетика, машина жасау және транспорт саласын дамытуға атсалысуда. Жыл сайын тұрғын үй, мектеп, балабақшалар мен әлеуметтік саланың басқа да нысандары тұрақты түрде пайдалануға беріледі.
Елбасының “Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол” атты мақаласында айтқандай, біз жаңаша армандауды үйрендік. Біз жаһандық әлемдегі қиындықтарға қарамастан, ел мен қоғамды дамытуда нақты міндеттер қоюды және оларды шешуді меңгердік.
Сәуле МӘЛІКОВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық
мұрағатының директоры,
тарих ғылымдарының кандидаты.