“Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспарында ел мен қоғамды дамытудың басты басымдықтары атап көрсетілді. Елбасы ұлттық заңнамаға енгізілген, тарихымызда бұрын-соңды болмаған ауқымдағы өзгерістерді бағамдау маңыздылығын алға тарта отырып, ХХІ ғасырда көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға қол жеткізуімізге жол ашып отыр. Бүгінде барша қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған арманымыз орындалып, Қазақстанды Отаным, қарашаңырағым деп есептейтін, бойындағы күш-жігері мен сүйіспеншілігін тұтас халықтың мақсат-мүддесіне арнаған көпэтносты қоғамымыздың берік тіні – бірлік, ынтымақ.
Ширек ғасыр бедерінде жаңа технологиялар өндірістің барлық буындарына енгізіліп, инвестициялар тартуға қолайлы мүмкіндіктер туғызылды. Бәсекеге қабілеттілік қарымын арттыру мақсатымен индустриялық-инновациялық дамудың кешенді бағдарламасы қабылданды. Нәтижесінде экономиканың нақты табыстары өсіп, ұлттық байлығымыз бен қауіпсіздігіміз сенімді түрде қамтамасыз етілді.
Бүгінгі көрсеткіш ертеңге меже емес. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғанын жария ете отырып, Бес институттық реформаны ойдағыдай орындауға жұмылдыру міндетін мемлекеттік биліктің өкілетті, атқарушы тармақтарына жүктеді. Қаржылық дағдарыстың күшті ықпалын сезініп отырған қазіргі кезеңде экономикалық және азаматтық белсенділіктің барлық тетіктерін іске қосудың мәні зор. Сол себепті бірінші реформа мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталып, бірқатар заңнамалық актілер қабылданды. Мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастырып, тек мемлекеттік жүйе ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын, алдын алуға бағдарланған жүйе жаңғыртылады. Осылайша мемлекеттік қызметтің жаңартылған моделі негізінде адамдардың ой-санасында қоғамды жегі құрттай жеген дертті ауыздықтауға болады деген берік сенім орнығады.
Кейбіреулер заң осал деп жатады. Тәжірибеге сүйенсек, мүлдем олай емес. Мәселе қолданыстағы заң актілерінің толық күшінде пайдаланбауында. Енді мансаптық сатының әр баспалдағында мемлекеттік қызметші кәсіби жарамдылығын дәлелдесе ғана қызметі өрге баса алады. Мемлекеттік қызметке орналасуда қағидатты нормалар басшылыққа алынып, мүлтіксіз орындалатын болады. Сонымен қатар, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі біліктілік мен атқаратын жұмыс сипатына, көлемі мен нәтижесіне байланысты заңдық тұрғыдан бекітілуі, аса нәтижелі қызмет үшін бонустар төлеу қарастырылуы кадр саясаты саласындағы жаңғыртулар болып табылатыны анық.
Екінші реформа бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде құқық тәртібін нығайтуға, заңдарды орындау тәртібін қатаңдатуға ерекше басымдықтар берілген. Оның ішінде сапалы судьялар корпусын құру көзделген. Қарапайым жұртшылық үшін сот төрелігінің бес сатылы жүйесінен үш буынды жүйесіне көшудің тиімді жақтары көп. Ең бастысы, талапкерлердің әуре-сарсаңы азаяды, жергілікті инстанциялық соттардың жауапкершілігі мен рөлі күшейтіледі. Өзгелер тарапынан судьяларға қабылдайтын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі барынша азайтылып, адамдардың әділ сотқа деген сенімі күшейеді.
Реформалардың табыстылығы ұлт бірлігіне бастайтын бірден-бір жол екенін Елбасы айрықша атап көрсетті. Әлемнің дамыған мемлекеттері осы үрдісті бағдар етеді. Бірыңғай экономикалық, саяси, мәдени тәртіппен өмір сүреді. Жеке адам мен қоғамның бірлігі ажырағысыз. Қазақстан да осы жолмен алға басып келеді. Қазақстандықтардың азаматтық бірегейлігі мен біртұтастығын нығайтуға бағытталған төртінші реформаның мәні бірлік жолын дәйектілікпен қалыптастыру болып табылады. “Ел” сөзінде үлкен біріктірушілік күш барын, барлық уақыттарда да туған жер қазақстандықтар үшін ең жақын және өзіне тартушы құндылық болып қала беретінін айтудан Елбасы жалыққан емес. Өйткені, Мәңгілік Ел идеясының түп-төркінінде болашаққа деген жалпыхалықтық сенім күші жатыр.
Ұлт жоспарында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайту, ауылдық округтер негізінде әкімшілік-аумақтық бірлікті күшейту жолдары қарастырылған. Бұл іске барлық деңгейдегі халық қалаулылары белсене қатыстырылып, олардың өкілеттілігі күшейтілері сөзсіз.
Қайырлы ЕДІРЕСОВ,
облыстық мәслихаттың
хатшысы.