«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТКЕНДІ ҰМЫТПАУ — ҰРПАҚҚА ПАРЫЗ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласы әрбір отандасымызға төл тарихымыз бен тілімізді төрге оздыру міндетін жүктейтін құнды еңбек.

Иә, егемендік бізге оңай­лықпен келген жоқ. Ел тарихын парақтап қарайтын болсақ, өткеніміз азаттық жолындағы күреске толы. Біздің бабаларымыз “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны”, алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Сол сұм апаттарда миллиондаған адам мерт болып, қаншама азамат қиын күндерді бастан кешірді. Бір анығы – топ арасынан суырылып шыққан көшбасшылар мен қараша халықтың көздегені бір болды. Яғни, олардың түгелі бейбіт күнді аңсап, ұрпақтың қамын ойлады. Толарсақтан саз кешкен кешегі бабаларымыз:
Кеуде бір жерді жол қылсам,
Шөлең бір жерді көл қылсам,
Құрап жанды көп жиып,
Өз алдына ел қылсам, – деп армандаумен өтті. Осы арманға жету жолында жан аямай соғысып, ерінбей еңбек етті. Міне, соның арқасында азаттық бүгінде ақиқатқа айналып отыр. Сондықтан ұлтымыздың тарихы мен оның ұрпақ санасын жаңғыртудағы рөлі айрықша екені анық. Бұл ретте біз тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктер мен осы бағыттағы жасалған бағдарламалардың нәтижелеріне назар аударуымыз қажет. Президент сол еңбектердің қарапайым халыққа жеткізілуі ақсап тұрған мәселе екенін алға тартып, терең тарихымызды ғана емес, еліміздің тәуелсіздік кезеңіндегі жүріп өткен жолын да зерттеп-зерделеуге шақырады. “Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?”, “Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?”, “Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?” деген сауалдарға жауап қату үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын үш онжылдық белеске бөле қарастырады. Бұдан кейін егемендіктің төртінші он жылдығында қол жеткізуіміз тиіс негізгі мақсаттарды атап көрсетеді. Яғни, болашақта бізді өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетуден сақтайтын дүние – ұлттық болмысымыз, төл мәдениетіміз және салт-дәстүріміз.
Меніңше, отандық киногерлерді тарихи тақырыптарға көңіл бөлуге шақыру – қос қолдап құптарлық идея. Технологиялар дамыған заманда тарихи кино және телевизия туындыларын шығару – кезек күттірмес міндет. Мысалы, осы бағытта елімізде бүгінге дейін “Көшпенділер”, “Жау жүрек мың бала”, “Томирис”, “Біржан сал”, “Балуан Шолақ” сияқты тарихи фильмдер түсірілді. Олардың премьераларында кинотеатрларда ине шаншар жер қалмағанын көрдік. Яғни, төл тарихымыздан сыр шертетін дүниелерге көрермендер тарапынан сұраныс зор. Мәселен, мен педагог ретінде оқушылардың тарихи фильмдерді сүйсіне қарайтынын жақсы білемін. Әсіресе, олар дүниежүзі тарихын өткенде әртүрлі шетелдік фильмдер мен сериалдар жайында әңгімелей жөнеледі. Сондықтан алдағы уақытта төл тарихымызға қатысты балаларға, жастарға арналған кинотуындыларға баса мән берілгені қажет-ақ. Бұл орайда Мемлекет басшысы: “Бүгінде әлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Американың да, Еуропаның да айтулы оқиғалары туралы фильмдер өте көп. Қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн”, – деді. Осы ойтамызық отандық киноөндірісті ілгерілете түседі деген сенімдемін.
Мақалада жер мәселесінің көтерілгені қуантты. Бұл – кешегі тоқымдай жер үшін кеудесін оққа тосқан бабалар аруағына құрмет. Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Президент қазақтың сонау Алтын орда, одан арғы Сақ, Ғұн заманынан бері бұл далада өмір сүріп келе жатқанын алға тартып, “тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек” деп арандатушылардың сөзіне нүкте қойды. Расымен, халықаралық деңгейде мойындалған шекарамызға ешкімнің таласуға құқы жоқ. Ең бастысы, елімізде береке-бірлік болса, ешкім де жерімізге көз алартпайды. Ел тұрғындары оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбеулері керек. Өйткені, Қазақстан – біртұтас мемлекет. “Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз”, – дей келе Қасым-Жомарт Кемелұлы халқымыздың ортақ құндылықтарын барынша дәріптеуге шақырады. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болатыны айтпаса да түсінікті.
Қай мемлекет, қай қоғамның да болашағы жастардың қолында. Ел – ұрпағымен көрікті һәм кемел. Ал бүгінгі таңдағы көрік пен кемелділіктің бір аты – білім. Оған қазіргі әлемдік ғылыми жетістіктер айқын дәлел. Осы ретте Президент талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында “Тәуелсіздік ұрпақтары” атты грант тағайындауды ұсынды. Жастарымыздың білімі мен білігі оқу орындарының еншісінде екендігін толықтай қолдаймын. Мемлекет басшысының осыған қатысты ойы әрбір жастың жүрегін елжіреткені сөзсіз. “Халқымыз “Атың барда жер таны, желіп жүріп” дейді. Кезінде Елбасы бозбала шағында Украинаға аттанып, еңбек, білім және әкімшілік дағдыларына ие болды. Мен де білім қуып Мәскеуге сапар шектім, өзге мемлекеттерде жұмыс істедім. Біздің талай замандастарымыз бүгінгі жастар сияқты алыс шетелдерге бара алмаса да, Кеңес Одағының түрлі қалаларында білім алды. Бірақ басым көпшілігі тамырынан ажырап, ол жақта біржола қалып қойған жоқ. Елге келіп, еңбек етті. Сондықтан жырақта жүрген жастарымыздан айырылып қаламыз деп уайымдаудың жөні жоқ. Біздің міндетіміз – олардың бойына мемлекетшілдік рухын сіңіріп, қай жерде жүрсе де туған елдің игілігіне қызмет етуге жұмылдыру”, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Расында, біздің жастарымыз шет тілін бір, бір жарым айдың көлемінде ер­кін меңгеріп кетеді. Сондай ұмтылыс, тілек пен ниет қазақ тілін үйрену кезінде де болуы керек.
“Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте” дегендей, ортақ Отанымыз Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру – елдік міндет. Біздің тілегіміз бір, мақсатымыз айқын. Ол – жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел мәңгілік Қазақстан. Ұлы даланың ұлылығын ұрпақ сана­сына сіңіріп, одан әрі әлемге танытуда аталмыш мақалада айтылған ұсыныстардың маңызы зор. Соларды уақыт оздырмай жүзеге асыру еліміздің әрбір азаматына, әсіресе, педагогтарға жауапты міндеттер жүктейді.

Құдайберген ҚОСПАҚАЕВ,
Петропавл қалалық
№2 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp