(Басы өткен санда).
Халық бәріне шыдады. Сіздің ұлыңыз немесе күйеуіңіз Отан үшін ерлікпен қаза тапты деген “қарақағаз” келеді. Алғашында жылайды-сықтайды, сосын жауына нағылет айтып, қайтадан жұмысқа кірісіп кетеді. Қайғыны қайыспай көтерді. Ал енді пәленше тұтқынға түсті немесе қашып кетті деген хабар келсе, бар ғой, жерге кіргендей болады. Елдің бетіне қарай алмайды.
Соғыстың алғашқы жылдары біздің ауылға немістер келді. Менің үшінші сыныпта оқып жүрген кезім. Әлгілерді бөліп-бөліп орналастырды. Тегінде, неміс халқы өте таза халық қой. Олар қолдарына ұстаған артық заттары жоқ, киімдері ғана бар, бір-бір чемоданмен ғана келген еді. Біздің үйде де бір немістің отбасы тұрды. Немістің әдеті – бір жерге арнайы шақырмаса бармайды екен. Ал біздің әжеміз болса шақырады, кел, балаңды алып кел, шай іш деп. Ал Катя бас тартады. Сонда менің пікірімше, немістер біреу тамақ ішкенде, барып кедергі жасамау керек деп ойлайды. Ал біздің әжеміз мен тамақ ішіп отырғанда шақырмасам, әскердегі екі балама зияны тиеді деп ойлайды. Құдай көріп тұр ғой, бұларда ештеңе жоқ, бізде, әйтеуір, бір нәрсе бар ғой, не ішсек соларға беретінбіз. Жазғытұрым немістің әйелі жұмысқа кірісті. Сонда әр қазақтың үйіне осылай неміс адамын қосып қойған.
Ауыл балалары немістерді кісі етін жейді екен деп, бірін-бірі қорқытатын. Қаражігіт деген кісінің үйіне екі баласы, бір қызы бар отбасы түсті. Әлгі үйдің терезесінен сығалаймыз. Ештеңе жоқ, өзіміз сияқты балалар. Кейін араласып бірге ойнайтын болдық.
Ауыл адамдары оларға барын беріп, жандары ашып, аяп, киім болса киімін беріп, сөйтіп ауыл қазақтарының арқасында немістер де, басқа халықтар да сол жылғы қыстан аман-есен шықты. Сөйтіп, қыстан аман-есен шыққан немістердің көп ұзамай еркектерін “ФЗО”-ға алды да, әйелдері ауылда қалды. Немістің әйелдері мен балалары ауыл адамдарымен бірге жұмыс істеді. Аштан өлейін деп жатса да, немістер біреудің затын ұрлап көрген емес. Бұл жағынан олар өте адал, таза болды. Балалары қазақшаға тез үйреніп, өсіп-өніп, еңбекқорлықтарының арқасында қиындықты жеңіп, көтеріліп кетті.
Ал 1943-ші жылдың көктемінде біздің ауылға шешендер келді. Олардың үкіметтің шешімімен “жер аударылғанын” кейін естідік қой. Бастарына өзі жалпақ әрі тұрқы биік тымақ киеді екен. Еркектерінің бәрі соғыс көрмеген, беттері нарттай қып-қызыл, семіз, өздері дәу деуге болады.
Ол кезде шешем соқаға шыққан. Сол соқаның кезінде шешеме үріп ауызға салғандай шешеннің он бес-он алты жастағы екі қызын көмекшілікке берген еді. Біраздан кейін шешендердің де жағдайлары нашарлай бастады. Еркектерін “ФЗО”-ға, еңбек армиясына алып кетті. Олардың көбі содан қайтпады. Ауылда әйелдері мен шалдары ғана қалды. Сол кездері кейбіреулер соғысқа емес, еңбек армиясына жіберді деп қуанған да шығар, бірақ ондағы жағдай өте қиын болыпты. Соғысып жүргендерге тамақ берсе, еңбек армиясындағылар кейде аш жүрген. Содан да болар, оған іліккендердің арасында да қайта оралмағандар көп болды.
Шешендер келген соң ауылдағы жұрт есіктеріне құлып сала бастады, себебі ұрлық көбейді. Шешендердің Мәнсүр деген атақты бір ұрысы болды. Бір қызығы: “Ұрламадым”, – деп тұрған оған: “Құран ұста”, – десең, ұрлығын мойнына алушы еді. Сонда бұл халықтың әлгіндей кейбір өкілдері Құранды құрметтегенімен, Құранды ұстап отырып, ұрлығын жасай береді екен ғой.
Шешендер келгеннен кейін, шынында да, ауылдан тыныштық кетті. Тәукен секілді жараланғандары болмаса, ер-азаматтар соғыстан әлі қайта қоймаған. Екінші бригадаға да жиырма шақты шешеннің үйлері көшіп келді. Соқамен жер жыртып жатқан кез. Тәукен соқаға жұмыс істегісі келмегені үшін бір шешенді сабап тастайды.
Сол-ақ екен шешендер: “Тәукенді өлтіреміз”, – деп өре көтеріліп, оның үйінің жанына жиналды. Бұл оқиғаны естіген кемпірлер жылап, шалдар болса: “Бір атадан жалғыз еді, жазым болады-ау енді”, – деп қатты қиналады. “Тәукенге барып хабар беріңдер, ауданға қашсын, милицияға хабарласын”, – деп ересектеу балаларды жұмсапты. Сөйтсе, Тәукен ол балаларды тыңдамайды.
Кешке жақын астында қара қасқа аты бар Тәукен Ертіс жақтан үйіне қарай келе жатты. Тәукен үйінің жанында тұрған дәу-дәу еңгезердей шешендерді көріп қабағы қатуланып, түрі сұстанып кетті. Ол: “Мен фашистің де қанын ішкенмін, мен фашистен де қорыққан жоқпын, шешеннен де қорықпаймын”, – деп тістене күбірлеп келеді.
Ауыл балалары үйілген тезектің үстіне шығып, енді болатын шайқастың қызығын күттік. Осы кезде қабағын түйіп, қатуланған Тәукен топқа жақындап келді, төрт-бес метрдей қалғанда бір шешен ытқып барып қара қасқа аттың тізгініне жармасты. Сол-ақ екен, Тәукен әлгі шешеннің қақ маңдайынан қамшымен тартып жіберді де, атын да бір салып қалды. Қара қасқа ат тура аспанға атылды, шешен сол жерде домалап қала берді. Сонан соң ол атын тағы бір-екі рет тебініп қалып еді, аттың көзі оттай жайнап, тіпті, аласұрып кетті.
Атымен олай бір ойқастап, былай бір ойқастап, Тәукен шешендерді бір-бірден ұрып жатыр, ұрғандары қалпақтай ұшып, құлап жатыр. Ат аласұрып аспанға атылса, Тәукеннің де көзі қызарып, қарсы шыққан шешендерді қақ маңдайдан салып кетеді. Бізге дәл осы сәтте Тәукен жауын жайпап жатқан Тайбурылмен жүрген Қобыланды батырдай елестеп кетті.
Шешендердің бес-алтауын сұлатқаннан кейін қалғандары барақтың ішінде тығылып, жан сауғалады. Ойқастап, әрлі-берлі шапқан ол біраздан кейін сабасына түсті.
Сөйтсе, Тәукен он екі таспалы, ортасына сым салып өрген қамшысы мен қара қасқа атына сенген екен. “Ер қанаты – ат” деп атам қазақ тегін айтпаған ғой.
Бірақ таңғалатын жағдай – бір шешен Тәукенге тиіскен жоқ. Керісінше, Тәукенді әйелі, еркегі көрсе, қорқатын, кез келген жұмысқа сөз айтпай жүгіретін болды. Сонда әлгілер айтады екен: “Тәукен – фашист”, – деп. Кейін Тәукенмен бәрі дос болып кетті, ол ол ма, қартайғанда күтті. Артынан ойлап қарасақ, шешендер үлкен шалдарын тыңдайды ғой. Шалдары айтыпты: “Тәукен ер жігіт екен, сендер келіп жабылғанда ешқайсыңды соттатқан жоқ, мыналар билікке қарсы шықты, маған жабылды деп шағым айтса, жағдайларың жаман болатын еді, сендер оған рахмет айтуларың керек”, – депті.
Шешендер тұрған әрбір ауылда старшинасымен бірге солдаттар болды. Шешен бірдеме жасаса, олар немістер мен шешендерді “ГУЛАГ” дейтін түрмеге жібереді. Ол деген нағыз түрме екен. Не тамақ бермейді, не су татырмайды.
– Дүниеде қазақтан кең қолтық халық жоқ шығар. Небір тар өткелдерде қолдап келе жатқан да сол ниеті ғой деймін. Бастарына қиындық түскенде Қазақстанды кімдер паналамады. Шешендер, ингуштар былай тұрсын, жаңағы өзіңіз айтып отырған немістердің әйелдері мен аш-жалаңаш балаларын асырап сақтағаны неге тұрады?!
– Мынадай бір оқиға болды. Геленжик деген жерде “Глазурный” шипажайы бар екен. Соған бір жылы мен демалуға бардым. Байланыс бөлімшесі екі-үш шақырымдай жерде екен, үйге жеделхат жіберейін деп келе жатсам, алдымнан бір әйел шықты. Толықтау келген, жасы менен үлкендеу. Қасынан өтіп бара жатыр едім: “Қазақсың ба?” – деді маған. “Иә”. “Қайдансың?”, “Алматыдан”. “Мен Алматыда тұрғанмын, қазақтарды білемін, әке-шешем де біледі, олар жақсы халық қой, жүр біздің үйге қонақ бол”. “Жоқ, менің жұмысым бар еді”, – деп рахметімді айтып кетіп қалдым.
Сонда айтайын дегенім, жаман халық болмайды ғой. Шешендер – негізі кекшіл халық. Бірақ қазақтың жақсылығын ұмытпайды. Ал кейбір елдер оны түсінбейді, мысалы, орыстар Қазақстанда кемшілік көрген жоқ. Өздерінің тілдерінде сөйледі, ұзақ уақыт билік басында болды. Кейін олардың да біразы қайтты ғой елдеріне. Солардың кейбіреуі елдеріне барған соң Қазақстанда бізді кемсітті, қазақтар ұлтшыл депті. Арасында танитындарым да бар еді, кейін кездескенде: “Мыналарың ұят емес пе?” – дедім. “Кешіріңіздер, біз пәтер алу үшін айтып едік”, – дейді ұялмай-қызармай.
Дұрыс айтасың, сол кезде қанша соғыс болсын, басқа болсын, пейілі жақсы еді қазақтардың. Бұрынғы қазақтар ешқандай ұрлық жасаған жоқ, бір ауылда бір милиционер болатын. Шамасы жеткенше беріліп істейтін. Ұрлыққа, өтірік айтуға бейімделмеген өте жақсы халық болды біздің қазақ. Сол кездегі шалдар, кемпірлер бәрі-бәрі жақсы, арақ ішпейтін, бірін-бірі сыйлайтын. Мен ол кезде жас баламын. Кейін 1959-1960-шы жылдары Москвада аспирантураны бітіріп, үйге келдім. Әкем: “Жабайхан, қазір бәрі өзгеріп жатыр. Баяғы үлкендердің орнына басқа ұрпақ келді. Бұрын қазақ сырттан көмекке келгендерге майын, шайын беріп қонақтай күтетін. Сырттан келгендер де аса бір талап қоя қоймайтын, не берсең соны қанағат тұтатын. Мыналарда ол жоқ. Борщ жасау керек, помидор қайда, дәмдеуіш қайда деп екі аяғыңды бір етікке тығады”, – деді. Соған басқарушы ұялады екен, ұрысып жатуым ұят қой деп. Сөйтіп, теріс айналып кетіп қалады. Орыстың әйелі ештеңе айтпайды. Ал ана кісі ол шәңкілдеп ұрысып жатса да, мен тыңдамай кетіп қалдым деп ойлайды екен. Ал екінші келгенінде жаңағы орыстың әйелі қайта ұрыс-жанжал көтереді. Ой құрсын, мұнымен істей алмаймын деп кетіп қалыпты. Кейінгілер де солай тұрақтамапты. Содан басқарушы болатын енді кім бар дейді ғой, баяғы. Қазақтар Ұрымханды қою керек деп ұсыныс жасапты. Ақыры соны басқарушы қойыпты. Ол қазақтың ұр да жық, мықты баласы болатын. Қандай құпиясы бар екенін қайдам, бірақ ол орыстарға жағыпты, оны мақтайды екен. Бірде Володя дейтін бір жігіт біздің үйге шөп әкелді. Содан ол кісі біздің үйге қонды, арақ ішті, тамаққа да тойды. Екеуміз жоғарыда жаттық. Сөйтіп, “Қайда тұрасың?” – дедім. Ол: “Төрт жыл болды үйіме жете алмай жүрмін”, – деді. Ақша жинаймын да, қайтамын дегенше ақшамды ішіп қоямын дейді. Ол: “Сендердің басқарушыларың қандай жақсы адам еді, бізбен бірге тамақ ішіп, бізбен бірге жүреді”, – дейді. Оған жақпай қалсаң, бір переді. Сонымен іс бітті. Оның түсінігінде жақсы адам осындай болуы керек.
Тағы бір мынадай оқиға болды. Барлық елдерден жақсы жұмыс істейді деп өңкей тұтқындалғандарды жіберген. Сағындық Кенжебаев деген кісі болатын. Сол кездері қудалап, сендер нағыз жұмыскер емес, бүкіл зектерді жібердіңдер деп реніш білдірді. Әлгі зектер біраз уақыттан кейін әйелдерді, еркектерді қорқытып, дүкен сөрелеріндегі тіс тазалайтын паста мен арақ жоқ болып кетіпті. Сөйтіп, тайраңдап кезекке тұрмайды, ештеңеге қарамайды, қазақтарды кісі деп санамайды. Содан қазақтың төрт-бес жігіті әлгілерді бірдемені бүлдіріп жатқан жерлерінде ұстап алып, бытшыт қылып сабайды. Содан кейін ғана сырттан келгендердің бейбастығы пышақ кескендей тиылыпты. Олар сенің аға, көке дегеніңді, сыйлағаныңды кейде түсінбейді. Оларға тек күш көрсету керек. Ара-арасында осындай да жағдайлар болып тұрған екен.
– Иә, халық пен халықтың тонның ішкі бауындай жақындасып, араласып кетуі оңай емес, әрине. Сол сырттан келген босқындардың біразы соғыстан кейін де өз елдеріне бармай, қазақ жерінде тұрып қалды ғой. Қазақтың жақсылығын осыдан да аңғаруға болатын сияқты.
– Шешен шалдарының өзі екеу-үшеуден әйел алып, өздерінің санын қайта орнына келтіре бастады. Оған біздің қазақтың кемпірлері: “Ой, атаңа нәлеттер, өздері құйрығын көтере алмай жүріп, жас қыздарды алуларын қарашы!” – деп бұрқылдап жататын. Сөйтсек, бұл дұрыс шешім екен ғой. Бертіңгі соғыстарда да олардың көбі өліп, қырылды. Бірақ қарап тұрсаңыз, олар әйелдері қалса болды, халықтың санын өсіріп, қайта орнына келтіріп алады. “Еркек тоқты – құрбандық” демекші, соғыста еркектер өледі ғой, бірақ қос-қостан әйел алғаннан кейін халықтың саны қайта орнына келеді екен.
– Біздің елімізде де демографиялық ахуал мәз емес қой. Осыған орай көп әйел алу мәселесін көтеріп жүргендер де бар. Сіз осыған қалай қарайсыз?
– Ойланатын мәселе. Біздің халыққа да өз жерін сақтау үшін осындай дәстүрді енгізу артық болмас еді.
– Байқаған шығарсыз, ойды ой қозғап отырса да, әңгімеңіздің желісін бөлмейін деп тыңдап қана отырмын. Әрі қарай жалғастыра беріңіз.
– Қоямын деген сұрағың болса, қоя бер. Шешендер туралы ғой. Шешен халқының өзіне көрсеткен жақсылықты да ұмытпайтын ізгі қасиеті бар дедім ғой. Біздің ауылда туған әпкесінен басқа ешкімі жоқ Саид деген шешеннің жетім баласы болды. Үстінде жөнді киімі жоқ, суықтарда тісі-тісіне тимей дірілдеп, тоңып жүретін еді. Әпкесі кейін бір шалға тиіп кетті.
Қазақ халқының жақсы бір қасиеті – үйіне біреу келсе, міндетті түрде дастарқанға шақырады ғой. Шақырмаса, Құдайдың алдында өзін күнәлі болатындай сезінеді.
Шай ішіліп жатқанда үстіне Саид келсе: “Әй, Саид, кел, шай іш”, – деп оны шақырып алады. Сөйтіп, ол үстелдің шетінде отырып, шай ішеді. Бір үйден бір үйге, солай барып жүретін Саид сонымен бірге баукеспе ұры еді. Соны біле тұра, ауыл адамдары оған алдымен шайын, тамағын береді, сөйтіп оның ұрлығын бетіне күліп отырып айтады. Өзгелер оны баяғыда өлтіріп тастаған болар еді.
Ол үйден шыққанда шешелері: “Ана Саидты қарашы, бірдеңені алып кетпесін”, – деп артынан балаларын бірге жібереді.
Олар іле шығады да, Саидтың қаннен-қаперсіз өз бетімен кетіп бара жатқанын көріп, үйге қайтып келеді. Сөйтсе, Саид қулық жасайды екен. Қалай дейсіз ғой. Жүгері дәнінің ортасын тесіп, соған жіп-жіңішке жіпті (леска) өткізіп қояды екен де, үйден шығып бара жатып, дәнді тауықтың алдына тастай салады да өзі кете береді. Сол кезде тауық әлгі жалғыз түйір дәнді көріп, жұтып жібергенде жіптің ұшын тартып қалады, жем сол кезде тауықтың тамағында тұрып қалады да, Саид жіптің бір ұшын ұстап жүгірген сайын тауық та онымен бірге кете барады. Сонан соң үйді айнала бере мойнын бұрап, тауықты сөмкесіне салып алып, жүгіріп кетеді.
– Сіз Саидты айтқанда, менің көз алдыма туған ауылым – Балуанда тұрған Исай деген орыстың балалары елестеп отыр. Олар да ерке еді. Жергілікті тұрғындар тентектік жасаған өз балаларын тәртіпке шақырып жатқанда, оларға бірауыз сөз айтпайтын. Осының өзі қазақтың момындығынан, қайырымдылығынан ғой деймін.
– Оның рас. Біздің ауылдарымыз барар жері, басар тауы қалмаған талайларға пана болды ғой. Мысалы, біздің ауылда өзінің де қыруар бала-шағасы бар Нәжімиден деген ақкөңіл ақсақал болатын. Сол кісі бірде Саидты шақырып алып: “Сен бүйтіп қаңғырып жүре берме, маған бала бол”, – деп үйіне кіргізіп алыпты.
Содан ол кісі Саид ержетіп жігіт болған соң оған шешеннің бір қызын алып беріпті. Бертін келе ол отбасымен Кавказға көшіп кетті.
Мәскеуден демалысқа елге келсем, Саид туралы әңгіме гуілдеп тұр екен. Сөйтсе, Нәжімиден ақсақал қайтыс болады да, ауыл тұрғындары қарияны жөнелту қамына кірісіп кетеді. Біреу тұрып: “Саидқа да хабар беру керек”, – дейді. “Өз балалары да жетеді ғой, сонау жердің түбінен келеді дейсің бе?!” – деп оған біреулері қарсы болады. Ақыры, алай деп, былай деп “Нәжімиден қайтыс болды”, – деп Саидқа жеделхат салады. Хабарды алған Саид екі баласы мен әйелін ертіп, жетіп келіпті. Нәжімиденнің балаларына бір жарым мың сом ақша (сол кезде ол көп ақша) береді, “Әкем өлді!” – деп жылап-сықтап жүріп, “үші” мен “жетісін” өткізіп, бір-ақ кетіпті…
Әкем соғыстан 1943-ші жылы оралды. Бұл кезде әжем жоқ. Ол кісі 1943-ші жылдың күзінде қайтыс болғанды. Өзі көп ауырған да жоқ. Әжемнің жылы өткеннен кейін әкемнің қызмет бабымен Павлодар облысы Май ауданының ауылдарының бірі “Жаңа күш” деген жерге көшіп келдік.
Әкем – жер бөлімінің мал дәрігері, жалғыз өзі сегіз колхозға қызмет көрсетеді. Бұл айтуға ғана оңай, кейін өзі: “Қазір менің орнымда отыз мал дәрігері істейді”, – деп отыратын. Соғыс біткеннен кейін 1946 жылы өзіміздің еліміз – Қызылеңбекке қайтып келдік. Бұл жерде де әкем өзінің мал дәрігерлік жұмысымен шұғылданды. Көптеген колхоздарды қарайтын. Сонымен бірге жайлаудағы малды да қарап емдеп жүретін. Үйде аптасына үш күн бола ма, болмай ма, ұдайы ат үстінде, шаруашылықтарды аралайды да жүреді. Сонда мал шаруашылығында шығын, эпидемия деген аз болатын.
Бірде мынадай оқиға болды. Есік алдына шықсам, әкем аттан түсіп жатыр екен. Маңдайымнан иіскеді де: “Сабақтарың қалай?” – деп сұрады. Мен: “Жақсы, Мәтәй! Бірақ менде химия пәнінен кітабым жоқ, сабаққа дайындалуым қиындау болып жүр”, – дедім. Сол-ақ екен, ол көп ойланбастан атының басын кері бұрып кетіп қалды. “Қайда барасыз?” – деп сұрап та үлгермедім. Содан ол кешке таман бір-ақ оралды. Аудан орталығына барып, маған оқулықтар сатып алыпты. Өзінің шықпаған шыңына балалары жетсе екен деп ойлайтын ол осылай біз үшін қолынан келгеннің бәрін жасады.
Міне, осы кезде аудан орталығында мәнерлеп оқудан мектепаралық олимпиада өтті. Сегізінші сыныпта оқимын. Олимпиадаға қатысуға тиіс едім, бірақ дәл сол кезде тұмауратып ауырып қалдым. Балалар бірінші орынды Киров колхозының оқушысы Амангүл деген қыз жеңіп алғанын айтып, әлгі қызды жапа-тармағай мақтап, ауыздарынан суы құрып келді. Олардың әңгімелерінің әсер еткені соншалық, әлгі қызға сырттай ғашық болып қалдым. Содан Баянның, Қыз Жібектің бейнесін көз алдыма елестетіп, кейбір шумақты кітаптан көшіріп, кейбірін өзім ойдан шығарып, лаулаған “ғашықтық сезімге” толы хат жазып, Амангүлге салып жібердім. Бірақ жаздыгүні ойынның қызығымен жүріп, хат туралы мүлдем ұмытып кетіппін.
Күзді күні біздің мектепке Шапағат Шүленбаев деген кісі директор болып келді. Сабақ басталып кетті. Бір күні әлгі директор мені шақырып алып: “Сен кімге ғашықтық хат жазып жүрсің?” – деп сұрамасы бар ма. Аң-таң болып, қапелімде не айтарымды білмей қалдым. Сөйтсем, менің хатымды жолдан біреулер ұстап алып, мұғалімге беріпті. Сол-ақ екен, Амангүлді мектеп жиналысына салып, “қатаң сөгіс” береді. Оның: “Жабайхан деген баланы білмеймін, тіпті көрген де емеспін” дегеніне ешкім сенбейді. Онымен қоймай, Амангүл оқитын мектептің мұғалімдері ол хатты аудандық комсомол комитетіне жібереді. Шүленбаевтың қолына түскен осы хат екен. Менің жазуымды бәрі таниды, “Жазғаным рас еді” деп мойныма алдым. Бұл оқиғаны естіген мектеп мұғалімдері: “Бұл не сұмдық?!” – деп дереу жиналысқа салып, ол кезде мен комсомол ұйымының хатшысы, оқушылар комитетінің мүшесі едім, солардың бәрін сыпырып алды.
Бұл жайдан үйдегілер де хабардар болды. Апам: “Немене, бала қызға хат жазса, онда не тұр, үйлендіремін, той жасаймыз”, – деп қояды. Мен болсам, түкке түсіне алар емеспін. Себебі, көркем әдебиеттердің барлығы “тұнған” махаббат, ал мектеп бұл үшін жазалайды, оған тыйым салады. Адамның өзге тіршілік иесінен айырмашылығы – ақылы мен адамгершілігінде ғана емес, оның нәзік жанында, жан сезімінде. Адамның бір-біріне деген осы ыстық сезімінің ең биік шоқтығы – бірін-бірі сүюі, шынайы махаббаты. Махаббатты Платон: “Біртұтас жандардың бір-бірімен табысуы”, – деген. Жан мен жанның табысуы өте ғаламат, ол – рухани дүние, адам жанының үлкен тойы. Олай болса, әр адам сүйгісі келеді, махаббатты аңсайды. Махаббаттың пайда болуы жай құбылыс емес, ол шексіз бақыт пен арман.
Осылайша ырду-дырдумен мектеп қабырғасындағы тағы бір жыл өте шықты. Келесі оқу жылында мен күтпеген оқиға болды. Қызылеңбектің онжылдық мектебіне оқуға Амангүлдің өзі келді. Шынында да, сұлу екен, ұнатып қалдым, айналшықтап шықпайтын болдым. Ол да кет әрі емес сияқты. Бірақ бұл махаббатым сол мектеп табалдырығынан әріге ұзаған жоқ.
Шапағат Шүленбаев қазақ тілі мен әдебиетінің маманы еді. Ауылдың үлкен-кішісі түгелдей ол кісіні “мұғалім” дейтін. Ол адамгершілігімен, сыпайылығымен өзгеге өзін сыйлата білген еді. Мектеп директоры лауазымының өзі жұрт арасында оның үлкен беделін таныта білді.
Бірде маған: “Сені директор шақырып жатыр”, – деді. Қызға хат жазамын деп жүрегім шайлығып қалған екі өкпемді қолыма алып тез жеттім. Директор: “Ә, келдің бе?” – деп күлімсіреп қарсы алды. Сосын әңгімені көпке созбай: “Оқушылар комитетін қайта өзің басқар”, – деді. Адамды сенім жоғарылатады, бірақ сонымен бірге сенім зор жауапкершілікті де арттырады. Мұғалім Шүленбаев ұстаздың шәкіртке деген сенімінің өзі тәрбие құралы екенін, өнеге құралы екенін түсінген нағыз тәлімгер еді!..
Мектеп қабырғасында жүргенде кітаптан бас алмадым десем болады. Көбіне оқитыным – эпостар, Абайдың, Пушкиннің өлеңдері… Пушкин дегеннен шығады, мектеп бітірерде біз – ауыл балалары – үлкен қиыншылыққа тап болдық. Біздің алдымызда Қызылеңбекте оқығандар орта мектепті бітірді деген қағаздарын да ала алмады. Өйткені, мектепте жоғары білімді мұғалімдер өте аз болғандықтан, олар емтихан қабылдамайтын. Содан біздің балалар емтихан тапсыру үшін сабылып қалаға барады.
Орта мектепті тамамдады деген құжат алу үшін сонда барып, орыс тілінде шығарма жазу керек болды. Қазақша оқыған балалар оны қалай жазады, содан бір-екі күннен кейін бәрінің бастары салбырап қайтып келеді. Ешқандай жеңілдік деген жоқ, екі қате жіберсең болды, екіні қайқайтады.
Әйтеуір, біз мектеп бітіргенше жоғары білімді мұғалімдердің саны біршама көбейіп, біз бірінші рет емтиханды өз мектебімізде тапсыратын болдық. Айта кетейін, көбіміздің Павлодарға барсақ та сүрінбейтіндей жағдайымыз бар еді. Біз мектеп бітірерден біраз бұрын ауылға Қазаннан жасы 60-қа жақындап қалған татар мұғалімі келгенді. Әлгі мұғалім орыс тілінен сабақ берді. Қуанып қалдық, өйткені қайткенде де мектеп қабырғасынан орыс тілін біліп шығуымыз керек. Зәкир әбзидің көмегімен орыс тіліне жатпай, тұрмай дайындалдық. Енді грамматика қиын емес, ең бастысы шығарма ғой. Зәкир әбзидің оқыту тәсілі, қазіргі репетиторлар секілді. Мәселен, балалар Толстойдың “Соғыс және Бейбітшілік” кітабын оқымаса да, Кутузовтың образын жатқа білетін.
Маған емтиханда орыс әдебиетінен Горькийдің “На дне” деген шығармасы туралы сұрақ келді. Еш мүдірместен жатқа айтып бердім. Емтихан алып отырған мұғалім таңғалғанын жасыра алмай, сұрақтарды үсті-үстіне қоя бастады. М.Горькийдің, Л.Толстойдың, И.Тургеневтің тағы басқалардың шығармаларының басты кейіпкерлері жайлы сұрады. Бәрін айтып бердім. Сірә, ол мен осы кітаптардың бәрін оқыды деп ойлап қалды білем: “Жарайсың, Әбділдин!” – деп бес қойды. Университетке түсерде де орыс тілі мен әдебиетінен бес алдым. Әрине, университетке түскеннен кейін Антон Чеховты да, Лев Толстойды да барлығын өмір бойы оқып келе жатырмыз ғой.
– Жәке, жоғары сыныпқа келгенде балалар да, олардың ата-аналары да мамандық, мектеп бітіретін ұл-қыздарының қандай оқуға баратыны жайлы ойлана бастайды ғой, философ болу сіздің бала күнгі арманыңыз ба еді?
– Философия дегенді мектеп бітіргенше естіген де жоқ едім. Физиканы жақсы көріп, жақсы оқыдым. Бірақ осы ғылымды қуамын деген ой болған жоқ менде. Менің бар білетінім – жазушылар мен ақындар. Сондықтан да болар, іштей жазушы, ақын боламын деп жүрдім. Сөйтіп жүргенде, 10-сыныпты бітірген кезде газетте жарияланған бір хабарландыру көзіме түсті. Сол хабарландыруда Қазақ мемлекеттік университеті философия және экономика факультетіне студенттер қабылдайтыны жазылыпты. Философия факультеті деген сөздерді “Бұл ғылыми қызмет” деп жақшаға алыпты. Философия дегеннің не екенін білмеймін, маған ұнағаны ғылыми қызмет деген сөз. Үлкендердің ғылым өте қиын, инемен құдық қазғандай деген сөздерін талай еститінбіз.
Міне, осының мәнін сұрап білу үшін КСРО тарихынан сабақ беретін ұстазым Ғабдраш Сәрсенбаевтың үйіне келдім. Ғабдраш аға ат жақты келген, үлкен қой көзді, қыр мұрынды, қызыл шырайлы, бетінде шешек ауруынан қалған дақтары бар адам еді. “Оқу ісінің озық қызметкері” деген атағы бар. Ақтөбеде екіжылдық мұғалімдер институтында Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсыновтың шәкірті Қажым Басымовтан дәріс алған. Институтты бітіргенде Қажым ұстазы шәкірттеріне аманат сөзін айтып, шығарып салған. Мұғалім ұстазының сол аманат сөздерін әрдайым еске алып отыратын. Ұстамды, жан-жақты, эрудициясы жоғары ұстаз. Абай, Әуезов және тағы басқа ақын-жазушылар туралы, Қазақ тарихы туралы терең толғап айтатын. Әдебиетке де жақын, тілге де өте шебер адам еді.
Менің философия жөнінде қойған сұрағыма Ғабдраш аға: “Философия – бар ғылымның басы ендеше, бар ғылымның атасы – Платон, Аристотель, Сократ және Абай – ұлы философ болған ғұламалар”, – деп жауап берді. “Философия – бар ғылымның атасы” деген мұғалімнің сөзі маған қатты әсер етті. “Абай да философ” болған дегеннен кейін тіпті құлай бастадым. Осы әңгімеден кейін философияға аңсарым біржола ауды.
Ақыры, мектеппен қоштасатын күн де жақындады. Ауданда мектеп бітірушілердің құрметіне үлкен той болды. Тойға аудандық атқару комитетінің төрағасы Қабашевтің өзі қатысты. 1949-шы жылы жеті бала мектепті бітіріп шықтық. Бірақ балалардың біразы оқуларын одан әрі жалғастыра алмай қалды. Өйткені, олардың көбінің тұрмыстары төмен еді. Төрт жыл институтта оқу, оған емтихан тапсыру, жол қаражаты, осының бәрі айналып келгенде ақшаға тіреледі ғой. Оны қайдан алады? Әкеме өз ойымды жеткізгенімде, ол кісі бірден: “Қайда оқимын десең де, бетіңнен қақпаймын, барлық жағдайды жасаймын”, – деді.
Ендігі мәселе қайда бару. Философия факультетіне барғым келеді. Бірақ ҚазМУ туралы білетінім аз. Осылай екі ойлы болып жүргенімде көрші Жалтыр колхозында тұратын, университеттің филология факультетінде оқитын Зейнолла деген жігіттің каникулға ауылға келіп жатқанын естіп, соған жолығуға ұйғардым. Зейнолланың жасы менен әжептәуір үлкен, өзі бірнеше жыл мұғалім болған, сонан соң барып оқуға түскен. Зейнолла бәлсінген жоқ, бәрін тәптіштеп айтып берді. Осыдан кейін мен ҚазМУ-ге түсемін деген шешімге біржолата тоқтадым.
Шілденің 23-ші жұлдызында Алматыға жүретін болдым. Бірінші тамызда – емтихан. Әкем мен Мейірхан аудан орталығы – Май селосына дейін шығарып салды. Ертіс өзені арқылы Семейге дейін үш мың кісілік орны бар үлкен кеме жүреді. Төрт-бесқабатты үй секілді, палубасы бар кеме. Май селосына ғана аялдама жасайды. Ол сол Омбыдан бастап адам жинайтын көрінеді. Аптасына бір рет жүретін пароходтың келетін уақыты да солай болған. Осы арада Май селосынан Алматыға бара жатқан Мәнсүр деген баламен таныстым. Жасы менен үлкендеу, өзі соттың хатшысы болып қызмет істеген, қаланың жайын жақсы біледі екен. Ол өзінің Алматыдағы заң институтына бара жатқанын айтты.
Қолымда екі сөмке, мықшыңдап әлгіден қалмаймын. Бір қапшыққа шешем бір қарын майлы талқан, бір қарын қуырдақ салып берген. Мектепті бітіргенде тіктіріп берген костюм, шалбар, көйлек-көншектің бәрі чемоданда. Қаражаттан қиналып қалмасын деп әке-шешем екі жарым мыңдай, сол кездегі жеңіл машинаның жарты құнындай ақша берген. Оның бес жүзін алуға ыңғайлы, костюмнің ішкі “ұры” қалтасына салып берді де, ал қалған 2 мыңды етіктің қонышының ішіндегі шалбардың балағына қалта тігіп, ақшадан айрылып қалмасын деп соған тықты.
Семей қаласына келесі күні түстен кейін жеттік. Бірден теміржол вокзалына барсақ, Алматыға билет жоқ екен. Сол күні вокзалда түнеп шығуға тура келді. Әйтеуір, Мәнсүр пысық, анда-мында жүгіріп жүріп, милиция көмектесті ме, әйтеуір, билет тапты, шілденің 26-сында Алматыға барамыз деп жеделхат та салып жіберді.
Сөйтіп, Семейден Алматыға пойызбен жеттік. Әкем Алматыда байдың тұқымы деп қудалаудан бас сауғалап, кезінде елден ертерек кетіп қалған туысымыз бар, консерваторияда қызмет істейді деген болатын. Сол кісіні тауып алдық. Мені орналастырғаннан кейін Мәнсүр өзінің танысының үйіне кетті.
ҚазМУ ол кезде Панфилов паркінің алдында, Совет көшесінде болатын. Ауылда жүрген кезде анда-санда болса да, Павлодарға барып тұрушы едік. Бірақ республика астанасы – Алматы Павлодармен салыстырғанда мүлдем үлкен, халқы да, үйлері де, тіпті көшедегі толассыз жүріп жатқан автокөліктері де көп қала екен. Орысша жақсы сөйлейтінімнің пайдасы тиді. Өзім барып университетке құжаттарымды тапсырдым, жатақханаға орналастым. Жатақхананың үлкен бір бөлмесінде жиырма шақты бала жаттық. Бір-бірімізбен танысып, тез-ақ шүйіркелесіп кеттік.
Қабылдау емтихандары 22 тамызда аяқталды. Бір сабақты төрт, қалғанын беске тапсырып, университетке қабылдандым. Бірінші қыркүйекте сабақ басталып кетті. Мектептегі оқудан гөрі университеттегі оқудың жағдайы мүлдем басқаша екен, мұнда күн сайын дәріс оқылады, сен түсіндің бе, түсінбедің бе, онда лектордың жұмысы жоқ. Дәріс оқылатын бөлмелер мектепте сынып деп аталса, мұнда оны аудитория дейді екен. Ал дәрістердің ара-арасында өтетін семинарлар оқытушының бір апта бойы оқып кеткен сабағын қайталап, пысықтайды.
Сабақтар орыс тілінде жүреді. Оқытушылардың дені қуғын-сүргінге ұшырап, жер аударылған, былайша айтқанда, биліктің сенімінен шыққан жандар екен. Бірақ обалы не керек, өте жақсы адамдар болды. Мысалы, Н.Дордыкин деген деканымыз москвалық екен. М.Чечин деген оқытушы да 1950-шы жылы репрессияға ұшырап, бізге келіпті. Философия тарихын жақсы білетін, еңбекқор адам еді. Бровер деген профессордың лекцияларынан да қалмауға тырысатынбыз. Нейштат деген профессор экономикадан сабақ берді. Крывелев деген жауапты хатшы болды. Ол кезде кітаптар өте аз. Ал ұстаздарымыз түпнұсқаны оқыңдар дейді. Осылай жоғары оқу орнының табалдырығын аттамай жатып, Маркстың, Лениннің, Гегельдің, Аристотельдің, Платонның шығармаларын оқыдық. Кітап аз, сондықтан кітапханадан шықпаймыз. Жас адам алғыр болады ғой, жарты жылдың ішінде біраз кітапты оқып тастадық. Жай ғана оқымаймыз, олардың қысқаша мазмұнын, түсінгенімізді дәптерге түсіріп аламыз. Сөйтіп, бірінші курстың соңында менің дәптерімде солардың біраз еңбегі болды.
Бала кезімде менің жадым мықты болды. Мұғалімнің сабақта айтқандарын ертесіне тұп-тура сол қалпында айтып беретінмін. Бірде мынадай жағдай болды. Мұғалімдер мектепте аптасына бір рет партия тарихын оқитын. Оқу комитетінің төрағасы болғандықтан, сол сабақтарға мен де қатысып жүрдім. Бірінші тарауды аяқтағаннан кейін қорытынды сабақ болды. Сабақты директордың өзі беруші еді. “Кәне, кім айтады?” – деп сұрай бастады. Мұғалімдерде үн жоқ, сабаққа дайындалмай келген балалар сияқты бастарын төмен салып отыр. Ешкім құлшыныс таныта қоймаған соң мен қол көтердім. Оқығанның бәрін түпнұсқаға жақын айтып бердім. Ол кезде түпнұсқаға сілтеме жасасаң тіпті ақылды болып көрінесің. Мен, мақтанғаным емес, осы жағына өте мықты болдым.
1950 жылдары елдің жағдайы әлі түзеле қоймаған кез. Москвадан келген оқытушылар, ғалымдар бір бөлмеде тұрады. Олар өте таза, адал болды, біреуден бірнәрсе дәмету деген жоқ. Ондай нәрсені мен қашан университетті бітіргенше естіп көргем жоқ.
Чечин деген ғылыми жетекшім болды. Келе салысымен қазақтың тілін үйренемін деді. Ол кісіден барлығы қорқатын, оның сабағынан бес алу деген оңай болмайтын. Сабағы біткен соң түнгі 10-12-ге дейін бізбен бірге кітапханада отыратын. Әрбір сөзге мән беретін, ол неге бұлай, олай емес деп сұрақтың астына алып, қинайтын.
Бірде семинарда “Диалектика және таным теориясының бірлігі” деген тақырыпты талқылауға тиіс едік. Бұл тақырыпқа қатысты оқулықтар аз. Ал оқытушы ұсынған Маркс, Энгельс, Ленин еңбектерінде тақырыптың тура жауабы жоқ болып шықты. Семинарды өткізген П.Пак деген бір кәріс жігіті: “Кәне, кім айтады?” – деді. Суырылып шығып айта қоятын ешкім табылмады, бәріміз басымызды төмен салып, үнсіз отырмыз. Оқытушы журналға қарап, әліпбилік рет бойынша фамилиям бірінші тұрған мені шақырды. “Диалектика және таным теориясы бірлігінің” не екенін білмеймін, не де болса үндемегенім дұрыс болмас деп әр нәрсенін басын бір шалып соғып жатырмын. Менің “ауа жайылып” бара жатқанымды аңғарған мұғалім: “Сендер болашақ мамансыңдар, сабаққа дұрыстап дайындалу керек”, – деп қатты ескерту жасады. Осы жай маған үлкен сабақ болды. Осыдан кейін әрбір семинарға мұқият дайындалатын болдым. Сабақтан шығысымен кешкі 10-ға дейін орталық кітапханаға барып отыруды әдетке айналдырдым. Осылай философияның мән-мағынасын біртіндеп түсіне бастадым.
Менің есте сақтау қабілетім жақсы болды, бір оқығанымның 25-30 пайызын бірден жаттап алушы едім. Осындай қабілетімнің арқасында болуы керек, Ленин, Маркс, Энгельс еңбектерінің негізгі тұстары жадымда жатталып қалды. Сол сияқты, Белинскийдің Пушкин туралы мақалаларының үштен бір бөлігіне жуығын жатқа айтып жүрдім.
Қабдрахман деген курстас жолдасым болды. Екеуміз біреу бір жерде кандидаттық диссертация қорғап жатса немесе конференция, семинар болатынын естісек бара беретінбіз. Барғанда жай отырмаймыз, реті келіп жатса сұрақ қоямыз. Филология факультетінің ғылыми үйірмесіне де талай қатысып, сөз сөйлеп жүрдік. Осының бәрі біздің рухани қалыптасуымызға ықпал етті деп ойлаймын. Осындай ұмтылысымыздың арқасында Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сынды үлкен жазушыларды, атақты профессорлар мен ғалымдарды көрдік, олардың сөздерін тыңдадық, соларға еліктедік. Сөйтіп, екінші курсты бітіріп, үшінші курсқа көшкенде: “Тіл мен ойдың қарым-қатынасы туралы” тақырыпта алғашқы ғылыми жұмысымды жаздым. Бұл еңбегім елеусіз қалған жоқ, университет конференциясында, оқытушы-профессорлардың арасында талқыланып, қызу пікірталас туғызды. Конференцияны университет ректоры Төлеген Тәжібаевтың өзі жүргізіп отырды. Ғылыми конференцияның салмағы мен деңгейін осыдан-ақ аңғаруға болатын еді. Артынша “Социалистік Қазақстан” газетінде мен туралы мақала жарияланды. Өзім ойлаймын, осы конференция менің болашақ ғалым ретінде тұсауымды кесті.
Осыдан кейін өзіммен бірге оқитын курстас жолдастарым мені “Кант” деп атай бастады. Себебі, мен бұл кезде Аристотель, Гегель, Фейербах, Канттың философиясын терең ұғып, біршама жақсы игеріп алған едім.
Біз үшінші курста оқып жүргенде Сталин қайтыс болды. Іле қоғамдық өмірде күрт өзгерістер бола бастады. Сол кезде студенттерге сабақ беріп жүрген “космополит” мұғалімдер, Крывелев, тағы басқалары еліне қайтты.
Жылдар жылжып өтіп жатты. Бесінші курс та басталды. “Тіл мен ойлаудың жинақталған үлгісінің логикасы” деген тақырыпта диплом жұмысын жазуға отырдым. Бұған дейін Гегельдің 1-ші томын үзіп-жұлып оқыған едім, соны диплом жұмысына толық пайдалануыма тура келді. Себебі, философияда тіл мен ойдың проблемаларын Гегель мен Канттан басқадан таба алмайсың. Жалпы кейбір әдебиет бір-біріне қарама-қайшы келіп жатады. Сондықтан Гегельдің “кіші логикасын” Маркс пен Энгельстің еңбектерімен, Лениннің философиялық дәптерімен салыстырып оқыдым. Сонан соң Маркстың “Капиталын” қайта қарап шығып, соның бірінші бөлімін, одан кейін Менделеевтің “Элементтер кестесін” қарап, соларды жинақтап, бір жүйеге келтірдім.
Әңгімелескен
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.