Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылының медициналық “Жедел жәрдем” қызметіне телефон шалған белгісіз ер-азамат жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған. Осыдан кейін тәртіп сақшылары бірден Саумалкөл аудандық орталық ауруханасының ғимаратын тексеруге кіріседі. 10 медициналық қызметкер мен ем қабылдап жатқан 46 науқас уақытша қауіпсіз жерге шығарылды. Тексеріс барысында күдік тудыратын ешбір зат табылмады.
Өткізілген жедел іс-шаралар барысында қоңырау шалған адам анықталды. Ол Константиновка ауылының 18 жастағы тұрғыны болып шықты.
Аталған фактіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы “Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Бұл жыл басынан бергі жалған лаңкестік туралы хабарлама таратудың үшінші фактісі. Сәуір айының басында сапаржай ғимаратына жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған облыс орталығының 32 жастағы тұрғыны Петропавл қаласы сотының шешімімен 3 жылға бас бостандығынан айрылған болатын.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз
қызметінің жетекшісі.