«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢДЕУ САЛАСЫНА – ӨЗГЕШЕ СЕРПІН

Облысымыздың ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу картасы бекітілді. Себебі, өзімізде шығарылатын азық-түлік тауарларын бәсекеге қабілетті етіп, импорттық өнімдерді алмастыру – күн тәртібінде тұрған мәселе. Бұл бұрнағы күні облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында белгілі болды.

Соңғы жылдары өңіріміздегі қайта өңдеу кәсіпорындарында күрделі мәселелер туындаған. Әрі еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі болғалы аталмыш мәселелердің өзектілігі арта түсті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың айтуынша, басқару жүйесін, маркетингті, ауылшаруашылық шикізаттарын өңдеуге озық технологияларды пайдалана отырып, өндірісті дамыту қажет. Осыған байланысты әзірленген карта бес негізгі бағытты – жергілікті өнімдерге сұранысты ынталандыруды, өңіріміздегі агро-өнеркәсіп кешендерін қаржылай оңалтуды, ауылшаруашылық шикізатының табиғи және экономикалық қолжетімдігін арттыруды, аралас және қосалқы салаларды дамытуды, азық-түлік және қайта өңдеу саласы бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды қамтиды.  

Соңғысының маңыздылығын атап өткен Айдарбек Сейпілұлы 2020 жылға дейін шикізат және қайта өңдеу өндірісін кеңейту бойынша түрлі бағыттағы 60 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отырғандығын жеткізді. Аталмыш жобалардың дені сүтті, етті және астықты қайта өңдеуге қатысты. Ауыз толтырып айтарлық ірі жобалардың бірі – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда салынып жатқан астықты тереңдетіп өңдейтін зауыт. Қуаттылығы жылына 250 мың тонна зауытта 1000 жұмыс орны ашылмақ. Алайда, аталмыш картаға өз жобаларын ұсынуда сылбырлық танытқан аудандар да баршылық.

Осы орайда Айдарбек Сапаров аудан әкімдері жергілікті жерлердегі кәсіпорындарға сараптама жасап, олардың өндірісін кеңейту, сол сияқты жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмысты ұйымдастыру қажет екенін атап өтті. Ауыл-шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу картасын 2016-2020 жылдар аралығында жүзеге асыруға 200 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.

– Бұл карта бағдарламалық құжат ретінде біз үшін аса маңызды. Осы орайда аудан әкімдеріне аталмыш картаны сапалы жүзеге асыруды қолға алып, агроқұрылымдардың жетекшілеріне негізгі тұстарын түсіндіруді, ауыл шаруашылығы басқармасына оның жүзеге асырылуына мониторинг жүргізіп, тоқсан сайын есеп беріп отыруды, ішкі саясат басқармасына облыстық баспасөз беттерінде жариялауды тапсырамын, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Үстіміздегі жылы 20 жылдығын атап өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті филиалының атқарған жұмысы қорытындыланды. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов жыл бойы 500 мың адамды қамтыған үш жарым мыңнан астам іс-шара ұйымдастырғанын атап өтті. Сондай-ақ, Ресейдегі қазақ диаспорасымен қарым-қатынасты нығайту жұмысы да ұмыт қалмаған. Соның бір дәлелі – отырыс барысында өңір басшысы Ерік Сұлтанов Ресейдің Түмен облысындағы қазақ диаспорасының мүшелерін Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай марапаттады.

– Әлемде болып жатқан өзгерістерге байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қарым-қатынасты сақтауда жетекшілік етуі тиіс. Петропавл қаласы мен аудан әкімдеріне Қазақстан халқы облыстық ассамблеясымен бірлесе отырып, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, өңірді дамыту картасына этнобірлестіктердің белсене қатысуына қолғабыс етіп, облысымызда өмір сүріп жатқан этностардың тарихын, мәдениетін сақтаудағы кешенді жұмысты жалғастыруды тапсырамын, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Отырыс барысында үстіміздегі жылы барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен есепті кездесулері кезінде айтылған мәселелердің қаншалықты орындалғаны да сөз болды. Биыл тұрғындар тарапынан 1900-ден астам мәселе көтерілсе, 910-ы бақылауға алынған екен. Бүгінде соның 93 пайызы орындалыпты. Осы орайда өңір басшысы аудан әкімдеріне есепті кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді орындау басты міндет екендігін атап өтіп, бұл жұмысқа әрдайым ұқыпты қарау керектігін қадай айтты.

Еліміздегі білімді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында атқарылған жұмыс та баяндалды. Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың айтуынша, 6 бағыттан тұратын бағдарламада 9 мақсатты индикатор мен 25 көрсеткіш бар екен. Өңірімізде екі көрсеткіш орындалмаған. Мәселен, жаратылыстану-математика пәндерін ағылшын тілінде беретін педагогтердің үлесі жоспар бойынша 5 пайызды құраса, бізде бір пайызға да жетпейді. Жұмыс беруші есебінен кәсіптік-техникалық білім алатын студенттердің үлесі де көзделген жоспардан анағұрлым төмен. Жалпы білім саласында туындаған мәселелер сөз болып, бүлдіршіндерді толық көлемде мектепке дейінгі біліммен қамту жайы, орта білім берудің түйткілді тұстары, ауыл мұғалімдерінің біліктілігінің төмендігі айтылды.

Осы орайда облыс әкімі Ерік Сұлтанов үстіміздегі жылы мектепке дейінгі білім беру бойынша 1048 орынның ашылуы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті тиімді пайдаланудың айшықты көрінісі екендігін атап өтті. Елбасы тапсырғандай, алдағы екі жылда бұл мәселені толық шешу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестікті барынша пайдалану қажет. Өңірімізде апатты жағдайдағы және үш ауысымда білім беретін мектептердің мәселесі оңтайлы шешіліп жатқанын тілге тиек еткен өңір басшысы: “Алдағы уақытта білімнің сапасына баса назар аудару қажет. Аудандарда мұғалімдердің біліктілігі төмен екендігіне көз жеткіздік. Сол себепті осы бағытта ауқымды жұмыс атқаруымыз керек”, – деді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

 Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp