Петропавл қаласында қазақ күресінен «Қызылжар барысы» облыстық турнирі өтті. Бозкілемде өңірдің үздік балуандары белдесті.
Бұл жарысқа барлығы 93 спортшы қатысты. 66 балуан салмақ дәрежелері бойынша сынға түссе, 27 жігіт «түйе балуан» атағына таласты. 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Тимирязев ауданының балуаны Досжан Сапарғали жеңімпаз атанды. 60 келіде Ақжардың өкілі Ғабдолла Ағжанға қарсылас шақ келмеді. 66 келіде Аққайың ауданынан келген Жандос Нұрбек алтыннан алқа тағынса, 74 келіде Жамбыл ауданының балуаны Мұхамед Калеловтың бағы жанды. 82 келі салмақта Қызылжар ауданының өкілі Дмитрий Диннер жеңіс тұғырына көтерілді.
Ал аса ауыр салмақтағылар арасынан Уәлиханов ауданының өкілі Алтынбек Әусағитов «түйе балуан» атанды, Шал ақын ауданынан келген Әділ Қайыров 2 орын, Қызылжар ауданының балуаны Дмитрий Диннер 3 орын алды.
Турнир жеңімпазына 700 000 теңге, екінші орын үшін 500 000 теңге, үшінші орынға 300000 теңге берілді.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».