Өңірде биыл 215 шақырымға жуық республикалық жолды жаңарту жоспарланған. Оның ішінде Жезқазған-Петропавл тас жолы да бар. Облыстық әкімдіктің мәліметінше, қазір Жезқазған-Петропавл трассасының Шал ақын, Есіл және Қызылжар аудандарындағы бөліктерінде жұмыс жүріп жатыр. Жоба бойынша бұл жолға жаңадан асфальт төселеді. Тоғыз су өткізгіш құбырды жөндеу, төрт автопавильон орнату, жол белгілері мен тосқауыл қоршауларды монтаждау көзделген.
Жезқазған-Петропавл автожолының жалпы ұзындығы – 954 шақырым. Оның 359 шақырымы біздің облыстың аумағы арқылы өтеді. Мамандардың айтуынша, бұл жол 1980 жылдардан бері күрделі жөндеу көрмеген, тек жекелеген учаскелерде шұңқырларды тегістеу жұмысы жүргізілді. Жаңғырту жобасы былтыр басталып, 83 шақырымы қалпына келтірілді.
Жалпы өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 8416 шақырым. Оның ішінде 1970 шақырым республикалық желіге, 1983 шақырым облыстық желіге, 4463 шақырым аудандық желіге тиесілі.
Солтүстік Қазақстан облысы – жолдардың ұзындығы бойынша республикада екінші орында. Соңғы жылдары оның сапасын жақсартуға баса назар аударылып келеді. Екі жыл ішінде облыста 1600 шақырымнан астам жол қалпына келтірілді. Нормативтік жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 84 пайызға дейін өсті. Республикалық желі бойынша бұл көрсеткіш – 87 пайыз.
Биыл жалпы 1,1 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 467 шақырымы республикалық желі және 700 шақырымы жергілікті жолдар мен көшелер. Мәселен, Покровка – Петропавл, Қайранкөл – Благовещенка, Дәуіт – Кішкенекөл, Меңкесер – Раздольное, Горьковское – Восходское, Кішкенекөл – Қаратерек, Смирново – Қиялы, Покровка – Ильинка, Смирново – Токуши, Повозочное – Баян, Ялты – Шақпақ сияқты негізгі учаскелерді жөндеу жұмыстары қарастырылған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».