Соңғы күндері “COVID-19” ауруына шалдыққандардың саны күрт өсуде. Бұлай жалғаса берсе, өңіріміз “қызыл” аймаққа енуі мүмкін. Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы өткізген брифингте қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Әсет Жұматаев індеттің ағымдағы жағдайы туралы баяндады.
Өткен тәуліктерде ауру жұқтырудың 46 фактісі тіркелген. Бүгінгі күні өңір бойынша коронавирусқа шалдыққан тұрғындардың қатары 4776-ға жетті. Солардың 1754-інде індеттің симптомсыз түрі байқалған. “Сырқаттанған тұрғындардың көбінің (67 пайыз) медициналық мекемелерге жүгінуі кезінде инфекция жұқтырғаны анықталды. Алдын алу жұмыстары барысында 999 адамның дертке шалдыққаны белгілі болды. Бұл адамдармен байланыста болғандардың ішінде 595-інің ауруды жұқтырғаны расталып отыр”, – деді Әсет Жұматаев.
Ауру облыс орталығы мен Уәлиханов ауданында көп тіркелген. Мәселен, соңғы 6 күн ішінде облысымызда 206 тұрғында тест оң нәтиже көрсеткен. Өткен аптамен салыстырғанда, ауру өсімі 37 пайызды құраған (150-ден 206 жағдайға дейін). Коронавирус инфекциясы барлық жас санаттарында кездеседі. 60 жастан асқан және 50-59 жас аралығындағы азаматтар ауруды ең көп жұқтырған топ болып отыр. Оқу жылының басынан бері 40 бала ауырды.
6-8 қараша күндері Ресеймен шекаралас жатқан автомобиль жолдарының өткізу пункттері арқылы өңірімізге 19 мыңнан астам адам келген. Олардың мың жарымы анықтама қағазынсыз болған. Талапты орындамағандар дереу зертханалық тексерістер жүргізетін карантин стационарларына жатқызылып, нәтижесінде 149-ында инфекция анықталды.
Бүгінгі күні КВИ ауруының өсу динамикасын ескере отырып, дерттің одан сайын белең алуын тоқтату, сондай-ақ, тұрғындар арасындағы байланысты уақытша үзу мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау ведомствосы 8 аудандағы 11 елді мекенді карантинге жабу туралы шешім қабылдады. Бұған дейін шектеу шаралары күшейтілген Ақжар ауданының Казанское және Ленинградское, Тайынша ауданының Кирово және Чермошнянка, Шал ақын ауданының Повозочное ауылдары ауру жағдайларының тіркелмеуіне байланысты карантиннен ашылды.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.