«Бейбіт күннің батырлары кімдер?» дегенде алдымен еске екі күннің бірінде басын қатерге тігіп, түрлі апаттарда, өрттер мен су тасқынында алдыңғы саптан табылатын өрт сөндірушілер мен құтқарушылар түседі. Бұл жұмыс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Жүректілік, машық, білім мен білік және тәжірибе керек. Бұл мамандар былтырғы су тасқынында өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты. Дегенмен көктем жақындаған сайын өңір тұрғындарын толғандырып жүрген сұрақтар да арта түскендей. Осы ретте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жомарт Асқаров оқырмандарымыздың сұрақтарына жауап берді.
Әсем МӘЖІКЕЕВА,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Өртсөндірушілер мен құтқарушылар үшін 2024 жыл қалай өтті?
– Өткен жыл бәріміз үшін оңай болған жоқ. Былтыр «112» шұғыл қызметінің телефон нөміріне азаматтардан 182 мыңнан астам, «101» нөміріне 14,5 мыңнан астам қоңырау түсті. Департаменттің құзыретіне кіретін барлық хабарламалар бойынша тиісті шаралар қолданылды. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер өртке 1950 рет шығып, апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүзеге асырды. Осының нәтижесінде 342 адам құтқарылды, 1059 адам эвакуацияланды, 115 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Көктемгі су тасқыны кезеңінде өзге өңірлердегі әріптестермен, жергілікті атқарушы органдармен, азаматтық қорғау қызметтерімен, волонтерлермен бірлесіп жүргізілген жұмысқа жеке тоқталмасқа болмайды. Су тасқыны кезеңінде 40 елді мекеннен тұрғын үйлерді су басу қаупіне байланысты 14 мыңнан астам адам эвакуацияланды, сорғылармен 7 млн. текше метрден астам су айдау жұмыстары жүргізілді.
Дәурен ТАЛАСПАЙ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Құтқарушылар мен өртсөндірушілердің жұмысы қауіпті. Өз өмірлерін бәйгеге тіге жүріп, өзгелерді құтқарады. Осы ретте төтенше жағдай қызметі мамандарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– Биыл өңірдің өрт сөндірушілері алғаш рет жаңадан салынған көпқабатты үйден баспана алды. Бұл – біздің қызмет үшін аса маңызды оқиға. Шұғыл әрекет ететін мамандардың тұрмыс жағдайын жақсарту бойынша мемлекеттік саясаттың іске асып жатқандығының көрінісі. Өртсөндірушілерге берілген пәтерлер қызметтік үй болып есептеледі. Баспаналы болғандардың ішінде көпбалалы отбасылар да бар. Өртсөндірушілер мен құтқарушыларға ыңғайлы тұрмыстық жағдай жасау – ведомствоның алға қойған басымдықтарының бірі.
Облыстың барлық өрт сөндіру бөлімшелерінде жөндеу жұмыстары жалғасып келеді. Ең алдымен, ғимараттардың шатырын ауыстыру, пластикалық терезелер орнату, ұзақ жанатын қазандықтар қою сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар жылыту мен сумен жабдықтау жүйесіне жөндеу жүргізілді. Спорттық база жаңартылып, өрт сөндірушілердің жаттығуына қажет жабдықтар сатып алынып жатыр. Біз осы маңызды саланы назарда ұстаймыз, қызметкерлеріміздің жағдайын жасаймыз, өйткені олардың жұмысының тиімділігі, отбасыларының әл-ауқаты осыған байланысты.
Айгүл БАЖЕНОВА,
Қызылжар ауданының тұрғыны:
– Жаңадан 18 қабаттық үйлер тұрғызылды. Жоғары қабатта өрт шыққан жағдайда оны сөндіретін құрал-жабдық бар ма?
– Департаменттің автомобиль паркі өткен жылы 30-дан астам заманауи техникамен толықтырылды. Жедел-құтқару және апаттық-құтқару техникасы ретінде пайдаланатын 11 «TOYOTA HILLUX» өтімділігі жоғары автомобильдері және жол таңдамайтын, батпақтан да өте беретін «ТРЭКОЛ» көліктерінің төртеуі сатып алынды. Олар біздің жергілікті жерде жұмыс істеуге өте ыңғайлы, бұл көліктердің көмегімен құтқарушылар апаттық-құтқару және іздестіру жұмыстарын жүргізу орындарына жедел жетіп, заманауи жабдықтарды пайдалана отырып, өз міндеттерін атқара алады. Өрт сөндіру бөлімшелері де назардан тыс қалған жоқ. 8 өрт сөндіру автоцистернасы және көпқабатты ғимараттардағы өрттерді сөндіруге және адамдарды эвакуациялауға арналған бір АЛ-55 «MAGIRUS» өрт сөндіру автосатысы алынды. Оның 55 метрлік жылжымалы баспалдағы, адамдар тұратын орны, құтқару лифті, автономды генераторы бар. Басқару жүйесі үйлер тығыз орналасқан қалалық жағдайда өрттерді жою кезінде арнайы техниканы жедел пайдалануға мүмкіндік береді, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу уақытын қысқартады.
Сондай-ақ департамент бөлімшелері үшін «Skoda Kodiak» жеңіл автомобильдері, жылжымалы сорғы стансалары, шатырлар, мотопомпалар, қайық моторлары сатып алынды. Бұдан бөлек біздің қызметкерлер су тасқыны болуы мүмкін аумақтарды бақылауда ұстау үшін жаңа ұшқышсыз басқарылатын аппаратты пайдалана бастады. Оның көмегімен құтқарушылар Петропавл қаласы маңындағы және Қызылжар ауданындағы су тасқыны қаупі жоғары аумақтарды зерттеп жатыр. Жуырда алынған дронның мүмкіндіктері жоғары. Басқару қашықтығы 20 км, ұшу биіктігі 7 км, ал жұмыс уақыты 55 минутқа дейін. Квадрокоптер жоғары дәлдікті белгілеу жүйесімен, прожектормен, лазерлік қашықтық өлшегішімен, жылу камерасымен, автономды ұшу функцияларымен, кедергілерді анықтау жүйесімен және 32 есе үлкейту мүмкіндігі бар камерамен жабдықталған.
Халима СҰЛТАНОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Көктемгі су тасқынының алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
– Өңірде Есілден бөлек Шағалалы, Сілеті және Қамысақты өзендерінен және олардың салалары – Ақанбұрлық, Бабықбұрлық, Шарық, Жембарақ, Иманбұрлық өзендерінен қауіп бар. Сондай-ақ еріген қар және тасыған көл суы да елді мекендерге кіріп жатады. Биыл осындай 116 ауыл ерекше бақылауға алынған. Оның ішінде өзендерде су деңгейінің көтерілуінен – 40, көлдердің толып, тасуынан – 13 және еріген қар суынан – 63 елді мекенге қауіп төніп тұр.
Су тасқыны – бұл циклдік және толық болжанбайтын табиғи құбылыс. Су тасқынына қарсы іс-шаралар барысында оның ауқымы мен ұзақтығын анықтайтын көптеген табиғи факторлар мұқият талданады. Бұл бүкіл елдегі әртүрлі ведомстволардың біріккен күш-жігерін, су қоймаларын, қорғаныс-инженерлік құрылыстарын салуға үлкен қаржылық шығындарды талап етеді. Су тасқынымен күреске дайындық жұмысы бүкіл Қазақстан бойынша, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында жүргізіліп жатыр. Мен оның нәтижесін көрсететін кейбір цифрларға тоқталып кетейін.
Облыс аумағында су тасқынына қарсы жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 60 елді мекенді су басудан қорғауға және төнген қауіпті азайтуға мүмкіндік берді. 80 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері мен үйінділерін салу және нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді, облыстың автожолдарында 108 су өткізгіш құбырлар мен тюбингтер орнатылды, 10 шақырымнан астам су бұрғыш арықтар мен каналдар тереңдетілді, 4 шақырымнан астам шағын өзен арналары тазартылды, 214 шақырым нөсер кәрізі тазартылды және жөнделді. Петропавл қаласының 1-ші көтергіш су қабылдау сорғы стансасы қайта жаңартылды.
Биыл көктемде су тасқынымен күреске, апаттық-құтқару жұмыстарына 1900-ден астам адам, 1320 техника, 117 жүзу құралы және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, полиция департаментінің, Ұлттық ұланның, 6637 әскери бөлімнің және жергілікті атқарушы органдардың 360-тан астам су айдау құралдары қолданылмақ. Қажет болған жағдайда бар күшті су тасқынымен күреске жұмылдырамыз. Себебі басты міндет – көктемнен аман өту.
Ақжайық САЛАМАТОВ,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Су тасқыны кезінде қандай ережелерді сақтау керек? Дұрыс әрекет ету алгоритмі қандай?
– Ең алдымен, тасуы мүмкін өзен жағасында тұратындар және еріген қар суынан қауіп бар елді мекен тұрғындарының әрқайсысында «дабыл чемоданы» болуы керек. Сөмкенің ішінде міндетті түрде дәрі-дәрмектер, бұзылмайтын азық-түлік және ауыз су, қажетті заттар, құжаттар болуы тиіс. Сондай-ақ малды қауіпсіз жерге шығару үшін қай жерде орын белгіленгенін алдын ала анықтау қажет. Эвакуация жүргізу кезінде жергілікті атқарушы органдардың, облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің нұсқауларын мүлтіксіз сақтаған жөн. Дүрбелең тудырмаңыз, ұйымдасқан түрде әрекет етіңіз.
Гүлшара МҰХАМЕТЖАН,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Ресей Федерациясынан еріген қар суының келу қаупі бар ма? Бұл тұрғыда шекаралас мемлекеттермен қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?
– Ресей Федерациясының аумағында қардың еруі нәтижесінде пайда болған су облыстың шекаралас ауылдарына айтарлықтай қауіп төндірмейді. Қалай болғанда да, біз барлығын алдын ала ескеріп, «етек- жеңімізді» жинап, дайын отырмыз. Ресей Федерациясының Түмен облысына аймақтың ең үлкен су артериясы – Есіл өзенінің суы барады. Біздің кезекші қызметтеріміз – облыстық төтенше жағдайлар департаменті де, Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің Түмен облысы бойынша Бас басқармасы да көптеген параметрлер бойынша жедел және мониторингтік ақпаратпен үнемі алмасып отырады. Су тасқыны кезінде бұл үдеріс тәулік бойы жүргізіледі.
Қарлығаш ЖАҒЫПАРОВА,
Шал ақын ауданының тұрғыны:
– Еліміздің төрт министрлігі су тасқынын болжауға және модельдеуге мүмкіндік беретін «Tasqyn» ақпараттық жүйесін бірлесіп әзірлеп жатқанын білеміз. Бұл қандай жүйе?
– «Tasqyn» – бұл су тасқынын болжайтын ақпараттық жүйе. Ол су ресурстарын тиімдірек басқаруға және ықтимал табиғи апаттарды болжауға көмектеседі. Нәтижесінде ықтимал төтенше жағдайларды модельдеуге және нақты болжамдар жасауға мүмкіндік береді, бұл ауыр зардаптардың алдын алу үшін уақтылы шаралар қабылдауға көмектеседі. Оны әзірлеуге Цифрлық даму, Инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Су және ирригация, Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар министрліктері қатысты.
Қазір ол жаһандық «GloFAS» су тасқыны туралы ескерту жүйесіне қосылған. «Tasqyn» жүйесі су тасқыны кезінде 135 өзен бойынша ұзақмерзімді болжам алуға мүмкіндік береді. Бірінші болжам шамамен ақпан айының басында, екіншісі наурыздың басында беріледі. Қазірдің өзінде «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының 86 су қоймасы цифрландырылды. «Қазгидромет» РМК және «GloFAS» жаһандық су тасқынының алдын алу жүйесінің деректері бойынша, өзендердегі су шығындары мен деңгейлерінің болжамды деректерін көрсететін 75 өзен ағынының цифрлық гидрографы әзірленді.
Дайындаған
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».