№ 116 (21333) Сенбі, 29 қыркүйек 2012 жыл
Германиядағы ДНК сараптама нәтижесі бойынша “Арқанкерген” оқиғасында қаза тапқан Рүстем Ақылбаевтың ғана тұлғасы анықталды. Ал қалған екі адамның мәйітінде неміс сарапшылары тұлғаны анықтау бойынша жарамды ДНК жасушаларын таба алмады. Бұл жайында “ҚазАқпарат” тілшісіне Бас әскери прокуратурасының баспасөз хатшысы Ақбар Әбділдин айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, “Арқанкерген” шекара бекетінде әскери қызметкерлердің өлімі бойынша қылмыстық істі тергеу аясында қазақстандық сараптаманың қорытындысына сәйкес 11 әскеридің сүйектері анықталды. Ал Рүстем Ақылбаев, Денис Рей және Мейірхан Именовтың мәйіттері танылмаған болатын.
“Осыған байланысты Берлин қаласының “Шарите” құқықтық медицина институтымен молекулярлық-генетикалық сараптама жасалып, оның нәтижесі бойынша Рүстем Ақылбаевтың тұлғасы анықталды. Ал қалғандары бойынша неміс сарапшылары тарапынан тұлғаны анықтау тұрғысында жарамды ДНК жасушалары табылмады. Тергеу амалдары жалғасуда”, – деді ол.