Ойын – адамның өміртанымының алғашқы қадамы. Ол арқылы балалар өмірден көптеген мәліметтер алып, білімін жетілдіреді. Ойын – бір қарағанда қарапайым құбылыс немесе әрекет іспетті. Алайда, мазмұндық, рөлдік ойындардың баланың зейінін, қиялын қалыптастырудағы маңызы зор. Ал белгілі бір ережелерге құрылған ақыл-ой ойындары баланың тапқырлығын, байқағыштығын, зейінін арттырумен қатар, ерік-сезімін дамытады.
Ұлттық ойындардың қатарындағы мазмұнды, бейнелік, еліктеу сияқтыларына ақсүйек, алтыбақан, жасырынбақ жатады. Тоғызқұмалақ, дойбы, жұмбақ, мақал-мәтел, асық ойындары ойды дамытады. Спорттық бағыттағы ойындарға: күрес, жаяу көкпар, жаяу бәйге жатады.
Осы ұлттық ойындардың ішінде көпшілігімізге белгілі асық ойынына тоқталмақпын.
Соның бірі – “Тәртікем”. Оның ендігі бір атауы – “Төрт тарап, жеті ықылым, қырық тақта”. Ертеректе ол Шыңғысханның кіндігінен тараған текті тұқым төре ұрпақтарының соғыс ойыны саналған. Кем дегенде 200 мыңға дейін, одан асса 500 мың асықпен ойналған. “Тәртікем” аумағы ат шаптырым, айнадай жарқыраған ақ тақырда өткізілген. Ойынның тартысты өтетіні сондай, кейде бір күнге, тіпті, бірнеше тәулікке созылады екен. Бейсауат жүрген мал ойынның стратегиясын бұзбас үшін алаңды айналдырып қаз-қатар жауынгерлер қойылған. Ойынға ат үстінде де, жаяу жүріп те қатысуға болған.
Ойынға асықтардың әр алуан түрі – қойдың, сайғақтың, құланның, арқардың, жылқының, түйенің асықтары қолданылып, түрлі-түрлі түске боялатын болған. Ал асықтардың түсіне қарай олардың дәрежесі анықталған. Қызыл асықтар төре тұқымының атақ-даңқын танытса, көк түс “Шың-Лашын” әскерін, яғни Қытай мен Оңтүстік Азияны білдіреді. Әсіресе, арқардың асықтары құнды саналып, бұлар қою қоңыр түске боялып, асықатар сақа ретінде қолданылған. Қырық телімге сызбаланған ойын алаңының қақ ортасында “Бақ” деп аталатын қала орналасады. Ойынға қатысатын тараптар осы қалаға иелік ету үшін жан алысып, жан беріскен тартысқа түсетін болған. Алғашқыда айқас алаңның алақандай ғана бұрыштарында өткізілсе, кейін үлкен бөліктеріне дейін жеткен. Бұл арада асықтар әскердің қызметін атқарып, өз ішінде жаушы, жауынгер, қолбасшы, сатқынға бөлінеді. Бұл ойынның астары белгілі бір оқиғаға, жөн-жосыққа негізделгендіктен, соғыс тағдыры алдын ала шешіліп қойылатын болған. Қорыта айтқанда, “Тәртікем” – қалтарыс-бұлтарысы көп, амал-айлаға, ақылға құрылған, күрмеуі күрделі, қызықты ойын. Қазақтың ұлттық ойындары жүгіру, секіру элементтеріне бай болып келеді. Бұл ойындар секіруді, жүгіруді туғызуға мүмкіндік жасайтын қабілетті дамытады. Демек, кезінде ұлттық ойындарды көп ойнап, жүгіріп, далада таза ауада жүру жас ағзаның дұрыс та сергек дамуының көзі болған. Балалар ойын ойнаған кезде көпшілдікке, Отанның болашақ азаматы болуға, халқына адал қызмет етуге тәрбиеленген.
Бақыт СӘРСЕКЕЕВА,
Воскресеновка орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Мамлют ауданы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp
Соңғы жаңалықтар
- 24.11.2024
- 1 қаралым
- 23.11.2024
- 1 қаралым
- 23.11.2024
- 2 қаралым
- 23.11.2024
- 2 қаралым
- 22.11.2024
- 7 қаралым