«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОННЫҢ ӘЛЕГІ медиация арқылы шешілмек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Талапкер жеке кәсіпкерге сату-сатып алу шартын бұзу, 87 400 теңге мөлшеріндегі материалдық шығынның, 950 000 теңге моральдық зиянның орнын толтыру, 157 320 теңге мөлшеріндегі тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талаппен Петропавл қалалық №2 сотына жүгінген. 

Мәселенің мәнісіне келсек, талапкер жеке кәсіпкердің сауда орнынан құны 87 400 теңгеге ұялы телефон сатып алған. Телефонды қолдану барысында ақау табылғандықтан, талапкер қызмет көрсету орталығына жүгінген. Диагностика аппаратта пайдалану ережелерін бұзу іздері жоқ және кепілдендірілген қызмет көрсетілуі тиіс деген қорытынды берген.
Алайда, телефонды сатушы сапасыз тауардың ақысын қайтару туралы ауызша өтінішті қабыл алмады. Сонымен қатар, талапкер сапасыз тауар үшін төленген соманы қайтару туралы жазбаша наразылықпен жүгінген кезде де жауапкер одан бас тартты.
Жауапкердің өкілі істі қарау барысында талапкерге телефон аппаратының құнын төлеп, дауды бітіммен шешуді ұсынғанымен, ол сотта талапты мойындамады. Сонымен бірге, жауапкердің пікірінше, талапкердің тұрақсыздық айыбы мен моральдық зиянды өндіріп алуға қатысты талаптары негізсіз.
“Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” ҚР Заңының 7-бабына сәйкес, тұтынушының тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасына, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар.
ҚР АК 428-бабы 1-тармағы 5-тармақшасына сәйкес, егер сатушы тауардың кемшiлiктерi туралы айтпаған болса, тиiстi сапасы жоқ тауар берiлген сатып алушы өз қалауы бойынша сатушыдан шартты орындаудан бас тартуға және тауар үшiн төленген ақша сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.
Жоғары аталған жағдайларды ескере отырып, сот шартты бұзу және 87 400 теңге мөлшеріндегі соманы өндіріп алу туралы талап негізді деген қорытындыға келді. Сонымен қатар, талаптың моральдық зиянның орнын толтыруға қатысты бөлігін де ішінара қанағаттандырып, сот 20 000 теңге мөлшеріндегі сома жеткілікті деп шешті.
“Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” ҚР Заңының 30-бабы 2, 6-тармақтарына сәйкес, тұтынушы тауардан кемшіліктер тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда сатушы (дайындаушы) оны дереу ауыстыруға, ал сатушының (дайындаушының) тауар сапасын қосымша тексеруі қажет болған кезде тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруға міндетті.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында басқаша белгіленбесе, тұтынушының талаптарын орындау мерзімін өткізіп алғаны үшін осындай бұзушылықтарға жол берген сатушы (дайындаушы) тұтынушыға мерзімі өткізіп алынған әрбір күн үшін тауар құнының бір пайызы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын төлейді.
Сот ҚР АК 8-бабы 4-тармағын, адалдық, парасаттылық өлшемін басшылыққа ала отырып, тұрақсыздық айыбын 20 000 теңге мөлшерінде өндіріп алды.
Жауапкер соттың бұл шешіміне апелляциялық шағым берді. Апелляциялық сатыда аталмыш азаматтық дауды қарау барысында іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды, себебі тараптар енді медиация жүргізу туралы шарт жасасты.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp