Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Халықтық IPO” бағдарламасы барысында “ҚазТрансОйл” АҚ өзінің акцияларын сатуда. Аталмыш ірі кәсіпорынның құнды қағаздары солтүстікқазақстандықтар тарапынан қаншалықты сұранысқа ие деген оймен “Қазпочта” АҚ СҚОФ-ға бет бұрдық.
Ұлттық компаниялардың акцияларын сату бойынша негізгі қызметтерді көрсетіп отырған “Қазпочта” АҚ мамандарының айтуынша, тұрғындардың құнды қағазға қызығушылық танытуы орташа. Күніне жиырма шақты адам мамандардың қызметіне жүгінсе, оның он бес шақтысы құнды қағазды сатып алатын көрінеді.
– Бүгінде “ҚазТрансОйл” АҚ-ның құнды қағаздарын сатып алуда Есіл, Жамбыл, Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың тұрғындары белсенділік танытуда, – дейді “Қазпочта” АҚ СҚОФ-ның бөлім бастығы Күлкен Жарқымбаева.
Жалпы облыс бойынша тұрақты түрде күніне 1-2 миллион теңгеге акция сатып алынады екен. Сатып алушылардың қатарында Қызылжар ауданындағы Петерфельд ауылының тұрғыны Ескендір Тасбай да бар.
– Жергілікті БАҚ-тан “ҚазТрансОйл” АҚ-ның акциясы сатылып жатқанын естіп, арнайы келдім. Әзірге 5 акция ғана сатып алдым. Алдағы уақытта өзге ұлттық компаниялардың құнды қағаздарын алуды жоспарлап отырмын. “Халықтық IPO” бағдарламасының жүзеге асырылуы ел тұрғындары үшін маңызды, – дейді 76 жастағы қария.
“Халықтық IPO” жүз мыңдаған қарапайым қазақстандықтарға ірі кәсіпорын акцияларын иеленуге мүмкіндік береді, сондай-ақ инвестиция салудың және жинақ қорын арттырудың жаңа құралына айналады” деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасынан кейін жүзеге асырылып жатқан бағдарлама барысында аға буын өкілдері ғана емес, жастар да бар. Солардың бірі – Сабыр Жұрымбаев. Облыс орталығындағы орта мектептердің бірінің 11-сынып оқушысы “Халықтық IPO” бағдарламасы жайында естігеннен кейін жаз бойы еңбектеніп, 60 мың теңге жинаған екен. Қолындағы қаржысына құнды қағаз сатып алуды жөн санаған ол болашағымды бүгіннен бастап ойлаймын, дейді.
Құнды қағаздарын сатып жатқан “Қаз-ТрансОйл” АҚ – еліміздегі мұнай тасымалдаушы ең ірі кәсіпорын. Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 58 пайызысын тасымалдайтын кәсіпорынның соңғы үш жылдағы таза табысы 15 миллиард теңгеден 25 миллиард теңгеге дейін өскен. Ендеше ортақ іске араласып, ортақ табыс тапқысы келетіндерге зор мүмкіндік туып тұр деуге болады.
– “ҚазТрансОйл” АҚ-ның құнды қағаздары қарашаның алтысынан желтоқсанның бесіне дейін сатылады. Ал ендігі жылы “KEGOC” АҚ-ның акциялары сатылымға шығады. Осы орайда кеңес алуға келген тұрғындар акцияларын сатылымға шығарған компаниялар жайлы біліп, өз таңдауларын жасауда, – дейді “Қазпочта” АҚ СҚОФ-ның бөлім бастығы Күлкен Жарқымбаева.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.