Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мұражайында “Нұр Отан” жастар қанатының мұрындық болуымен “Сапалы білім – береке негізі” деген тақырыпта дебат өтті. Шараға жас ғылыми қызметкерлер, магистранттар, ұстаздар мен жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Шара барысында сөз алған “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшысы Самат Жәкенов Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап білім саласын дамыту, негізгі адами капиталды өркендету Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік саясатының бұлжымас басымдығы болып табылатындығын айта келіп, жақында өтетін “Жас Отан” жастар қанатының республикалық ІІ съезінде жастар саясатына байланысты жаңа стратегия қабылданатынынан хабардар етті.
Осы стратегияға тың идеяларды қосу мақсатында ұйымдастырылып отырған сайыста көпшілік назарына 3 жоба ұсынылды. Жобалардың тақырыптары әр алуан болғанымен, сапалы білім беруді арттыру жолында әрқайсысы ұтымды идеяларға толы.
Алғашқы болып өздерінің “Көшбасшылық мектеп” жобасымен университеттің студенттер кеңесінің төрағасы Әнуар Шәгіров пен облыстық студенттер альянсының вице көшбасшысы Динара Мақсұтова таныстырып өтті. Олар өз еңбектерінде көшбасшылықтың қырлары – шешім қабылдай білу, өзің бастаған топқа бағыт-бағдар беру сынды қасиеттерді меңгерудің сырларын айтты.
– Жобамыздың негізгі мақсаты жоғары оқу орындарында оқитын белсенді студенттерді анықтап, олардың бойындағы көшбасшылық қабілеттерін одан әрі дамыту, азаматтық белсенді көзқарасты қалыптастыру және жастардың кадр мәселесін шешу болып табылады, – десті олар.
“Жас ғалымдарды мәдени-танымдық туризм арқылы ынталандыру” атты жобамен таныстырған университет студенті Ирина Подвласова бұл жобаның маңыздылығына тоқталса, ал үшінші қатысушы Әсемгүл Жүнісова “Білім саласының өзекті мәселелерін ақпараттық құзыретті қалыптастыру арқылы шешу” тақырыбындағы жобасын ұсынды.
Әсемгүлдің айтуына қарағанда, алдағы уақытта 12 жылдық білім алуға көшкенде бұл жобаның мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне көмегі мол болмақ екен. Ол жылдан- жылға мектептегі ақпараттардың көбеюіне байланысты қолға алынып отыр.
Дебатшылардың жобаларын университеттің ғылыми-зерттеу қызметінің жетекшісі Жангелді Сейтзадин, облыстық жастар ұйымының көшбасшысы Бәдиша Қосмағанбетова, СҚМУ-дің тіркеушілер кеңсесінің бастығы Әлия Қайырбекова қызу талқылап, кемшін тұстарын түзеп қана қоймай, жобаның өміршең болуы үшін тың кеңестер берді.
Дебат барысында жобалар жан-жақты талқыланып, қазылар алқасының оң бағасына ие болған жобаның біреуі Астанаға жіберіледі.