«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕМБРИДЖ ТӘСІЛІН ҮЙРЕНІП, инновациялық оқыту сапалы білім берудің кепілі екендігіне көзім жетті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көкшетау қаласында өткен ІІІ (негізгі) деңгей курсының тыңдаушысы болуым маған жаңалық көздері мен білім берудегі Кембридж тәсілінің теориялық негіздерін үйренуге жол ашты. Келешек ұрпақты бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелеуде бұл алған біліміміз өте қажет. Біліктілікті арттыру курсынан өткеннен кейін менің кәсіби тәжірибем шыңдалу үстінде. 7 модуль бойынша сабақтарды қызғылықты етіп өткізу үшін үнемі ізденістемін. Оқушылардың да сабаққа қызығушылықтары арта түсуде.

Бағдарлама оқушыларға қалай оқу керектігін үйретіп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін өз деңгейінде меңгерген, сандық технологияларда құзырлық танытатын оқушы ретінде қалыптасуын қамтиды. Мектеп психологі Ақжарқын Ілиясова оқушылармен тәжірибенің басында және соңында “өзін-өзі бағалау” тестін алды. Оқушылармен екі кезеңде “Мен қандаймын?” зерттеу әдістемесі жүргізілді. Оның нәтижесінде оқушылардың өзіндік бағалаулары жоғарылап, сенімдері артқанын байқадым. Мұнда басты ескерілетін жағдай оқушыларға білім алуда оқытудың түрі өзгеретіндігін, олардың сабаққа басқа түрде жауап беріп, өзгеше дайындалуы қажет екендігін түсіндіруден бастадым. Бастысы оқуға жағдай жасалды. Бұл жағынан әкімшілік тарапынан қолдау көрсетіліп, сынып жабдықталды. Оқушыларды күнделікті сабақтардың бір-біріне ұқсамай өтетіні, өз жұмыстарын белгілі өлшемдер бойынша бағалауы қызықтырды. Тәжірибе ата-аналар тарапынан да қолдау тапты.

 

Күнделікті жұмыс нәтижесінде, сыныпта ынтымақтастық ахуал қалыптасып, білімге құштарлықтары артты, әр күнгі өткізілетін тренингтер балалардың көңіл күйлеріне оң әсерін берді. Ынтымақтаса жұмыс істей отырып, олар бір нәтижеге жету үшін топпен жұмыс ережелерін сақтаудың маңыздылығын сезінді. Өз-өздерін реттеулері мен көшбасшылыққа ұмтылулары, дарындылары айқындала бастады.

Диалогтық оқыту тәсілі де тиімділігін көрсете бастады. Ол ұжымдық және өзара білім алмасуға жағдай туғызады. Бұл тәсілмен оқыту топпен әңгімелесу, сұхбаттасу, “миға шабуыл” логикалық сұрақ-жауап әдістері арқылы жүзеге асады. Топпен жұмыс жасау арқылы тұйық балалардың да тапсырманы талқылауға еркін араласа бастағанын аңғарып жүрмін. Диалог арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту мақсатында шығармашылық тапсырмалар да орындатамын. Жұппен, топпен әңгімелесу тәсілін қолдану барысында оқушы мен мұғалім арасында кері байланыс орнайды. Оқушыға проблемалық сұрақтар қоя отырып, олардың терең ойлауына, ойын еркін әрі ашық жеткізе алуына мүмкіндік беремін. Осындай жүйелі жұмыстар оқушылардың арасында кішкентай дарындардың шығуына да жол ашады. Алдағы уақытта логикалық ойлау қабілеттері жақсы дамыған, өнерге де жақын оқушыларымды “Нұрлы көжек” ғылыми жобалар сайысына дайындау жоспарымда бар. Солардың бірі – Ділназ Айдарбекова.

Әр сабаққа дайындық барысында курста үйренген әдіс-тәсілдерімді кірістіре отырып, тапсырмаларды түрлендіруге тырысамын. Оқушыларға білім алуға мүмкіндік жасалса, оған жауапкершілікпен қарауға қабілеттіліктерін, жеке тұлға екендіктерін сезінеді.

Білім беру жүйесіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу арқылы оқыту үрдісін жетілдіру, оқушының танымдық қабілетін дамыту, саналы деңгейге көтеру – бүгінгі күнгі күрделі мәселе. Білімді жеке тұлғаға бағыттау арқылы өзін-өзі таныған, ақыл-ойын жан-жақты дамытқан “Мендік” пікірі қалыптасқан оқушы тәрбиелеу мұғалімдер алдына тың міндеттер жүктейді. Жаңашыл іс-әрекетке жетелейді. Сондықтан, Кембридж университетінің әдіс-тәсілдерін меңгеруде “Педагогикалық шеберлік орталығымен” порталға шығып, байланысты үзбеуге тырысамын. Қорыта келгенде айтпағым, инновациялық оқыту – сапалы білім берудің кепілі екеніне көзім жетті.

Данаш РАМАЗАНОВА,

қазақ мектеп-гимназиясының

бастауыш сынып мұғалімі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp