Петропавлдағы гараждардың бірінің жанынан 46 жастағы әйел адамның мүрдесі табылды. Басы жарылған, киімі ашық-шашық әйелдің мүрдесін “Магистраль” гараж кооперативі жанынан өткендер байқаған.
Жедел уәкілдер қылмысқа қатысы болуы мүмкін тұлғалардың мекенжайларын да тексеріске алған. Ақыры, тәртіп сақшылары Островский көшесінде орналасқан үйлердің бірінен түнгі қыдырыстың белгілері мен қанға боялған еденді анықтаған. Үй иесі әйел адам мен оның баласы осы оқиғаға қатысты мән-жайды былай деп түсіндірген: жақында олардың үйіне қонақтар келген. Бірлесіп ішімдік ішу салдарынан осы үйде тұратын жігіттің досы мен оның анасының таныстары арасында жанжал шыққан. Ызаға булыққан 24 жастағы жас жігіт өзіне тоқтау сала алмай, марқұм болған әйелді соққыға жыққан. Оның өліп қалғанын байқап, ер адам қылмысын жасыру мақсатында мүрдені гараж маңына апарып тастаған.
Осы оқиғаның барлық куәгерлері Петропавл қалалық ІІБ-ге жеткізілді. Қылмыстық іс қозғалды. Арнайы сараптамалар белгіленді, күдікті қамауда отыр.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.