«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАННА ТЕМІРБАЕВА “ҮЗДІК ХОРЕОГРАФ” атанып, шәкірттері жүлде олжалады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Амангелді БЕКМҰРАТОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Алуа” би ансамблі Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының жанынан құрылған. Би ансамблі жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа: кіші 6-8 жастағылар, орта 8-10 және ересектер 10-11-лердегі бүлдіршіндер болып бөлінеді. Олардың репертуарында эстрадалық, қазақ және басқа ұлттардың билері бар. Өнерпаз бүлдіршіндерге хореограф Жанна Темірбаева жетекшілік етеді.

 

Жанна Хамитқызы өзі де бір кездері Киров зауытының жанында ұйымдастырылған “Қызылжар” ансамблінің құрамында билегенін күні кешегідей еске алады. Оның осы салада еңбек етіп, жас дарындарды тәрбиелеп жүргеніне жиырма жылдан астам уақыт өткен. Еңбегі еш кеткен жоқ. ІХ республикалық “Ақ көгершін” балалар шығармашылығы фестиваль-конкурсында өзіне “Үздік хореограф” атағы беріліп, тәрбиелеп жүрген кішкентай бишілері аталмыш додада 3-ші жүлделі орынды еншіледі.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен фестивальда Қызылжар өңірінен барған 6-8 жас аралығындағы кіші топтың биші қыздары қазылар алқасын өз өнерлерімен тәнті еткен.

– Біз аталмыш конкурсқа “Кішкентай адам” және “Алатау түстері” деп аталған екі би дайындап апардық. Қыздар кішкентай болса да сахнада өздерін жоғары дәрежеде ұстады. Тал шыбықтай майысқан бишілер өнеріне жиналғандар зор қошемет көрсетті. Фестиваль-конкурста бізден басқа еліміздің 17 қаласынан өнерпаздар жиналған екен. Биші бүлдіршіндерді қазылар алқасы көктемде Астана қаласында өтетін халықаралық конкурсқа қатысуға шақырды. Бұл – мен үшін зор қуаныш. Қазір осы конкурсқа дайындықты бастап та кеттік. Балалар жан-жақты. Олар биден басқа, театрда ашылған актерлік шеберлік сабақтарына да қатысады. Актерлік өнерге оларды театрдың бас режиссері Болат Әбдірахманов үйретеді, – дейді балғын бишілер жетекшісі Жанна Хамитқызы.

Алматыда болған уақытта конкурстық бағдарламадан басқа да шаралар ұйымдастырылған. Ондағы алған әсерлері жайында жас бишілер жарыса баяндады. Айтуларына қарағанда, оларға, әсіресе, “Медеу” мұз айдынында, хайуанаттар паркінде, Қытай циркінде болғандары мен театр спектакліне қатысулары ұнаған.

Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp