«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖӘРМЕҢКЕГЕ ЖҰРТ РИЗА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тұңғыш Президент күніне орай қаламыздың базарларында жәрмеңкелер ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы өнімдері сөрелерге қойылды.

Аманжол НҰРТАЗИН,

журналист.

 

Петропавлдағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі барлық ірі сауда орындарында таңғы сағат сегіз жарымда басталды. Ерте ұйымдастырылғанына қарамастан, сауда жасаушылардың қарасы қалың болды. “Қызылжар” коммуналдық базарында өз өнімдерін Қызылжар, Есіл, Аққайың аудандары ұсынды. Олар ет, сүт өнімдері мен көкөністерді сөреге шығарды.

 

Мереке күні, әсіресе, етке деген сұраныс жоғары болды. Есіл ауданы Березовка ауылынан келген Марфуза Байдәулетова жәрмеңкеге өзі өсірген сиыр етін әкеліпті. Артқы сандарды 910 теңгеге, қалғандарын 850-900 теңгеден сатқан ол тауарының жақсы өткеніне дән риза.

“Жәрмеңкедегі өнімнің бағасы қалта көтерерлік”, дейді тұрғындар. Тауар қала дүкендеріндегіге қарағанда 100-150 теңгеге арзан сатылды.

Бұл күні сүт өнімдері де сөрелерде ұзақ тұрмады. Қызылжар ауданынан келген Владимир Руднев облыс орталығында өтетін жәрмеңкелерге 4-ші жыл қатарынан қатысуда. Бұл жолы 50 мың теңгенің тауарын әкеліпті. 1 сағаттың ішінде 20 мың теңге пайда түсіріп үлгерді.

Ал жәрмеңкеге алты жыл бойы қатысып келе жатқан Антонина Дудкина балдың 4 түрін тұтынушыларға ұсынды. Мерекеге орай ол да денсаулыққа пайдалы өнімді қолжетімді бағаға берді. Жәрмеңкеде балдың 1 килосы 1100 теңгеден сатылды.

Аудандардан әкелінген сәбіз, қырыққабат – 70, картоп 60 теңгеге бағаланды. Бұл жолғы жәрмеңкеге облысымыздың 3 құс фабрикасы 100 жәшік жұмыртқа әкеліпті.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Алтынбек Абдоллаевтың айтуынша, бұл жолғы жәрмеңкеде 4,5 тоннадан астам сиыр еті, 3600 кг. шошқа еті, 1 тонна қой еті, 100 қорап жұмыртқа ұсынылды.

Жалпы, Петропавлда жыл басынан бері ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері 165 рет ұйымдастырылып, 400 миллион теңгенің өнімі саудаланыпты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp