Облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілері қарашаның 29-ы күні ұйқыдан оянысымен-ақ ересектер тарапынан зор ілтипатқа бөленді. Өйткені, олардың әрқайсысының тумбасының үстінде “Қымбатты (баланың аты-жөні), бұл әлемде сенің барыңа рахмет!” деген жеделхат тұрды. Таң сәріден жылы сөз бен мол мейірімге бөленген балаларға арналған мереке күні бойы жалғасты.
“Бөбек” қорының президенті Сара Назарбаеваның бастамасымен барлық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін “Ризашылық” қайырымдылық мерекесін өткізу дәстүрге айналған. Балаларды мерекемен құттықтауға келген Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Шолпан Каринова биыл “Ризашылық” мерекесі елімізде бірінші рет тойланғалы отырған Тұңғыш Президент күнімен тұспа-тұс келгенін айта келіп:
– “Бөбек” қорының президенті Сара Алпысқызының атынан Сіздердің мамандық таңдауларыңызға, күнделікті өмірде ең қажетті білікдағдыларды меңгерулеріңізге септігін тигізетін сыйлығын тапсыруға рұқсат етіңіздер. Бұл сыйлық баршаңызға ортақ. “Олар арқылы Сіздер “Іс тігу”, “Кестелеу”, “Ағаш өңдеу”, “Бау-бақша баптау” шеберліктерін меңгеретін боласыздар. Ал мына кітаптан “Елбасының жеке қолжазбалары, құжаттары мен мектептегі оқу үлгерімі табельдерінің көшірмелерімен таныса аласыздар, – деді.
Мектеп-интернат директоры Ризабек Кәкпенов та балаларды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, ол балалардың мерекелік сәтімен бөлісіп, тәрбиеленушілерге сыйлықтарын ала келген “Аграрлық несие корпорациясы”, “Қызылжар су” ЖШС, Петропавл ауыр машина жасау зауыты, жер қатынастары басқармасы, Ресей жинақ банкі, облыстық әскери прокуратура, өрт сөндіру қызметі ұйымдарының өкілдері мен басқа да демеушілеріне ризашылығын білдіріп, Алғыс хат тапсырды.
Тәрбиеленушілер салтанатты шара барысында би билеп, “Біз Қазақстан балалары” әнін шырқады.
Жиналғандар тәрбиеленушілердің өз қолдарымен жасаған бұйымдарын тамашалап, естелік суретке түсті. Күні бойы жоспарланған “Ризашылық” мерекесінің бағдарламасы одан әрі жалғасты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.