“Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығы Тұңғыш Президент күніне арналған “дөңгелек үстел” ұйымдастырды. Аталмыш шараға Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдері мен орта және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Инеш ШОҚАҚОВА,
журналист.
Елбасының мемлекеттегі мәдени құндылықтарды сақтаудағы рөлі зор, деді “дөңгелек үстелге” қатысушылар. Президенттің жетістіктерінің бірі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылып, жемісті жұмыс атқаруын атап өтуге болады.
Елбасыны дана саясаткер ретінде әлем мойындап отыр. Бұл – әрбір қазақстандық үшін зор мәртебе, – деді ардагер ұстаз Әлімжан Мәжитов.
Ал “Тұңғыш Президент және жастар саясаты” тақырыбында баяндама жасаған М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Динара Мақсұтова:
– Тұңғыш Президент күнінің мемлекеттік мереке ретінде аталып өтуі келер ұрпақ үшін маңызды. Себебі, Елбасының еңбегі мен өмірлік жолы – жастарға өнеге. Елімізде жастар саясатына ерекше көңіл бөлінеді. Осы орайда біз еліміздің көркею жолында аянбай еңбек ететін боламыз, – деді.
Сондай-ақ аталмыш шарада қазақ тілін меңгерудің маңыздылығы мен білім беру саласында инновацияларды қолдану мәселесі сөз болды. Бұған Елбасы өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында баса назар аударып келе жатқаны атап айтылды.