«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫЛЫСҚА БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ МОЛ, бірақ, игерілуі мәз емес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Құрылыс саласына қойылатын талап күшейді. Облыс әкімі Серік Біләлов орын алған кемшіліктерді жойып, тез арада жағдайды оңалтуды міндеттеді. Енді құрылыс компаниялары өз міндеттерін орындамаған жағдайда олармен жасалған келісім-шарт сот арқылы бұзылатын болады.

Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,

журналист.

Сергеевка және Булаево қалалары мен Явленка ауылында бой көтеріп келе жатқан емханалардың жағдайы сын көтермейді. “Диамир” құрылыс компаниясының директоры қажетті материалдардың жетіспеушілігін айтып ақталуда. Есіл ауданындағы медициналық мекеме желтоқсан айының соңына дейін 170 миллион теңгені игеруі қажет. Ал жұмыс болса тоқтап тұр.

Сергеевка қаласындағы жағдай да мәз емес. Нысанға бөлінген 374 миллион теңге игерілмей қалған. Облыс әкімі қаңтардың 1-іне дейін бөлінген қаржыны барынша игеруді тапсырды.

 

Булаево қаласындағы емханаға бөлінген қаржыны толықтай игеру үшін жұмыс қарқынын күшейту керек. Құрылыс нысанындағы бүгінгі қызметкерлердің санымен 288 миллион теңгені жыл соңына дейін игеру мүмкін болмай тұр.

Бұл сала бойынша Петропавл қаласында да проблема жетерлік. Құрылыс компаниялардың жетекшілері түрлі сылтау айтып әлек.

Облыс әкімінің орынбасары Александр Чжен олармен жасалған келісімшарттарды бұзу қажет деген ұсыныс айтты. Оның ойынша, сонда мәселенің барлығы шешіледі.

Серік Біләлов атқарылған жұмыстарға заңды түрде толықтай сараптама жүргізуді тапсырды.

Облыс орталығындағы салынып жатқан тұрғын үйлерді “Основание”, “Лира”, “Петростройлюкс” серіктестіктері тұрғызуда. Олардың барлығында да шешілмей жатқан мәселелер жетерлік.

Өңір басшысы қала әкіміне жауапты тұлғаларды бекітіп, күн сайын мониторинг жүргізуді жүктеді. Атқарылған жұмыстар арнайы жиналыста қаралып, кестені бұзғандар айыппұл төлейтін болады.

Жиын барысында энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметіне де сын айтылды. Олар жылу қазандықтарын монтаждауды уақтылы жүзеге асырмай отыр. Мәселен, бескөлдіктер Ресей Федерациясының Бийск қаласындағы фирмалармен құралжабдықтарды жеткізуге келісімшарт жасасқан. Ал олар болса үлгермей жатыр.

Серік Біләлов энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Хасип Сюникаев пен “Мик” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісіне мәселенің аққарасын шешу үшін Ресей Федерациясына аттануды тапсырды. “Проблеманы шешу үшін олар қосалқы мердігер жіберулері тиіс”, – деді өңір басшысы.

Басқосуда ауылдық жерлердегі тұрғын үйлердің сапасы мен уақтылы тапсырылуына сараптама жасалды. Жұмыстар көңіл көншітпейді. Өңір басшысы бөлінген қаражат жүз пайыз игерілуі тиіс деген талап қойды. Олай болмаған жағдайда жасалған келісімшарт сот арқылы бұзылатын болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp